• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Медицина 23 Қыркүйек, 2024

Елімізде мүгедектікті белгілеу үшін тәуелсіз сарапшылар тартыла бастады

92 рет
көрсетілді

Қазақстанда медициналық ұйымдар медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберетін азаматтарды сырттай проактивті форматта куәландыруға тәуелсіз сарапшыларды тарту бойынша қанатқақты жоба басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл сәуір айында азаматтарды куәландыру процесіне тәуелсіз сарапшыларды енгізу тетігін сынақтан өткізу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері бірлескен бұйрық қабылдады. Ол үміткерлердің тестілеуден өту және талап етілетін құжаттар топтамасын ұсыну тәртібін реттейді.

Сарапшылыққа үміткерлерге қойылатын негізгі талаптардың бірі жоғары медициналық білімі, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу мәселелері бойынша соңғы 5 жылда оқудан өткенін растайтын құжаты болуы тиіс. Осылайша, тәуелсіз сарапшыларды іріктеу біліктілік деңгейі мен жұмыс өтілі ескеріле отырып, конкурстық негізде жүзеге асырылатын болады.

МӘС-ке тәуелсіз сарапшыларды тарту бойынша жаңа жобаны іске қосу шеңберінде конкурсқа 50-ге жуық адам қатысты. Іріктеудің барлық кезеңдерінен 18 сарапшы дәрігер өтіп, жұмысқа кірісті.

Медициналық құжаттар мемлекеттік органдар мен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінен алынған деректер негізінде сарапшыға автоматты түрде түседі. Істерді бөлу эксаумақты тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл Алматыда тұратын сарапшыға Алматыдан басқа еліміздің өзге өңірлерінен құжаттар келіп түсетінін білдіреді.

Тәуелсіз сарапшылар институтын енгізудің мақсаты азаматтардың сарапшылармен және тиісінше сыбайлас жемқорлық құрамдас бөліктерімен тікелей байланысын болдырмауға бағытталған.

Медициналық-әлеуметтік сараптама рәсімдерін жүргізгеннен кейін, мүгедектік тобы анықталған кезде, тиісті әлеуметтік төлемдер мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді одан әрі тағайындау өтініш берушінің қатысуынсыз проактивті түрде жүргізіледі. Естеріңізге сала кетейік, МӘС өткізудің сырттай форматы бойынша қанатқақты жоба 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның барлық аумағында сынақтан сәтті өтіп жатыр. Бүгінгі күні сырттай проактивті форматта куәландыру 30 нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі. Жыл басынан бастап республиканың барлық өңірінде 60,4 мыңнан астам өтінім қаралған.

ҚР Әлеуметтік кодексінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде тәуелсіз сарапшылар институтын толық көлемде енгізу көзделген.

Соңғы жаңалықтар