Бұл сұрақтың жауабын «Қазмедиа» орталығында өтіп жатқан Astana Media Week-2024 апталығының қатысушылары іздеп көрді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елордада өтіп жатқан дәрстүрлі апталық барысында журналист, PhD, PR сарапшысы, «7010 PODCAST» подкастының авторы «Подкаст - журналистиканың жаңа жанры?» тақырыбында кезекті сессияны өткізді.
Сессияға «Abay LIVE» подкастының авторы Абай Сейфулла, ТВ және YouTube жобаларының продюсері, Aiqap.podcast подкастының авторы Алмас Маратұлы, журналист, «М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан, «Жиза» подкастының авторы Ғалия Идоятова және журналист Ақбөпе Тәңірберген қатысты.
Сарапшылардың айтуынша, бүгінде журналистердің сапалы контент әзірлеуіне барлық қажетті жағдай жасалған. Әсіресе интернет, әлеуметтік желілер мен жасанды интеллект заманауи журналистің сенімді көмек құралдарына айналды.
Алмас Маратұлының айтуынша, Қазақстанда подкаст форматы жылдам әрі жан-жақты дамып келеді.
«Бұған YouTube желісіне жүктелген подкасттардың миллиондаған қаралымдары дәлел бола алады. Қазірдің өзінде дәстүрлі журналистика, әсіресе, телевидение саласының өкілдері YouTube-қа «кетіп» өзекті әлеуметтік мәселелерді қозғап отыр. Бұған еркіндік себеп болды. Мәселен, телеарна журналистері өз өнімдеріне пікірлерін қоса алмайды, цензурасы тағы бар. Ал тәуелсіз аймақта подкаст жүргізген адам өзін еркін сезініп, қалаған спикермен сұхбаттасып, өз ойын анық жеткізе алады. Осындай формат қарапайым халыққа да ұнайды», деді спикер.
Ал Абай Сейфулла YouTube платформасында салалық подкастар әлі де жетіспейтінін тілге тиек етті.
«Халық көбінесе «Dope сөз», «Zamandas» немесе «Airan» сияқты подкаст каналдарына тіркелген. Олар қоғамдағы өзекті оқиғаларды талқылап, танымал тұлғаларды ғана шақырады. Қазіргі уақытта аудио немесе видеоподкасттарды жүктеуге болатын көптеген платформа бар. Қазақстанда бұл тенденция әрі қарай жалғасып, одан әрі дамуы үшін салалық подкастардың санын арттыру қажет. Мәселен, музыка, кино, кітап, астрономия және ғарыш, денсаулық және медицина, бала тәрбиесі, отбасылық құндылықтар сияқты тақырыптар көрерменге қызықты болуы мүмкін», деп ойын бөлісті спикер.
Сессия барысында Ерболат Мұхамеджан тағы бір мәселені көтерді. Спикердің айтуынша, қазақтілді контент шығару ісінде подкасттардың үлесі өте аз.
«Орыс тілінде түсірілген подкаст қазақ тілінде жүргізілген подкастқа қарағанда көбірек қаралым жинайтыны рас. Көрермендер сарапталған, ықшамдалған, әрі жан-жақты қызықтырылған ақпаратқа назар аударады. Көбісі «подкаст - YouTube-тің сұхбат жанры» деп ойлайды. Бірақ подкаст тек сұхбат қана емес. Десе де Қазақстанда сұхбат жанры көбірек танылған. Мейлі, сұхбат болсын, сараптама болсын, басқасы болсын, қазақ тілінде болса болғаны. Яғни, контент отандық болса, қазақ тілінде болғаны абзал», деп ойын жеткізді Ерболат Мұхамеджан.
«Жиза» подкастының авторы Ғалия Идоятова сапалы контент қаржылық қолдауды қажет ететінін алға тартты.
«Тәуелсіз подкаст-мейкерлер демеушілердің қаржысына сапалы контент шығарады. Иә, бұл жарнама. Әрине, қазір тек бір ғана iphone-ның көмегімен видео түсіріп, оны монтаждап YouTube платформасына жүктеуге болады. Бірақ көрермендер сапалы, әдемі, жетілдірілген бейнеге қарайды. Елімізде подкаст жанрын одан әрі дамыту керек. Подкаст жанрында тек бір ғана ереже бар - ешқандай ережені ұстанбау. Сондықтан шығармашылығын шыңдағысы келетін, өзіндік имиджді қалыптастырғысы келетін адамдардың алдыңда барлық мүмкіндіктер бар. Оларды тек ұтымды пайдалана білу керек», деді Ғалия Идоятова.
Сессия барысында журналист Ақбөпе Тәңірберген де әріптестерімен тілдесіп, подкаст шығаруға ниетті екенін жеткізді. Ол телевидение мен YouTube желісінің жұмыстарын салыстырып, ұтымды тұстары мен контент жасаудағы қиындықтарды атады.