АСТАНА. 15 маусым. Мемлекет басшысы Астанадағы Назарбаев Университетінің алғашқы түлектеріне диплом тапсыру рәсіміне қатысты. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Салтанатты шарада Елбасы бірнеше үздік түлекке дипломдарын табыс етті. Сондай-ақ, Президент отандық компанияларға осы оқу орнының түлектерін жұмысқа қабылдауға шақырды.
«Қазір енді болашақтарың өз қолдарыңда. Кейбірің шетелдік университеттерге барасыңдар, басқа біреуің осында қаласыңдар, қалғандарың халықаралық компанияларға жұмысқа орналасып жатырсыңдар. Бірақ менің айтайын дегенім, ең алдымен Отанға қызмет етіңдер. Қазақстанның компаниялары қазір сіздердің араларыңнан білікті мамандарды алып, еліміздің игілігіне жұмыс істетуі керек. Қазақстанның өркендеуіне қызмет ету керексіңдер. Отанның бергенін он есе қайтаруларың керек. Солай емес пе?», – деді Мемлекет басшысы.
Назарбаев Университеті 2010 жылы Елбасының бастамасымен құрылды. Аталған оқу ордасы отандық білім берудің үздік үлгісі болып табылады. Биыл университетті 446 студент бітірді.
Еламан Қоңыр.
Дерек: «ҚазАқпарат».
Сурет: liter.kz.