• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 24 Қыркүйек, 2024

Футзал: Қарсыласымыз – Португалия

80 рет
көрсетілді

Футзалдан Өзбекстанда жалауы жел­біреген әлем чемпионатында ұлттық құрама плей-офф кезеңіндегі алғашқы ойынында Португалия ойыншыларына қарсы алаңға шығады. 26 қыркүйекте Әндіжан қаласын дүбірге бөлейтін тартысқа Рикардо Кака шәкірттері тас түйін дайын отыр.

D тобында топтық кезең матчтарын өткізген жігіттер алдымен екі дүркін әлем чемпионы Испания құрамасымен тең түсті (1:1). Одан кейін Ливия құрамасын 4:1 есебімен ұтты. Топтағы соңғы сайысты Жаңа Зеландия ойыншыларына қарсы өткізген жігіттер мачт бойы еркін қимылдап, 10:0 есебімен айқын басымдылықпен жеңді. Осы матчта Арнольд Кнауб еншісіне 5 гол жазып, әлем чемпионатының тарихында спортшыларымыздың арасынан алғаш болып пента-трик орындаған сұрмерген атанды. Әлемдік додада 2016 жылдан бері пента-трик тіркелмеген еді. Арнольд осы статистиканың көбесін сөгіп, сеңге қозғау салды. Айтпақшы, ұлттық құрама дәл мұндай ірі есеппен соңғы рет 2016 жылы Соломон аралдары құрамасын (есеп 10:0) ұтқан-ды.

Португалия құрамасымен біздің ойыншылар бұған дейін әлем чемпионатының тартысында екі рет кездесті. 2000 жылы өткен әлем чемпионатының топтық ке­зеңінде біздің құрама португалдықтарға 2:6 есебімен жол берді. Екінші рет 2021 жылы өткен әлем чемпионатының жартылай финалында тоқайласты. Негізгі уақытта 1:1 есебі тіркеліп, экстра таймда Дугластың голынан кейін 2:1 есебімен алға шыққан жігіттер матчтың түгесілуіне екі минут уақыт қалғанда қорғанысты босаңсытып, португалдықтар таразы басын теңестіріп кетті. Одан кейін пенальти сериясында да олар 4:3 есебімен үстем түсті.

Есе қайтаратын сәт келді. Әлем чемпио­натының тартысында екі рет басым түскен Португалия құрамасын біздің жігіттер 2015 жылы Еуропа чемпионатына іріктеу додасында 3:1 есебімен жеңген. Ендеше, әлем чемпионы екен деп, атағынан қаймығу еш қисынсыз. Егер Рикардо Кака шәкірттері Португалия құрамасын жеңсе, онда ши­рек финалда Аргентина – Хорватия тар­тысының жеңімпазымен шеберлік сынасады.

2021 жылы Литвада өткен әлем чемпионатында Португалия құрамасы финалда Аргентина ойыншыларын 2:1 есебімен ұтқан еді. Біздің жігіттер қола жүлде үшін тартыста Бразилия құрамасынан 4:2 есе­бімен ұтылып, 4-орынды місе тұтты. «Әлем чемпионатына қатысушы барлық құрама да тегеурінді. Десе де олардың атағын, абыройын салмақтап, қаймығу бізге жат. Елге ғаламдық аламанның бір жүлдесін тарту етуге барымызды саламыз», деді бас бапкер Рикардо Кака.

 

Үстел теннисі: Азия аламаны Астанада өтеді

Астанада 6-13 қазан аралығында үстел теннисінен ХХVІІ Азия чемпио­наты өтеді. Құрлықтың таңдаулы шебер­лері бақ сынайтын додаға 26 мем­лекеттен 210 спортшы қатыспақ. Бахрейн, Гонконг, Үндістан, Иордания, Иран, Йемен, Қатар, Қытай, Тайпей, КХДР, Қырғызстан, Малайзия, Мальдив, Моңғолия, Непал, Оман, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Сингапур, Таиланд, Өз­бекс­тан, Филиппин, Шри-Ланка, Оң­түстік Корея, Жапония және Қазақ­стан теннисшілері тартысқа түседі.

Елорда төрінде құрлық аламанына қатысатын саңлақтардың арасында командалық сынды Олимпиада чемпио­ны атанған, әлем чемпионатында төрт мәрте топ жарған қытайлық Ван Чуцинь, Олимпиада чемпионы Сунь Инша келмек. Сонымен қатар командалық тартыс­та жазғы Олимпиаданың күміс медалін олжалаған Мива Харимото, Миу Хирано, Томоказу Харимото қатысады.

Азия чемпионатында біз Рио – 2016, Токио – 2020, биылғы Париж Олим­падасының қатысушысы Кирилл Гераси­менко, Токио Олимпиадасында (2020) сынға түскен Анастасия Лаврова, жастар арасында әлем чемпионы атанған Алан Құрманғалиев, халықаралық турнирлерде олжа салған Сарвиназ Мырқадырова, Зәуреш Ақашева сынды үздіктерге сенім артамыз.