• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Қыркүйек, 2024

Кітап оқып жарысты

119 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданында дәстүрге айналып келе жатқан керемет сайыс бар. Оқушылар арасында өтетін бұл байқау «Мен оқыған 30 кітап» деп аталады.

Мемлекет басшы­сы Ұлт­тық құ­рылтайда сөй­­­ле­­ген сөзінде: «Шын мәнін­де, озық ойлы ұлт болу­дың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәде­ние­тін қоғамда барынша орнық­тыруымыз керек», деген болатын. Биыл екінші мәрте өтіп жат­қан қазталовтық кітап­құ­марлар сайысына қарап, Президенттің тапсырмасы шалғайдағы ауданда шын мәнінде жүзеге асып жат­қанын көрдік.

Биыл байқау ереже­сі­н­де өзгеріс бар екен. Оқу­шы­лардың жас ерекшелігі, оқу деңгейі ескеріліп, 5–7 және 8–11 сынып оқушыларына арнал­ған кітаптар тізімі бекі­тіл­ген. Жүлде қоры да молайып, 2 млн теңге болған. Байқау тест және әңгімелесу сынды екі кезеңнен тұрды. Оқушылар жаз бойы оқы­ған кітаптарын еске түсіріп, ­рухани сынға түсті.

«Мен оқыған 30 кітап» байқауы ауданымыз­да екін­­­ші мәрте өтіп жатыр. Бұл – білімге қанат қаққан оқушыны жігерлендіріп, зиялы ұлт қалыптастыруға септігін тигізетін дәстүрлі жоба. Руханиятымызды кемел­­дендіріп, ұрпағы­мыз­дың зейінін ашып, талабын шың­­дауға, ауыл бала­ларының кітапқа құмар­лығын арт­тыруға қолдау көр­­сеткені үшін ұстаздарға, кітап­­хана­­шыларға, ата-ана­лар­ға риза­шы­лығымды біл­­діре­мін»,  дейді аудан әкі­мі­­нің орынбасары Серік Қайырлиев.

Байқау қорытындысына сәйкес қазылар шешімімен кітапқұмарлардың кіші тобында Қараөзен мектеп-лицейінің оқушысы Рамина Тілемісова бас жүлдеге ие болса, ІІ орынды қараөзен­­дік Айша Рахимова жеңіп алды. ІІІ орынды қараөзен­дік Сәнім Тұрарбек пен қараобалық Әзиза Ережеп бөлісті.

Ал 8–11 сынып оқушы­лары арасындағы дода­да Терең­көл мектеп-бөбек­жайы­­ның оқушысы Нұр­айым Рахметке ешкім тең кел­­меді. Қазталов мек­теп-ли­цейі­нің оқушысы Бах­­тияр Тольяти – ІІ орын, Қараөзен мектеп-лицейі­нің оқушысы Аяулым Тілеп­бер­ген мен Бостандық орта мек­те­бінің оқушысы Айман Маркс ІІІ орынға табан тіреді.

Байқау жеңімпаздары қаржылай сыйлыққа ие болды. Атап айтсақ, І орын үшін – 300 мың, ІІ орын үшін – 200 мың, ІІІ орын үшін – 100 мың теңге бұйырды. Ал қалған қатысушылар 30 мың теңгелік ынталандыру сыйлығын қанағат тұтты.

«Мен оқыған 30 кітап» байқауы каникул кезінде оқушыға берілген тапсырма десе де болады. Бір байқағаным, қазталовтық оқушылар ересектердің ескертуінсіз-ақ кітап оқуға құштар екен. Оқушылардың, ұл-қыздарымыздың интел­лек­туалдық дәреже деңгейін көтеретін мұндай бастаманы облыс, тіпті Қазақстан бо­йынша насихаттау қажет», дейді Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, жазушы-журналист, «Орал өңірі» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редак­торы, Қазақстан Жазушы­лар одағының Батыс Қазақ­стан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин.

 

Батыс Қазақстан облысы