Қытайдың Ханчжоу қаласында WKF каратэден ересектер арасындағы XX Азия чемпионаты аяқталды. Биыл құрлықтағы 30 елден таңдаулы 300-ден астам татами шебері күш сынасты. ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәлімдеуінше, бұл қатарда ел намысын кумите бағдарламасында 19 отандасымыз қорғады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстан спортшылары чемпионат нәтижесінде 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль иеленді. Финалда Жоламан Биғабыл (-55 кг) Омар Шакраны (Иордания), ал Нұрқанат Әжіқанов (-75 кг) болса Кувончбек Мухаммадиевті (Өзбекстан) ұтып, өз салмағында жеңімпаз атанды. Нұрқанат жартылай финалда әлем чемпионы Бахман Аскари Гончехті айқын басымдықпен ұтты (7-1).
Ақтық сынға шыққан тағы бір отандасымыз Әсел Қанай (-61 кг) күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар кумитеден ерлер командасы 2-орын алды. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева (+68 кг) қола медаль иегері атанды. Жарыс нәтижесі бойынша ерлер командасы әлем кубогына жолдама алды.
Қазақстан жалпы есепте Жапония мен Вьетнамнан кейін 3-орынға тұрақтады.