Егіс алқабындағы еңбек майданының алғы шебінде «АгромашХолдинг KZ» зауытынан шыққан комбайндар жүр. Зауыт биыл ауыл шаруашылығы техникаларына қажет 250 мың қосалқы бөлшек, мыңға жуық «Lovol» тракторын, 300 «Essil», «Deutz-Fahr» комбайндарын жасап шығарды.
«Техника сатып алуға арналған 6 пайыздық жеңілдетілген несие бағдарламасы аясында мемлекет қазынасынан 100 млрд теңге қаржы бөлінген соң, біздің өнімдерге деген сұраныс та күрт өсті. Тамыз басталғалы демалыссыз жұмыс істеп жатырмыз. Аталған бағдарламаның нәтижесінде техниканың кем дегенде 6 пайызы жаңарады», дейді «Агромаш» зауытының президенті Динара Шүкіжанова.
Кәсіпорын былтыр 1 200-ден аса отандық трактор, комбайн шығарған. Әсіресе «Lovol» тракторына деген сұраныс жоғары болды.
Мәселен, 2023 жылы зауыт 939 бірлік «Lovol» тракторын құрастырса, соның бәрі конвейерден шыға сала сатылып кеткен. «Агромаш» өткен жылдан бастап «Lovol» комбайндарының өндірісін де қолға алған. Оның оншақтысы сол жылғы жиын-терім науқанына қатысып, қуатты әрі төзімді техника екенін дәлелдеп үлгерді.
Бүгінде еліміздің әр өңірінде «Агромаштың» 9 филиалы жұмыс істеп тұр. 2023 жылы желтоқсанда Көкшетауда зауыттың техникалық қызмет көрсету орталығы ашылды. Кәсіпорын бұл орталықтың құрылысына 250 мың теңге жұмсаған.
«Агромаш» алдағы жылды «Қызмет көрсету жылы» деп белгілеп қойған. 2024 жылы кәсіпорын «Lovol», «Essil», «Deutz-Fahr» комбайндарының анағұрлым жоғары қуатқа ие үлгілерін шығара бастады. Биылғы маусымда комбайн, трактор өндірісінің ауқымын 35 пайызға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Таяуда «Aгромаш» локализациялық орталығы «СТ Эсэмбли» зауытымен серіктестік аясында «Claas» тракторлары мен комбайндарының бірқатар қосалқы бөлшегін шығаруды қолға алды.
«Локализациялық орталық екіжақты өнеркәсіптік кооперация аясында «Claas» тракторларына арналған алдыңғы салмақ түсіргіштер, «Cerio» және «Vario» орақтарына арналған тіркеме арбалар, өзге де қосалқы бөлшектер шығарады. Өткен жылдың өзінде зауыт қабырғасында 250 мыңнан астам компонент дайындалды», дейді кәсіпорынның операциялық тиімділік жөніндегі директоры Бахтияр Балғожин.
Локализациялық орталықтың аумағы 36 мың шаршы метрден асады. Мұндағы әмбебап цехтарда заманауи құрылғылардың тұтқасын ұстаған 700 адам жұмыс істейді.
Қостанай облысы