“Альянс Банк” барлық қазақстандық классикалық музыка сүйер қауымға Астана күні қарсаңында Алматыда және Астанада асқан шеберлікпен скрипкада орындаушылар Арман Мырзағалиевтің және Анастасия Хитруктің өнерлерін сыйға тартып отыр.
Арман Мырзағалиевтің есімі отандық музыка сүйер жұртшылыққа кеңінен танымал. Қазір ол Бостон қаласында тұрады. Музыкант жоғары деңгейдегі түрлі шараларда Қазақстанның мәдениетін лайықты көрсетіп жүр.
Ал скрипкашы Анастасия Хитрук болса әлемнің таңдаулы концерттік сахналарында өнерімен көрермендерді тәнті етуде.
Скрипкашылардың мерекелік концерттері “Солистер академиясы” мемлекеттік камералық оркестрінің сүйемелдеуімен Астанада 24 маусымда сағат 19.00-де Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығында және Алматыда 3 шілдеде сағат 19.00-де Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Үлкен концерт залында өтеді.
Бағдарламада – nuevo tango мәнерін құрушы ХХ ғасырдың көрнекті композиторы Астор Пьяцолланың және итальяндық скрипка музыкасы классиктерінің бірі Антонио Вивальдидің шығармалары бар.