Айналасын алабота басқан, азынаған желдің өтіндегі қалаға кезінде «Ақмола төңірегі қолайсыз, балшық пен батпаққа орман өспейді» деп сәуегейлік жасағандар қателескенін дәлелдеуге аса көп уақыт қажет болған жоқ. Бүгінде Астана айналасындағы жасыл белдеудің аумағы 100 мың гектарға жетті. «Орманы бардың қорғаны бар» дейді халқымыз. Шаһар ауасының тазалығын қамтып, ыстықта сая, суықта пана болып тұрған орман – бүгінде бас қаланың қорғаны. Енді тек қаланың сырты ғана емес, іші де жасыл желекке айналып келеді.
Орман белдеуі қалыптасқаннан кейін Ақмоланың баяғы дүлей дауылы, ала құйын бораны бәсеңдеп, беті қайтты, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызды. Бұл – Арқаға көшкен Астананың толайым жетістіктерінің бірі. Астана әкімдігінің дерегінше, биыл бас қалада бір миллионға жуық жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер) отырғызылады. Қазірдің өзінде оның біраз бөлігі егілген. Өткен сенбіде елордада Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) және «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экоакциясы аясында жалпықалалық ауқымды сенбілік өтті.
Барлық ауданда саябақтар, скверлер мен аулалар тазартылып, қайың, емен, шырша, қарағай, сирень сияқты қылқан жапырақты және жапырақты екі мыңнан астам ағаш отырғызылды.
Экологиялық акцияға қала тұрғындары, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, шағын және орта бизнес субъектілері (базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, кафелер, мейрамханалар және басқалар), еріктілер, мәслихат депутаттары мен үкіметтік емес ұйымдар, мәдениет және спорт қайраткерлері қатысты. Акция шеңберінде қаладағы, арықтарды, кәріз желілерін санитарлық тазарту, көшелерді, тротуарларды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау, сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау және сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жұмыстары жүргізілді.
Байқоңыр ауданына қарасты жерлерге аталған әкімдіктің қызметкерлері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, «Қазақ газеттері» ЖШС-не қарасты мекеме қызметкерлері көшет отырғызып, бас қаланы абаттандыруға өз үлесін қосты. Кравцов пен Пушкин көшелерінің қиылысындағы гүлзарды тазалап, 100-ге жуық қайың және үйеңкі көшеттерін отырғызды.
«Зиялы қауым өкілдері ретінде біз қаланың тек қана тұратын жер емес екенін түсінеміз. Бұл – біздің мәдени орталығымыз, мақтанышымыз және болашақ ұрпаққа қалдыратын мұрамыз. Оның тазалығына деген көзқарас – белгілі бір мағынада өзіңе деген көзқарас. Егер айналасы лас болып, тәртіпсіздік орнаса, мәдениетті және білімді адам атануы мүмкін емес», деді Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Мәди Айымбетов.
«Жалпыхалықтық сенбілікке қаланың 62 мыңнан астам тұрғыны, 5 мыңнан астам кәсіпорындар мен ұйым қатысты. Полигонға 170 тонна қоқыс шығарылды, аялдама павильондары, бағдаршам нысандары, жерасты және жерүсті өткелдері жуылып, 730 жүк көлік және тиеу техникасы тартылды. Экоакция кезінде 4 рұқсат етілмеген полигон жойылды. Қордаланып қалған күл-қоқысты шығару үшін 90-ға жуық ауыр жүк рейсі жасалды. Осылайша, қала тұрғындары Астананың тазалығы мен тәртібіне белсенді үлес қосты. Алда бұл жалпықалалық сенбіліктер тұрақты негізде өткізіледі», дейді ұйымдастырушылар.
Кәсіпкерлік нысандарының 5 мыңнан астам өкілі де экологиялық акцияға қатысып, шағын және орта бизнес субъектілері, кәсіпорындар, сауда орталықтары, №1 Индустриялық парк, салондар, кафелер, дүкендер, басқа да жеке компаниялар мен ұйымдар өз нысандарына іргелес аумақтарды тазалады.
«Алдағы уақытта да осындай іс-шараларды жиі өткізіп, оған тұрақты қатысамыз. Біз өз қаламызды өте жақсы көреміз, оның таза әрі әдемі болғанын қалаймыз», дейді елордалық кәсіпкер, «Cominvest Group» зауытының директоры Дәурен Такеев. Ол сондай-ақ кәсіпкерлерді көршілес аумақтарға да көңіл бөлуге шақырды.
Айтулы іс-шарадан қаламыздағы өнерпаздар да тыс қалған жоқ. Ерлан Малаев, Бақыт Қажыбаев, Әділ Ахметов, Самал Еслямова, Асылхан Төлепов бастаған танымал актерлер, отандық эстрада жұлдыздары мен мәдениет қайраткерлері Керей мен Жәнібек хандар ескерткішінің маңын абаттандыруға атсалысты.
«Түрлі қалалардан, елдерден келген қонақтар қаламыздың тазалығына әрқашан тәнті болады. Сондықтан біз, өнер адамдары қаланың тазалығына үлес қосуға мұндай сенбіліктерге, тазалық акцияларына тұрақты түрде қатысамыз», деді актер Ерлан Малаев.
Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Нұра ауданының әкімдігі бірлесіп, «Хан Шатыр» ойын-сауық және сауда-саттық орталығы маңына емен, қайың, қарағай сынды 100-ге тарта көшет отырғызды. Оған шорт-тректен қысқы Олимпиаданың қатысушысы, ел тарихындағы әлем кубогінің тұңғыш жеңімпазы Абзал Әжіғалиев, шорт-тректен қысқы Универсиаданың күміс жүлдегері Малика Ермек, футболшы, Қазақстан медиа футбол федерациясының тұңғыш президенті Дидар Сыдықбек сынды спортшылар, сондай-ақ күні кеше елорда төрінде өткен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты.
«V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында құсбегіліктен ел тарихында тұңғыш алтынды иелендім. 2018 жылы Қырғызстан еліндегі додада қола жүлдегер атанған едім. Еліміздегі этноспорт сайысы жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен ерекшеленді. Жалпықалалық сенбілікке қатысу – бала кезден бергі дағдым. Осындай іс-шаралар арқылы біз бойға жақсы әдеттер қалыптастырып, өзгелерге үлгі боламыз», деді V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының чемпионы Ертуған Серікбек.
Еуроодақ өкілдігі Қазақстандағы Эстония елшілігімен бірлесіп, Қарасу өзенінің жағасын тазартуға өз үлесін қосты. Еуропа, Америка, Азия және Африка елшіліктерінің дипломаттары мен қызметкерлері, сондай-ақ «Тұрақты даму» Жер қоры Халықаралық ұйымдары мен жастар қоғамдық бірлестігінің өкілдері бар, жиыны 300-ге жуық адам ауқымды іс-шараға белсене қатысты. Олар негізінен көптеген пластикалық бөтелкелерді жинап, қайта өңдеуге жіберді. Сонымен бірге экологиялық флешмоб ұйымдастырды.
«#EUBeachCleanup науқаны тек кір, қоқысты тазарту ғана емес, ол әрқайсымыздың жер-жаһан үшін жауапкершілікті өз мойнымызға алу деген сөз. Жоқ дегенде жүрген жерімізде қоқыс қалдырмай, тазалық талаптарын сақтау, жақындарымызға, барша тұрғынға осындай жеке әрекеттердің маңыздылығы туралы ұғындыру, қоршаған ортаның қалыпты дамуын қамтамасыз ету – баршамыздың күнделікті міндетіміз болуы шарт. Осы мақсатқа біріккенде ғана еліміз бен бүкіл әлем үшін неғұрлым саламатты және экологиялық таза қоғам құра аламыз», деді ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Алешка Симкич ханым.
Сондай-ақ іс-шара аясында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі, Астанадағы кеңсесімен телекөпір ұйымдастырылды. Тікелей эфирде «Let's do it World» және «World» Cleanup Day жаһандық желісінің президенті және басшысы Хейди Солб ханымның қатысуымен осындай акцияны және экоқозғалысты дамытудың маңыздылығы талқыланды.
«Елордада «Taza Astana» жаңа әлеуметтік жобасы іске асырылды. Жоба құқықтық тәртіп, абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау, көппәтерлі тұрғын үйлердің, үй жанындағы, орамішілік, аула тазалығы мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жасауға бағытталған. Елордамызды көгалдандыруды және абаттандыруды әрі қарай да жалғастырамыз. Биыл қалада жасыл аймақ қатары көбейді. Біз аулалар мен қоғамдық кеңістіктерге ғана емес, сол сияқты спорттық және мәдени нысандардың, оқу орындарының аумағына да ағаш отырғызамыз. Қаламызды абаттандыруға үлес қосқан тұрғындардың бәріне алғыс білдіремін», деді бұқаралық іс-шараны қорытындылаған Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.