Алматы облысы әлемдік білім беру аренасында өз орнын нығайтып, «Сапалы білім» аталымы бойынша «World Innovation Award 2024» жүлдесін жеңіп алды. 128 ел қатысқан бұл байқауда облыстың жетістіктері білім саласындағы инновациялық тәсілдер мен тиімділікті көрсете білді.
Аймақта заманауи мектептер салу мен сапалы білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Соңғы жылдары 19 жаңа мектеп ашылып, 18 мыңнан астам оқушы орны пайда болды. Жеке инвестиция арқасында үш ауысымдағы мектептердің саны 52-ден 39-ға дейін қысқарды.
Халықаралық ынтымақтастықтың көкжиегі кеңейіп, 12 дарынды оқушы Қытай университеттеріне оқу грантын ұтып алса, 4 оқушы халықаралық лагерьде тәжірибе жинақтады. Шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөнінде меморандумдар да жасалды.
Дарынды балаларды қолдау мақсатында «Табысты 50 мектеп» жобасы іске асырылып, оқушылардың олимпиадалардағы жетістіктері артып келеді. Білім сапасын арттыруға бағытталған жобалар 3 мыңнан аса мұғалімнің тәжірибесін шыңдап, 42 мыңнан аса оқушының білім көкжиегін кеңейтті. Өткен жылы өңірдегі 207 мектепте 236 заманауи кабинет ашылса, осы жылға бұл бағытқа 590 миллион теңге бөлінген.
Облыс оқушыларының білім деңгейі 75,5 пайызға, ал оқушылардың білім сапасы 66,1 пайызға артты. Өткен оқу жылындағы олимпиадаларда 14 оқушы халықаралық деңгейде жүлделі орындарға ие болса, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздар саны да арта түскен.
Студенттер мен жастар арасында кәсіптік бағдар беру, педагогикалық кадрларды даярлау және олимпиадалық резерв үшін оқу-жаттығу жиындарын өткізу бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып отыр.
Алматы облысы