Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана шежіресі мол сыр шертеді. Алғаш 2 мыңнан аса кітап қоры бар кітапхананың бүгінгі қазынасы 400 мыңнан асады. Жақында ғана тоқсан жылдық торқалы тойын тағылымды етіп өткерген мәдени шаңырақ жүзжылдық жылнамаға бет алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайтынын» баса айтқан еді. Сол себепті, құнды дүниелер халыққа қолжетімді болуына кітап қоры бірыңғай сандық форматқа көшіріліп жатыр. Кітапхана қорында XVII ғасырдың соңынан бастап жарыққа шыққан екі мыңнан астам сирек кітап бар. Олар арнайы қорда сақталған. Жылына мұнда 23 мыңнан астам оқырман тіркелетін көрінеді. Оқырмандарының дені – жастар.
Торқалы той басы «Қарағанды 09: еркін диалог аймағы» халықаралық OpenTalk брифингімен басталды. Қазіргі заманғы кітапханалық қызметтің теориялық және практикалық бағыттарын талқылау, шетелден, еліміздің басқа өңірінен келген кітапхана басшыларымен бірге кітапхана жұмысының креативті әдістемелері және табысты тәжірибелерімен алмасу, музей мен архивтер арасындағы ынтымақтастық секілді тақырыптар жан-жақты талқыланды.
Алғаш сөз алған Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов ұжымды мерейтойымен құттықтады.
– Бұл рухани орда облысымыздың бас кітапханасына айналды. Жылдан-жылға кітапхана өз қызметін кеңейтіп, әлеуметтік-мәдени, ақпараттық және білім беру орталығы ретінде дамып келеді. Бұл мереке тек біздің өңірдің мәдениеті ғана емес, республика үшін де маңызды және айтулы дата екені сөзсіз, – деді ол.
Салтанатты рәсім кезінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын жеткізді.
«Кітапханашылардың еңбегі ерен! Облыстық кітапханашы құрамының ізденісі мен бастамасы, қажымас еңбегі – зор құрметке лайық. Кітапхана ұжымына толағай табыс, шығармашылық жетістік, баянды бастама тілейміз. Облыстың мәдени, тарихи мұрасын сақтау және дамыту жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!» – делінген құттықтау хатта.
Алмаз Мырзахмет облыс кітапханаларын дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Қарашоваға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыстады.
Ұлттық кітапхана директоры, Қазақстан Кітапханалар одағының төрағасы Бақытжамал Оспанова ұжым басшысы кітапхана директоры Айнұр Шаймұханбетованы «Қазақстанның үздік кітапханашысы» төсбелгісімен марапаттады. «Amanat» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков те арнайы келіп, ізгі тілегін білдірді.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хатын облыстық филиал төрағасы Жанат Жаңқашұлы табыстады. Онда: «Қарағандының қарашаңырағы атанған кітапхана – Арқа баспасының абыройы, парасат тұнған ордасы. Қала мен дала тарихының әр сәті кітапқа таңбаланып, тасқа басылып, қағазға көшіп, кітапханалар қызметі арқылы ғасырдан-ғасырға мирас болып сақталып келеді. Арқа өңірі сөз өнері шеберлерінің таңдаулы туындыларын «Сарыарқа кітапханасы» атты көптомдық сериясы аясында жарыққа шығаруды ұсынып, оған қолдау көрсеткен еңбектеріңіз үшін Алғыс білдіремін», делінген.
Ел-елден, жер-жерден келген кітап ісі сарапшыларының баяндамаларында қазіргі заманғы кітапхана қызметі, олардың үздіксіз даму үстінде екені және кітапхана оқырмандары арасында жастар қатары көбейгені жөнінде айтылды.
Мұнымен қоса, іс-шара шеңберінде «Кітапхана – жаңа қоғамдық кеңістік» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Кітапхананың 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Жастарды кітапханаға тарту» атты жобалар байқауының және «HackTheBookshelf» хакатонының жеңімпаздары марапатталды. Кітапханашылар пікірталас алаңдарына, шеберлік сағаттарына, дөңгелек үстелге қатысып, тәжірибе алмасты.
Келесі күні «Жаңа дәуір әдебиеті: дәстүр және жалғастық» атты дөңгелек үстел басында оқырманды қазіргі әдебиеттегі қандай тенденциялар мен кітаптар қызықтыратыны туралы ұсыныс айтылды.
Жиынға қатысқан ақын-жазушылар цифрлық оқу дәуірінде «жазушы – оқырман» диалогі қалай дамитыны жайында өз ойларын ортаға салды. Одан бөлек, кітапхана қорында шетел әдебиетінен аударылған дүниелердің аздығы да сөз болды. Аудармашылардың мәселесі де осында пысықталды.
– Кітапхана ішінен құрылған «Жыр жауһар» клубына да 20 жылға жуықтады. Жастардың бұл клубы Қарағанды руханиятына, шығармашылыққа зор ықпал етті. Қазір сол шығармашылық ортадан шыққан жастар үлкен қызмет орындарында отыр. Жалпы, Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың есімін беру қажет. Қарағандыдағы кейіннен ашылған «Қасым үйінен» кітапхананың филиалын ашу керек, – деген ұсынысын білдірді Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы.
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Тарих. Руханият. Қолжазбалар мұрасы» атты питч-сессия өтті. Мұнда Сүлеймания қолжазбалар кітапханасының директоры Хусейн Кутан мырза XII–XV ғасырлардағы қолжазбалар сақталған Сүлеймания қолжазбалар кітапханасының қызметімен, Түркияда қолжазбалық мұраны зерттеу және сақтау жұмысымен бөлісті.
Одан кейін мәртебелі меймандар кітапхананы аралады. Оларға сирек кездесетін кітап қорын көрсетілді. Шетелдік әріптестермен шығармашылық байланысты нығайту мақсатында екіжақты меморандумға қол қойылды.
– Қарағанды – танымал қала. Осы жиынның алдында Теміртау қаласындағы музейге барып қайттық. Тұнып тұрған тарих. Ал Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапханасы – Халықаралық дәрежедегі кітапхана. Кітапханаға кірсеңіз, жаныңыз жай табады екен. Аурасы керемет. Әрі қоры да мол. Меморандум аясында тәжірибе алмасып, бар білгенімізбен бөлісеміз. Достығымыз одан әрі нығая берсін, – деп таңданыс білдірді Ресей жасөспірімдер мемлекеттік кітапханасының директоры Ирина Михнова.
Қарағанды облысы