Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова Павлодар облысына жұмыс сапары барысында бизнес өкілдерімен кездесіп, ішкі сауда субъектілері отандық тауарларды қолжетімді орындарға орналастыруға міндетті екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Вице-министрдің айтуынша, бұл барлығына бірдей қойылатын талап. Талапты орындамағандарға әкімшілік жаза қолданылады.
«Мемлекеттік қолдауға ие болған бизнес өкілдері 30 пайызға тағы 20-ны қосуға міндетті. Яғни сөрелердің 50 пайызында Қазақстанда өндірілген азық-түлік тауарлары және 20 пайызында азық-түлікке жатпайтын тауарлар болуы тиіс. Бұл отандық өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді», деді Айжан Бижанова.
Оның айтуынша, биыл ішкі сауда субъектілері үшін несиелерді арзандатуға, соның ішінде сауда нысандарын салу мен жаңғыртуға 4 млрд теңге бөлінген. Оның орнына ішкі сауда субъектілері отандық өнім шығаруды ынталандыруы керек.
Сондай-ақ ол экспорт пен импорт арасындағы сауда теңгерімінің жақсарғанын атап өтті. Оның ішінде шикізаттық емес экспорттың өсуі мен импорттың төмендеуі бар. 2024 жылы экспортталатын өнім желісі және жаңа әріптес елдердің саны кеңейген. Электрондық сауда да белсенді дамып жатыр.
Сауда министрлігі нарықтардың заманауи инфрақұрылымын қалыптастыра отырып, ішкі сауданы жаңғырту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. 2025 жылға қарай Қазақстанның барлық базарлары жаңғыртылуы тиіс.