• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Қыркүйек, 2024

Егін орағы аяқталуға жақын

60 рет
көрсетілді

Өңірде егін орағы аяқталуға жақын. Ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке қарағанда, түсім жаман емес. Облыс бойынша барлық егіс алқабының көлемі 615,5 мың гектар болса, оның тең жарымы – дәнді дақылдар егістігі.

Ауыл шаруашылығы бас­қармасы егін шаруашылығы, астық және тұқым инспекция­сы бөлімінің басшысы Кеңес Қайдашевтың айтуынша, егіс құрылымын әртараптандыру мақсатына сәйкес биыл дәнді бұршақты дақылдар егісі 2023 жылғыдан 2,5 есе ұлғайып, 22 мың гектар алқапқа жасымық, құмай, ноқат егілген. Одан бөлек, өңірдегі майлы дақыл­дар егістігінің көлемі 102 мың гектар болыпты. Бұл был­тыр­ғыдан 109 пайызға көп. Ша­руалар арасында мал азығы дақылдарын егіп, өсірушілер де көбейген. Қазір 196,7 мың гектар осындай алқап бар. Картоп, көкөніс-бақша дақыл­дары да жергілікті ша­руа­лардың дәстүрлі кәсібі.

«Бүгінде 294,9 мың гектар дәнді дақыл орылды. Яғни барлық дәнді дақыл егісті­гінің 98%-ы орылып, орташа өнімділік гектарына 10 центнерден айналды. 288 мың тонна астық жиналды», дейді Кеңес Баянұлы.

Майлы дақылдың да 21 мың гектары орылып, орташа есеп­пен гектарына 8,7 центнер өнім алынған. 18,4 мың тонна дән қамбаға түсті. Бұдан бөлек, 7 мың тонна картоп, 14 мың тонна көкөніс, 18,2 мың тонна бақша өнімі жиналған. Егін ору жұмысы жалғасып жатыр.

Басқармадан шаруалар жұ­мысын жеңілдететін игілік­тер жөнінде де сұрадық. Білгеніміз, аймаққа «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға шаруаларға 5%-бен 2,4 млрд теңге бөлініп, толық игерілген. «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы егіс және егін ору жұмысын 5%-бен қаржыландыру үшін 12 млрд теңге тағы бөлінген. Дәл осы бағдарлама аясында шаруалар қазірдің өзінде 2,4 млрд теңге алған.

Облыста арнайы лицензиясы бар 8 астық қабылдау кә­сіпорыны бар. Олар Бәйте­рек, Бөрлі, Теректі, Тасқала, Шың­­­ғыр­лау аудандары мен Орал қаласының аумағында орна­ласқан. Кәсіпорындар 586 мың тонна өнімді қабыл­дап, сақтай алады. Кеңес Баян­ұлының айтуынша, элеваторлар өнім қабылдауға толық дайын.

Жыл сайын егін орағы кезін­де жанармай қат болып, баға­сы аспандап кететін. Бірақ мемлекет мұндай жағымсыз құбылыстың алдын алуға ерте қам жасаған екен. Биылғы көк­темгі дала жұмыстарына 8,5 мың тонна дизель отыны бөлінген. Облыстағы ауыл шаруа­­шылығы құрылымдары 5,8 мың тонна дизель отынының 1 литрін 238 теңгеден сатып алған.

«Күзгі дала жұмыстарына тағы 8,3 мың тонна дизель отыны бөлінді. Жеткізуші оператор – «NEFTEK Operating» ЖШС. Қазір Орал қаласындағы мұнай базаларынан, жанар-жағармай құю стансаларынан 1 литр дизель отыны литріне 250 теңгеден беріліп жатыр», дейді Кеңес Қайдашев.

Облыста 97 мың гектар ал­қапқа күздік дәнді дақыл себу жоспарланған. Бұған қажетті тұқым қоры толық дайын. Қазірдің өзінде 72 мың гектар алқапта егіс аяқталды.

Сондай-ақ өңірде өсімдік шаруашылығын субсидиялау бағдарламаларына – 1,7 млрд теңге, тұқым шаруашылығын дамытуға – 284,3 млн теңге, тыңайтқыш мен пестицид құ­нын субсидиялауға – 899 млн теңге, мемлекет басымдық берген дақылдар өндірісін дамытуға – 495 млн теңге, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге су беру қызметінің құнын субсидиялау үшін – 37,1 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар «Қазагрэкс» АҚ және «Оралжер» ЖШС мекемелері арқылы тұқымның егу сапасын тексеруге – 29 млн теңге бөлінсе, егістің жауы – саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу үшін 551 млн теңге қаражат қарастырылған.

 

Батыс Қазақстан облысы