Биыл Жошы ұлысының құрылғанына – 800 жыл. Осыған орай Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы «Талас –Ұлытау – Сарайшық» республикалық тарихи-этнографиялық экспедициясын ұйымдастырған еді. Елден аттанған ғылым керуені арнайы дайындалған маршрутпен киелі жерлерді аралап жүр.
Экспедиция құрамында еліміздегі тарихшы-ғалымдардан бөлек бауырлас Түркия елінен келген археолог Чобан Акайал, этнолог, М.Аммосов атындағы Солтүстік-Шығыс федералды университетінің магистранты, Алтын Орда тарихын зерттеуші, тарихшы, Ресейден келген Саина Михайлова секілді алыс-жақын шетелден келген тарихшылар бар. Бұл дегеніміз, мәдени көштің кең ауқымын көрсетеді.
«Бұл – екінші экспедициямыз. Біріншісі аймақтық деңгейде болды. Енді экспедиция географиясы аумағын кеңейтіп, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Атырау облыстарының тарихи орындарын, Жошы ұлысы мен Алтын Орда кезеңіне жататын ескерткіштерді аралаймыз. Жошы ұлысының ескерткіштерін ерекше зерттеп жүрген ғалымдармен және жергілікті жұртшылықпен кездесеміз», дейді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов.
Экспедиция бағытына «Тектұрмас» этно-тарихи кешені, ежелгі Тараз қалашығы, Қарахан кесенесі, Жәнібек пен Керей хандар ескерткіші, Айша бибі, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Керуен сарайы, Сығанақ қалашығы, «Қорқыт ата» мемориалдық кешені, «Сарайшық» туристік орталығы (Хан пантеоны), Сарайшық қалашығы, «Абат-Байтақ» кесенесі, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені, Домбауыл және Алаша хан кесенелері кіреді.
«Экспедиция барысында Жошы ұлысының тарихымен байланысты археологиялық, архитектуралық, мемориалдық нысандардың қазіргі жағдайына бақылау жүргізіледі, туристік бағытты арттыру бойынша ұсыныстар әзірленеді, фото, бейне, аудио форматта танымдық ақпараттық өнімдер дайындалады. Ғалымдар, тарихшылар мен мамандардың сұхбаты негізінде деректі фильм түсіріліп, халыққа ұсынылады. Мұнымен қоса, деректі фильм де әзірленеді», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағанбетов.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті тарих факультетінің аға оқытушысы, PhD, тарихшы Нұртас Смағұлов: «Жошы ұлысының құрылуы және оның Еуразия тарихындағы маңызы зор. Жошы ұлысының құрылуы – қазақ мемлекеттілігінің бастауы. Сондықтан ұлыстың 800 жылдығы еліміздің тарихы үшін саяси идеологиялық мән-мазмұны терең. Оны ұлықтау – бүгінгі ғылыми-саяси зиялы ортаның өткен алдындағы борышы», дейді.
«Жошы ұлысының тарихын айғақтайтын ескерткіштерді зерттеу, дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған экспедицияның өзектілігі айрықша. Қазақ даласында Жошы ұлысының мәдениетін айғақтайтын тарихи нысандар баршылық. Осы сапарымызда аталған ескерткіштердің бірқатарын аралап, олардың қазіргі жай-күйі және болашақта туристік нысан ретінде дамытудың келелі мәселелері талқыланатын болады», дейді Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Төлеуов.
Осындай орасан мақсаттағы экспедиция аман-есен аяқталған соң, Астанада әлемдік тарихта Жошы ұлысының киелі орындары мен тарихи нысандарын сақтау, зерттеу, насихаттау мәселелері бойынша «Талас – Ұлытау – Сарайшық» атты тақырыптық мұражай көрмелері мен дөңгелек үстел өтеді.
Бүгінгі күні Тараз, Түркістанның киелі орындарын аралап өткен көш Сыр өңіріндегі тарихи кешендермен танысып жүр. Тарихымызды терең зерделеп жүрген экспедиция қазанның бірі күні елге келеді.
Қарағанды облысы