«ImmuniGuide» медициналық стартабы иммундық жүйенің жағдайын бағалауға арналған бірегей платформаны жүзеге асырды. Отандық ғалымдар әзірлеген осы инновациялық өнім онкологиялық клиникада сәтті іске қосылды.
Инновациялық медицина ғылыми-клиникалық орталығы дәрігерлерінен құралған команданың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – халыққа тегін әрі қолжетімді скрининг ұсыну. Платформа жалпы қан талдауының нәтижелеріне негізделген иммунологиялық деректердің кең ауқымын талдайды, жасырын инфекцияларды анықтап, организмнің ауру-сырқауға, екпеге, физикалық жүктемелер мен стреске әсерін бақылауға көмектеседі. Сонымен қатар аталған қосымша иммунитетті қалыпта ұстап, нығайту үшін нақты ұсыныстар айтады. «ImmuniGuide» жобасының авторлары – Нұрлыбек Өдербаев пен Игорь Понамарев.
«Ойымызда жобаның алғашқы ұшқыны 2016 жылы пайда болды. Содан бері 8 жыл тынбай еңбектендік, іздендік, жемісін енді көріп жатырмыз. Осы уақыт ішінде 4 авторлық құқық алып, сауда маркасын тіркеп қана қоймай, платформаның құрылымын қайта қарап, оған жасанды интеллектіні қостық. Биыл шілдеде өнімді өндіріске сәтті енгізіп, белсенді қолданып жатқан клиникалар мен емханаларда жақсы көрсеткіштер байқап отырмыз. Платформа ұсынған нәтижелердің дәлдігі орташа есеппен 98,7%-ды құрайды. Мұның тәжірибе мен ғылыми тұрғыда дәлелі бар», деді «ImmuniGuide» негізін тең қалаушы, медицина ғылымдарының докторы, дәрігер-онколог Нұрлыбек Өдербаев.
Жобаның басты артықшылығы – медициналық деректерді жоғары жылдамдықпен, дәлдікпен өңдей алатын жасанды интеллект, бұл егжей-тегжей жекелендірілген есептерді кез келген тілде ұсынуға мүмкіндік береді.
Отандық өнім денсаулық сақтау саласын жақсартуға жоғары әлеует көрсетіп, халықаралық алаңға шығуға дайын екенін танытты. Ә дегеннен-ақ бұл жобаға шетелден қызығушылық танытқандар біршама. Атап айтқанда, қазір Малайзия тарапымен платформаны сол аймақта сынақтан өткізу бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр. Жоба жетекшілерінің айтуынша, алдағы уақытта технология аясын кеңейтіп, Азия, Еуропа, АҚШ елдеріне енгізу жоспарланып отыр.