Өңір диқандарының алдында 5,4 млн гектар алқаптың дәнді дақылын ысырапсыз жинап алу міндеті тұр. Соңғы аптада күн жадырап, аспан қабағын баққан диқандардың да көңілі көтеріліп қалды. Егін орағы басталғалы әрбір ашық сәтті қалт жібермеуге тырысқан дарқан даланың даңғайыр диқандары мүмкіндігінше нәтижелі жұмыс істеп, көп шаруаны еңсеріп тастады.
2,3 млн тонна астық қамбаға құйылды. Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжановтың айтуына қарағанда, гектар берекесі 13 центнердің төңірегінде.
Биыл көктем мен жазда ылғал мол түсті. Ерте көктемде күн қабағы бір ашылмай, көктемгі егіс науқаны да кешеуілдеп аяқталды. Сол себепті, егіннің пісуі де баяу. «Қазгидромет» мекемесінің болжамына қарағанда, қыркүйек айында ылғалдың орташа көрсеткіші 80 пайыз болған. Нөсер жауын қол байлап, алға ұмтылған қадамды кері кетіріп, берекесін алған соң амалсыз кідірген диқандар күн ашыла салысымен білек біріктіріп, іске кіріскен. Өңір қазір тәулігіне 200 мың гектар алқаптың егінін орып жатыр.
Жұмыстың өнімді болуы қуатты техникаға байланысты. Бұл орайда 8,9 мың астық комбайны алқапқа шығарылған. Олардың 4,8 мыңы – заманауи жоғары өнімді техника. 4,8 мың жүк көлігі алқаптан қырманға, қырманнан элеваторларға дән тасымалдайды. Осы жылы өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы 28,5 млрд теңге болатын 246 трактор, 115 комбайн сатып алды.
– Оған қосымша жеңілдетілген несие арқылы 80 трактор, 140 комбайн, 25 әртүрлі құрылғы алынды, – дейді басқарма басшысы, – қазір алқаптан жеткізілген дәнді 66 астық қабылдау кәсіпорны қабылдап, кептіріп жатыр. Өңірдегі астық қабылдау орындарына 2,8 млн тонна дән сыяды. Барлық мүмкіндікті екшей сараптағанда, 7,2 млн тонна астық сақтауға мүмкіндік бар. Бұл аймақтағы бар ырыздықты толық қабылдай аламыз деген сөз.
Басқарма басшысының айтуынша, астық қабылдау орындарына 558 мың тонна жаңа астық өнімдері жеткізілген. Оның 60 пайызы үшінші кластың талаптарына сай. Ылғал мол болғандықтан кей алқаптар сапасы сәл төмендеу өнім беріп жатыр. Арпаның көрсеткіші жақсы. Орташа есеп бойынша 98,1 пайызы – екінші класты.
Жауын-шашынды жылы алқаптағы астық қабылдау орындарына ылғалды жеткізілуде. Сондықтан қазір қабылдау орындары тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Кейбір элеваторлардың алдында ұзын сонар кезек те пайда болды. Мұндай келеңсіз көрініс Ақкөл ауданының элеваторында байқалған. Себебін сараптасаңыз, аудан элеваторына көршілес аудандардың бірқатар шаруашылығы да астық тапсырады екен. Тағы бір айта кететін дүние, астық қабылдау орындарының демалыс күндері жұмыс істемеуі. Қазір бұл мәселе де оң шешімін тапты. Кенеш Әлімжановтың айтуына қарағанда, элеваторларға қатысты ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкпе-назы өңірдегі 66 элеватордың екеуіне ғана байланысты айтылған. Туындаған мәселелер жедел шешілді. Бұл орайда облыста күзгі дала жұмыстарын үйлестіретін жедел штабтың құрылуы септігін тигізіп отыр.
– Қазіргі маңызды мәселенің бірі – астықтың бағасы, – дейді басқарма басшысы, – дән бағасы өссе, шаруалардың да еңсесі көтеріліп қалар еді.
Ел ырыздығын ысырапсыз жинап алу жұмысы далада да, астық қабылдау орындарында да қауырт күйге енген. Өңірдегі 265 дән кептіретін құрылғы сағатына 9,6 мың тонна астық кептіре алады. Бұл жұмысқа 22,8 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай, 1,8 мың тонна газ бөлінген.
Шешуші шақта ұйымшылдықпен іске кіріскен диқандар ел ырыздығын молайтып, жерде өскен дәнді жерде қалдырмаймыз деп еңбек майданында жүр.
Ақмола облысы