Биыл наурызда «Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды азаматтық қоғам күштерімен әлеуметтендіру және жұмысқа орналастыру жөніндегі шараларды іске асыру» жобасы бастау алған еді. Бұған үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтардың көмегі кәдімгідей кәдеге жарап отыр.
Бұл жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің қаржылық қолдауы аясында Шымкент қаласында, Түркістан, Қарағанды облыстарында қанатқақты негізде қолға алынды. Мұны «Қорған-М» қоғамдық бірлестігі іске асырып отыр.
Бірлестік менеджері Анна Малютина үш өңірден 39 өтінім түскенін айтады. Соның арқасында Түркістан облысы бойынша – 10, Қарағанды мен Шымкент өңірі бойынша 5 шағын грант бөлінген. Шағын грант құны – 1 млн теңге. Бұл қаржы мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтендіру, жұмыспен қамту ісіне бағытталады. Бірлестік жақында Қарағанды облысындағы жеңімпаздарды марапаттады.
Шағын гранттың игілігі бар. Өңіріміздегі «Өмір сыйла» қайырымдылық қоры – жеңімпаздардың бірі. Қорды құрған Марина Бошель бұл қаражаттың үлкен көмек болатынын айтады. Қор екі жылдан бері құрылтайшылардың қолдауының арқасында жұмыс істеп келген. Сондықтан бұл – олардың қол жеткізген алғашқы гранты.
– Қор сүт бездері обырына шалдыққан әйелдерге көмек береді. Бүгінде 50-ден астам адам бар. Мемлекет ол науқастардың бәріне көмектеседі. Бірақ адам емнен кейін әдетте жалғыз қалады. Біз әрқайсысына көмектесіп, қамқорлық, мейірім танытамыз. Науқастарды кәсіпкерлікке, тігінге үйреткіміз келеді, – дейді Марина Бошель.
Жақын күндері Балқаш қаласында жаңа иппотерапия орталығы ашылады. Грантты ұтқан Меруерт Қасымова қаражатын сонда жұмсаймын дейді.
– Менің жеке кәсібім жылқы өсірумен байланысты. Мүмкіндігім бар болған соң, ерекше балаларға бір қайырымдылық жасайын деген ниетпен осындай бастаманы қолға алдым. Бастапқыда 2-3 баланы қабылдап көремін. Иппотерапияның оң әсері жөнінде дерек көп. Грант қаражатына арнайы орын, ер-тоқым алуды жоспарлап отырмын, – дейді грант жеңімпазы.
Жобаға ұсынылған бизнес жоспардың барлығының сапалы құралғанын облыс әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндеталиев айтып отыр.
– Өңірден 9 өтінім түсті. Конкурстық комиссияның мүшесі ретінде жеңімпазды анықтағанда ұсынылған жұмыстардың маңыздылығына, қажеттілігі мен грант қаражатын тиімді пайдалана білуіне қарадық. Өйткені мұнда үлкен жауапкершілік бар, – дейді ол.
Грант қаражатының тиімді жұмсалуына тиісті бақылау жасалады. Жеңімпаздар әр ай сайын есеп береді. Онымен қоса, бизнес жоспарын төрт ай мерзім ішінде жүзеге асыруы қажет. Мұны қадағалау – ұйымдастырушылардың тікелей міндеті, жауапкершілігі.
Жергілікті үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтардың көмегімен мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаға аймақ алдын ала жүргізілген бірқатар әлеуметтік зерттеу негізінде енген. Әуелі мүгедектігі бар адамдардың саны, олардың басты мәселелері анықталып, жете зерделенген.
– Ірі мегаполистерде бұл мәселенің шешілуі жақсы, ал шалғай елді мекендерде мүмкіндік мүлде жоқ. Жұмысқа орналасу мәселесіне келсек, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы қарым-қатынас тіпті дұрыс емес. Жұмыс берушілер ондай адамдарды жұмысқа алғысы келмейді. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдарды тарту арқылы осы мәселені қоғамға жеткізгіміз келеді, – дейді бірлестік басшысы.
Қарағанды облысы