Берекелі күздің берері мол. «Namys group» серіктестігінің астықты алқаптарындағы гектар берекесі 35 центнерден айналып жатыр. Ал арпаның әр гектарынан 60 центнерден өнім жинады. Мұны облыстағы биылғы рекордтық көрсеткіш қатарына жатқызамыз.
Ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне қарағанда, 2,4 млн гектар алқаптың дәнді дақылдары бастырылып алынған. Қазір күзгі дала жұмыстары өрмек жүзінен ауып кетті. Өңірдегі гектар берекесі 13 центнерден айналып жатыр. 3,1 млн тонна астық жиналды.
Кейінгі бірнеше жыл бойы ауа райының қолайсыздығынан диқандар қанша тер төккенімен, толымды табысқа қол жеткізе алмай, жігерлері құм болып жүр еді. Биыл көктен иіп, жерден берді.
«Көктемде 11 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын септік, – дейді «Namys group» серіктестігінің директоры Ерден Елеуов. – Оның 5 мың гектары дәнді дақылдар болса, майлы дақылдар мен бұршақ 4 мың гектар алқапқа егілді. Бидай бітік шықты. Күзгі ораққа алымдылығы жоғары 12 комбайн қатыстырылып жатыр».
Масақтары кере қарыс ақық дән тұнған алқап лүп еткен самал желмен теңіздей тулайды. Арамшөптен ада.
«Мұндай бітік өскен егін көптен бері ырыздық болып үйіріле қоймап еді, – дейді механизатор Беслан Мусиев. – Өнім жоғары болған соң, механизаторлардың да көңілі көтеріңкі. Тәулігіне 150 тонна астық бастырамыз. Бес жылдан бері комбайншы болып жұмыс істеп келемін. Биылғы ең үлкен табыс арпа алқаптарынан бұйырды. Гектар берекесі 60 центнерден айналды. Мемлекеттің қолдауының арқасында жанар-жағармайдан тапшылық жоқ».
Қазір осы аудандағы «Диқан плюс» серіктестігінде 200-ден аса адам қауырт жұмысқа кіріскен. Көктемде 23 мың гектар алқапқа егін егіліпті. Оның 12 мың гектары – бидай. Қалғаны – майлы дақылдар. Ырысы мол жылы гектар берекесі 30 центнерден айналуда.
«Барлық жұмыс механикаландырылған. Бұрынғыдай емес, қазір егістік алқаптардың жай-күйін, өңдеуден қашан және қалай өткенін, алдыңғы жылдардағы гектар берекесін көріп, талдай аламыз, – дейді серіктестік директоры Денис Швайбович. – Әрбір комбайнның бастырған астығының сапасы мен есебі жүргізіледі. Көрсеткіштерді есептейтін автоматтандырылған жүйе қырмандарға да қойылған».
Диқандармен дидарласқан облыс әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін қолдауға шамамен 130 млрд теңге қаражат бөлінген. Субсидия мөлшері – 46,5 млрд теңге. Мәселелерді жедел шешу үшін облыстық әкімдікте күзгі дала жұмыстарын үйлестіру жөнінде жедел штаб құрылған.
«Басты міндет – күзгі дала жұмыстарын үйлесімді ұйымдастырып, жерде өнгенді жерде қалдырмау, – дейді облыс әкімі Марат Ахметжанов. – Қырманға жеткізілген қызыл дән – ел ырысы».
Мемлекеттік қолдаудың арқасында көсегесі көгеріп келе жатқан дала ерлерінің жалғыз-ақ алаңдайтын тұсы – ауа райы. Енді бір-екі апта ашық болса, ырыздықтың мол болары даусыз.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы