• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Өндіріс 27 Қыркүйек, 2024

Қайтарылған кеніштің «қара алтыны»

415 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің елең-алаңында еліміздің мұнай-газ өнеркәсібіне шетелдік инвесторлар қызығушылық танытты. Бұл алдымен әлем назарын аударған «Теңіз» кенішінің игеріле бастауымен байланысты еді. Шетел инвесторларының аңсары ауған кен орындарының бірі – Кенбай.

Сала ардагері Махамбет Батыр­баевтың айтуынша, Кенбай кен орнына барлау жүргізу өткен ға­сыр­дың 60-жылдары қолға алынған. «Маңғыстау терең бұрғылау» экспе­дициясының мамандары «300–400 метрден тереңдіктен мұнай өндіру­ге болады» деген қоры­тынды жаса­ған. Бірақ бұл тек болжам күйінде қалған. Өйткені сол кезде бірінші кезекте мұнайлы түбекке айнал­ған Маңғыстаудағы кен орындарын игеру басталды. Сол себепті экспедиция құрамы көрші өңірге жіберілді.

Арада 20 жыл өткен соң Кен­бай­дағы мол мұнайға бұрғы салу жоспары қайта қозғалды. Сөйтіп, 1980–1990 жылдары кен орнындағы жұмысқа бірнеше кәсіпорын бар­лау­­шылары жұмылды. «Геофи­зика­­­­лық жұмыстарды атқару «Ембі­мұ­­­найгеофизика» өндірістік бір­лес­­­ті­гіне жүктелді. Ал «Сол­түстік Ем­бі­­мұнайгаз барлау» экспе­ди­ция­­­­сының мамандары 1987 жыл­­дың жа­зында мол мұнайды іздеу­ді бас­­тады. Олар екі-үш жылда 35–40 ұң­ғы­­ны қазып, Кенбайдағы мұнай қоры­­­ның молдығы туралы толық­қан­ды қо­ры­тынды жасады», дейді М.Батырбаев.

Геофизиктер мен барлаушылар қоры­тындысына сәйкес, КСРО мемле­кет­тік қор компаниясында Кенбай кен орнының баланстық қоры 93,3 млн тонна көлемінде бекітіліпті. Мұндай қорытынды «Гурьевмұнайгазгеология» өндірістік бірлестігі мен Қазақ мұнай ғылыми зерттеу институтының дәйек­ті есептеулері негізінде жасалған. Геолог, тау-кен инженері Махамбет Батырбаевтың мәліметіне сүйенсек, кеніш қойнауындағы «қара алтын» құрамында парафинге ұқсас қоспалар кездеспейді. Мұндағы мұнайдың сапасы құнды фракциялардың көптігімен ерекшеленеді. Мамандар мұндай «қара алтынды» таза деп есептейді. Оның үстіне қордағы мұнайдың үштін бірін 300 метр тереңдіктен өндіруге болады.

1991 жылғы маусымда «Интер­каспий» қауымдастығы мен Калифорния штатында тіркелген «Бидерманн Интер­нэйшнл» компаниясының қатысуымен «Мұнай» кеңес-американ бірлескен кәсіпорнын құру жөнінде келісімшартқа қол қойылған. Бірлескен кәсіпорын Кенбай кен орнын игеруді көздеген. «Интеркаспий» қауымдастығы кәсіп­орынның 63 пайыз акциясын, «Бидер­манн Интернэйшнл» 37 пайызын иеленген. Бір қызығы, КСРО мен АҚШ қазақ жеріндегі Кенбай кен орнын бір­лесе игеру жөнінде екіжақты жоба жасақтағанда, Ресейдің Самара қа­ла­­сындағы «Гипровостокнефть» инс­титуты мен америкалық «WZI» ком­паниясының есептеулерін негізге алып­ты. Екі ел құрылтайшылары ара­сында жасалған келісімшартқа сәй­кес, «Интеркаспий» Кенбай мұнайын «Бидерманнға» жіберетіндей ортақ ұйғарымға тоқтаған. Тіпті «қара алтыннан» түскен табыстың бір бөлігін Кенбай кен орнына түрлі қондырғы, құрал-жабдық сатып алуға жұмсау көзделген. Бірақ келісімшарттағы талаптардың бірде-бірі орындалған жоқ.

«Қазмұнайгаз» компаниясы мен «Ембімұнайгаз» АҚ және Атырау облысының басшылары шетелдік инвесторлардан кен орнын қайтарып алу мәселесін 1994 жылы Үкіметтің алдында әлденеше рет дәлелдеді. Сөйтіп, сол жылы шетелдіктерге келісімшарттағы талаптар орындалмағандықтан, келісім­шартты біржақты бұзу, кен орнын қайтарып алу талабы қойылды. Мұнайшылардың пікірінше, еліміз тарапынан келісімшарттың бұзылуына, сөйтіп, кеніштің отандық мұнайшыларға қайтарылуына сол кездегі Мұнай және газ өнеркәсібі министрі Нұрлан Балғын­баевтың ықпалы тиген.

Бұл кен орнынан көмірсутек шикі­затын өндіру мақсатында «Ембі­мұнайгазға» Үкіметтің 1995 жылғы 8 ақпандағы шешімімен 35 жылға лицензия берілді. Бір жылдан кейін осы кенішті игеру үшін «Қайнармұнайгаз» басқармасы құрылды. Содан бері Кенбай кен орнынан «қара алтын» үздіксіз өндіріліп келеді. Мәселен, басқарма мұнайшылары 2019 жылдан бері 29 горизонталды ұңғыманы іске қосты. Оның ішінде былтыр 14 ұңғыма пайдалануға берілді. Геологиялық-техникалық іс-шаралар сәтті жүргізіліп, өткен жылы жоспарланған көрсеткішке қосымша 57 мың 689 тонна мұнай өндірілді. Бұл – 2003 жылдан бергі алынған ең мол өнім. Жаңа ұңғымаларды іске қосудың жемісі – қосымша өндірілген 37 мың 521 тонна «қара алтын».

Басқарма мұнайшылары жыл са­йын жаңа алаңдарды игеруді мақсат етіп отыр. Осы орайда Шығыс Молдабек алаңындағы бор қабатын горизонталды бұрғылаудың нәтижелі болғанын айтқан жөн. Мұндай ұңғымалардан тәулігіне орта есеппен 13 тонна мұнай өндіріледі. Бұл вертикальды ұңғымалар беретін өнімнен 11 есе көп. Мәселен, былтыр М-І горизонтындағы №2768 ұңғыма бұрғыланған. Қазір дәл осы ұңғыма тәулігіне орташа есеппен 23 тонна өнім беріп тұр. Жаңа әдіспен алынған «қара алтын» аталған горизонттағы вертикалды ұңғыманың мұнайынан 29 есеге молайды.

Өнім өндірудің осындай тәсілдерін кеңінен қолданатын қайнарлық мұнай­шылар Кенбай кен орнындағы Солтүстік Қотыртасқа қоса, Б.Жоламанов, Сол­түстік Қотыртас, Шығыс Молдабек алаң­дарынан «қара алтын» селін тасытып отыр. Кейінгі жылдары Уаз, Шығыс Уаз, Қондыбай кен орындары игеріліп жатыр. Шығыс Уаз кен орнындағы ұңғымалардың юра қабатынан мұнай өндіріледі. Енді мұнда ұңғымаларды бір мезгілде, сонымен қатар бөлек пайдалану технологиясы енгізілді. Бұл юра қабатына қоса бор горизонтынан «қара алтын» алуға мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде былтыр кен орнынан жос­пардан бөлек, 1425 тонна мұнай алынды. Биыл бұл технологияны Уаз кен орнындағы тағы төрт ұңғымаға енгізу жоспарланып отыр. Бұған «Абай» бағдарламалық өнімінің септігі тиіп отыр. Аталған бағдарлама алдымен, геологиялық, дала­лық деректерді толтыру уақытын қысқартады. Күнделікті және айлық есеп­терді дайындауды автоматтандырады.

 

Атырау облысы