• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Туризм 20 Қыркүйек, 2024

«Көлсай – халқымыздың баға жетпес қазынасы»

215 рет
көрсетілді

«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – табиғаттың байлығы мен сұлулығын сақтай отырып, еліміздің экологиялық ахуа­лына маңызды үлес қосып келе жатқан ерекше аймақ, флорасы мен фаунасы, су айдын­дары мен табиғи эко­жүйесі – баға жетпес байлық. Соңғы жылдары қарағайлы тау қойнауына ерекше көрік беріп, мөлдіреп тұрған Көлсай көлдерін тамашалауға келген туристер саны да еселене түскен. Туристік аймақтың тыныс-тіршілігін білмекке «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Елнұр АХМЕТОВТІ әңгімеге тартқан едік.

– «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесі – табиғи ке­шен­дерді қорғау және қалпына кел­тіру, экологиялық-ағартушылық, ғылыми, туристік және рекреациялық мақсаттарда пайдалануға арналған, ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жатады. Жалпы ауданы – 161 045 гектар. Орманмен қамтылғаны 38156 гектарды құрайды.

Ұлттық парктің негізгі жұмыс бағыттары мен міндеттеріне келер болсақ, біріншіден, мемлекеттік табиғи-қорық қорын қорғау, екіншіден, ғылыми-зерттеулер мен бақылау, табиғат жылнамасын жүргізу, үшін­шіден, табиғат құбылыстары және табиғат кешендерінің жағдайына мониторинг жасау. Сондай-ақ экологиялық ағарту жұмыстары мен экологиялық экскурсиялық және танымдық туризмді дамыту міндеттелген. Парк аумағы 4 орманшылыққа бөлінген. Штат кестесіне сәйкес 126 адам жұмыс ат­қарады. Оның сыртында штаттан тыс жұмыскерлеріміз бар.

– Тау бөктеріндегі орманды жерлерді өрт қаупінен сақтау оңай емес. Ерекше қорғалатын аймақта заңсыздыққа жол беріп, табиғатқа қауіп төндіргендерді жауапқа тарту, жазалау барысы қалай?

– Орманның негізгі жауы – орман өрті болғандықтан, парк жанынан орман өртін сөндіру стансасы құрылып, қазіргі уақытта қажетті өрт сөндіру техникаларымен, құрал-жабдықтармен жабдықталып, өртке қарсы жұмыстар жоспарға сай атқа­рылып жатыр. Паркке демалушылар көптеп келуіне байланысты, өртке қарсы ескертпе парақшаларын таратып, парк аумағына от жаққызбай, инс­пекторлар үнемі рейдтер жүргізеді. Осылайша, парк қызметкерлерінің орман қорғау заңдылықтарын бақылауы нәтижесінде, жыл басынан бері 29 заңсыздық анықталып, 1 264 510 теңге айыппұл салынды, 137 896,2 теңге ор­манға келтірілген залал толық өндірілді.

Сонымен қатар құстарға ұялар іліп, зиянкестерден қорғау жұмыстарын жүргіземіз. Биылғы көктемде 13,7 гектар аумаққа 54 800 дана орман екпе­лерін отырғыздық және толықтыру жұмыстарына сәйкес 10,18 гектар аумақ жерге 40720 дана, барлығы 95520 дана шренк шыршасының көшеттері отырғызылды.

Паркте уақытша орман тұқымбағы ұйымдастырылып, стратификациядан өткен шренк шыршасы тұқымы себілді. 2020-2024 жылдары отырғызылған орман екпелерінде жалпы аумағы 67,3 гектар жер күтіліп, бапталады.

– Теңіз деңгейінен 1800-3500 метр биіктікте орналасқан ұлттық парк аумағы сирек кездесетін және жоғалып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктер әлеміне бай. Табиғи ортаның жабайы күйін, адамдардың қолы тимеген жекелеген бөліктерін сақтауда қандай шаралар атқарылып жатыр?

– Ұлттық парктің жері табиғи, ауа райы таулық ландшафт тобына жатады. Парк аумағы Алматы облысының бұрынғы Райымбек (қазіргі Кеген) ауданының батыс бөлігін және Талғар ауданының шығыс бөлігін қамтиды. Ұлттық парк аумағындағы елді мекендер Кеген ауданында ғана орналасқан. Олар: Саты, Күрметі, Қарабұлақ, Жала­ңаш, А.Нүсіпбеков және Алғабас ауылдары.

«Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі – небір табиғат ғажайыптарын сақтап қалған ерекше экожүйе. Бұл аймақ өсімдіктер мен жануарлар әлемінің байлығымен ерекшеленеді. Паркте өсімдіктердің 549 түрі кездеседі, олар Күнгей Алатауы флорасының 76 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш ұлттық табиғи парктің өсімдік әле­міне бай екендігін білдіреді. Флора құрамында кең таралған өсімдіктерден бастап, сирек кездесетін эндемиктер мен реликттер де бар.

Өсімдік әлемі үнемі зерттеліп, жаңа түрлері анықталып жатады. Атап айтсақ, былтырғы жылы Шелек өзені маңында Қазақстанның Қызыл кітабына енген, бұрын белгісіз батпақ жылантамыры табылды. Паркте Қызыл кітапқа енген өсімдіктер саны 19-ға жетті. Олардың қатарында жатаған шырша, жылтыр жанаргүл, Тянь-Шань жанаргүлі, Семенов айдаршөбі, Фальконер бауыршөбі және басқа да сирек кездесетін өсімдіктер бар.

«Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі жануарлар әлеміне де бай. Мұнда шамамен 226 жануар түрі тіркелген, бұл еліміздегі барлық жануарлар түрінің 21 пайызын құрайды. Сүтқоректілердің 51 түрі мекендейді, олардың 7 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Сирек кездесетін және жойылу қаупі бар жануарлар қатарында Тянь-Шань қоңыр аюы, Түркістан сілеусіні, қар ілбісі, Тянь-Шань арқары және Орта Азиялық құндыз бар.

Сүтқоректілерді бақылау үшін 2014 жылдан бастап фототұзақтар қолданылады. Бұл заманауи құрыл­ғылар сирек аңдардың нақты санын анықтап қана қоймай, олардың өмір салтын қашықтықтан бақылауға мүм­кіндік береді. Сол жылы алғаш рет фототұзаққа қар барысы түсіп, олардың парк аумағында таралуы және саны туралы құнды деректер алынып, қазіргі таңда барыстың 22 дарағы тіркелгені анықталып отыр.

Сол сияқты парк аумағында құс­тардың 156 түрі тіркелген, олар­дың қатары жыл сайын артып келеді. Құстардың 14 түрі Қызыл кітап­қа енген, олардың қатарында сақал­тай қо­зықұмай, қара дегелек, бақалтақ қы­ран, сұңқылдақ аққу және жылан­жегіш қыран бар.

«Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі тек еліміздің ғана емес, бүкіл әлемдік қорғауға жататын ерекше құстардың мекені. Парк аума­ғында әлемдік қорғауға жататын Жұрт­шы (Neopcron percnopterus) және Шәу­кілдек (Crex crex) сияқты құстар тіркелген. Сирек кездесетін құстардың сақталуы мен мекен етуі табиғаттың осы аймақтағы эко­жүйесінің ерекше бай әрі қолайлы екенін көрсетеді. Мұндай түрлердің паркте кездесуі, оның ха­лықаралық маңызын арттырып, био­логиялық әртүрлілікті қорғауға бағыт­талған маңызды жұмыстардың бір бөлігіне айналды. Сондай-ақ табиғи аймақта қосмекенділердің 4 түрі және бауырымен жорғалаушылардың 5 түрі тіркелген.

Ұлттық парктің су ресурстары да ерекше маңызды. Мұнда өзендер мен шағын көлдер көп. Ең ұзын өзен – Шелек, ол Алматы облысының маңызды су көзі. Осы су айдындарында балықтың 5 түрі мекендейді, олардың ішінде жалаңаш көкбас, құбылмалы форель, тибеттік жалаңаш ақбалық кездеседі. Бұл балықтар табиғаттың таза су айдындарында ғана өмір сүре алатын ерекше тұқымдар.

Ұлттық парк аумағында табиғатты қорғау саласында мемлекеттік инспекторлар жұмыс істейді. Әр мемлекеттік инспектордың өзіне бекітіліп берілген айналымы бар. Сол айналымды қа­райды және заң бұзушылық болмауын қадағалайды. Мекеменің мемле­кеттік инспекторлары мініс атпен, маусымдық киім-кешекпен, байланыс, қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілген.

Экологиялық және танымдық туризмді дамыту мақсатында ұлттық парк аумағында туристер мен демалу­шыларға арналған 7 туристік маршрут қызмет көрсетеді. Солардың ішінде «Саты ауылы – Қайынды көлі», «Төменгі Көлсай көлі – Сарыбұлақ асуы» туристік маршруттары дема­лушылардың көп сұранысына ие. Мекемеде 4 бақылау өткізу тоспасы жұмыс істейді. Олар – Талды, Саты, Көлсай, Қайыңды тоспалары.

«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2007 жылдан бері «Парктер шеруі» акциясы аясында туған жер тарихы мен мәдениетін насихаттауға, табиғатқа деген сүйіс­пеншілікті арттыруға бағытталған іс-шараларды дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Биыл 18-рет өткен акция аясында 15 акция, 4 байқау ұйымдастырды және оған барлығы 1349 адам қатысты.

– Көлсай көлдерін тамашалауға келетін туристер саны жылдан жылға артпаса, кеміген емес. Шетел­­дер­ден де келушілердің қарасы қалың. Ал адамға ең алдымен сер­вис­тік қызметтің сапалы болуы аса маңызды. Осы орайда сервисті дамытуда серпін бар ма?

– «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 2023 жылы келген демалушылар саны – 244733 адам. Ал биылғы жылғы қыркүйек айының 9-ына дейін келген демалушылар саны 306455 адамға жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш тағы да өсе түседі. Қазіргі таңда ұлттық паркпен 14 туристік фирма келісімшартқа отырған.

Жалпы ұлттық парк аумағында сервис сапасын жақсарту мақсатында төменгі Көлсай көлінен 1 жер учаскесі ұзақ мерзімді пайдалануға, 3 жер учаскесі қысқа мерзімге пайдалануға берілген. 1 мейрамхана, 10 қонақүйі, сауда дүңгіршектері, қазақ ауылы қыз­мет көрсетеді. Төменгі Көлсай көлінде актив, билайн мобильді және интернет желісі қосылған.

Көлсай, Қайыңды демалыс аума­ғында 2 автотұрақ орналасқан. Туристік маусым кезінде, демалыс күндері парк аумағына келуші са­нының көп болуына байланысты, автотұрақтарға көліктер сыймай қалады. Осыған байланысты автотұрақ орнын кеңейту жұмыстары қолға алынып жатыр. Қазіргі кезде автотұрақ салатын аумақ анықталып, алдағы жылы жаңа автотұрақ салу жоспарланып отыр.

2025 жылға Көлсай бақылау өткізу тоспасын толық автоматтандыру жұмысын жүргізу жоспарға енгізілді. Туристерге көрсетілетін қызмет сапасы да жақсарып келеді. Өткен жылы арнайы есепшоттан 4 890 000 қаржы бөлініп, Көлсай көлінің сол жақ жағалауынан 350 метр жаяу жүргінші соқпағы жасалды. Төменгі Көлсай мен Ортаңғы Көлсай аралығындағы маршрут «жаяу» және «атты» болып екіге бөлінді. Алматы облысы туризм басқармасынан 120 млн теңге қаражат бөлініп, Төменгі Көлсай көлінің оң жақ жағалауына 700 метр ағаш баспалдақтар салынды. Биылғы жылы аталған басқармадан 184 млн теңге қаражат бөлініп, жаяу жүргіншілерге арналған Қайыңды көліне 420 метр, Көлсай көліне 1,5 шақырымдық жол жасау жоспарланып отыр. Қазіргі кезде Қайыңды көлінде жаяу жүргіншілер жолы жасалып жатыр. Парк аумағында 28 дана аншлаг және 192 жол белгілері орнатылды.

– Жұмысты жетілдіруге, жан­дандыруға қатысты қандай қор­даланған мәселелерді атар едіңіз?

– Қордаланған мәселелерге келер болсақ, ұлттық парк аумағында штат тапшылығы бар. Парк аумағында 111 айналым бар, сол айналымды 71 мемлекеттік инспектор қарайды. Бұл өте аз. Өйткені әр айналымға жауапты жеке инспектор болуы қажет.

Қайыңды көліне апаратын жолдың нашарлығы, электр желісінің болмауы, интернет байланысының жоқтығы осы бағытта туризмді заманауи та­лаптарға сәйкес инфрақұрылымды дамытуға қолбайлау болып тұр. Жо­балық сметалық құжаттары дайын­далғанына байланысты болашақта осы аталған іс-шаралар орындалады деген сенімдеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ұлбосын ИСАБЕК,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы