Бүгін елордада Astana Media Week-2024 апталығы басталды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған дәстүрлі іс-шара биыл да шымылдығын түрді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Отандық медиаиндустрияны дамыту және іскерлік қатынастарды күшейту бағытындағы апталықтың ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов министр Аида Балаеваның атынан қатысушыларды құттықтады.
Вице-министр Astana Media Week елімізде ғана емес, жалпы медиа кеңістікте маңызы зор іс-шара екендігін, дәстүрлі іс-шараның өткізілуімен отандық медиаиндустрия жаңа қарқын алып жатқандығын атап өтті.
Astana Media Week-тің бірінші күні «Қазақстан әлемдік ақпараттық алаңда» панельдік сессиясымен ашылды. Тақырыпқа орай алғашқы болып пікір білдірген вице-министр Қанат Ысқақов Қазақстан әлемдік ақпарат саласында өз орнын айқындауы керектігін айтты.
«Осы бағытта елімізде ақпараттық доктрина әзірленді. Оның ең басты қағидаты - ақпараттық егемендігімізді сақтау, БАҚ саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, шетелдік немесе сыртқы тәуекелдерге төтеп беру. Сонымен қатар Онлайн платформа және масс-медиа туралы заң жобасы қабылданды. Ең бірінші мақсатымыз - отандық контентті арттыру және оның сапасын көтеру», деді вице-министр.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов еліміздегі цифрландырудың артықшылығы мен кемшілігіне тоқталды.
«Қазақстан цифрландыру бойынша алдыңғы орында келе жатыр. Әсіресе пандемия кезінде елімізде онлайн жұмыстар көбейді. Kaspi bank-тің онлайн қызметі де халықтың өмірін айтарлықтай жеңілдетті. Алайда, цифрландыру дамыған сайын алаяқтар да көбейіп келеді. Батыс елдері неге цифрландыруға түбегейлі көшкісі келмейді? Себебі өздері туралы ақпараттың алаяқтардың қолына түскенін қаламайды», деді спикер.
Панелдік сессия барысында Тәжікстан Республикасының «Джахоннамо» мемлекеттік ақпараттық телеарнасының директоры Садридин Шамсуддинзода Тәжікстандағы телеарналардың жұмысы туралы баяндады.
Jibek Joly/Silk Way телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуған телеарнаның басты ұстанымы - қандай ақпарат таратса да әлемге өзінің көзқарасын білдіру екенін айтты.
«Біз әлемге өзіміз туралы айтамыз және кез келген саяси оқиғаға көзқарасымызды білдіреміз. Шетелдік арналар бізді қарайды және біз жариялаған сарапшылардың пікірлерін сұрап алып бөліседі. Алға қойып отырған мақсатымыздың бірі - Орталық Азияның дауысына айналу. Орта Азия елдерінің экологиялық, гендер, бала құқығы секілді ортақ мәселелерін көтеретін боламыз», деді телеарна директоры.
М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджанов тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, Қазақстанның әлемдік деңгейде ақпарат тарата алатын журналистерді дайындай алмауының себебін атады.
«Көңілді де, қаржыны да жеткілікті деңгейде бөліп, әлемге мықты ақпарат тарата алатын журналистреді қалыптастыруымыз керек», деді Ерболат Мұхамеджанов.
Қазақстандағы Euronews өкілі Әсел Қожақова да өз презентациясын ұсынды.
Astana Media Week-2024 апталығының бірінші күнінде одан әрі «Медианың РеНовациясы (жаңару): заң, қауіпсіздік және трансформация»», «Медиа трендтер: классикалық платформадан цифрлық медиа-экожүйеге дейін», «Интерактив: Күйзеліс: журналистер үшін психологиялық тәжірибе жиынтығы», «Толассыз ақпарат аймақтық БАҚ жұмысын қалай өзгертіп жатыр? Медиаэтика және журналист мәртебесі», Визионерлік лекция «Superconnected:ЖИ, цифрлық медиа және техно-әлеуметтік өмірдің болашағы» тақырыптарында панельдік сессиялар өтеді.
Отандық және шетелдік жетекші медиаменеджерлер, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, ақпараттық платформалардың басшылары және тәуелсіз сарапшылар тәжірибе алмасып, түрлі талқылаулар өткізеді.
Сондай-ақ апталықтың бірінші күні Selfie Travel халықаралық туроператорының Камбоджаға туристік сапары ұтыс ойыны жеңімпазын жариялаумен аяқталады.
Естеріңізге сала кетейік, медиаапталық 25-27 қыркүйек аралығында Қазмедиа орталығында өтеді.