• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 27 Қыркүйек, 2024

Тауарлы несиеге – төрт түлік

249 рет
көрсетілді

Атырау облысының фермерлері тауарлы несие беру бағдарламасына қолдау білдірді. Енді олар несиеге 990 бас мал ұсынуды көздеп отыр.

Премьер-министрдің кеңес­шісі Ералы Тоғжановтың айтуынша, тауарлы несиенің мақсаты – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеру. Жаңа жоба кредиттік жағдайы қиын және кепіл­ге қоятын мүлкі жоқ адам­дарға арналған.

«Бастаманы қолдаған фермерлер тұрмысы төмен отбасы­лар­ға 8 880 мал таратты. Жобаға сәйкес, 5 жылға несиеге 10 сиыр беріледі. Оны қайтару шарты негізінде бірінші жылы – демалыс. Несиеге мал алған адам екінші жылы 4, үшінші жылы тағы 4 сиырды қайтаруға тиіс. Біздің есебімізше, төртінші жылы мал саны төлімен 16-ға жетуі керек. Ал 7 жылда мүйізді ірі қараны 24-ке дейін көбейтуге болады», дейді Е.Тоғжанов.

Жылыой ауданындағы «Дос­тан ата» шаруа қожалы­ғының жетекшісі Сейітжан Балжігітов аталған бағдар­ла­ма­мен тауарлы несие беруге да­йын отыр.

«Ауыл тұрғындарын кәсіп­керлікке ынталандыру мақ­са­тын­да қолға алынған та­уар­лы несие бағдарламасын қол­даймын. Өзім жетекшілік ететін шаруа қожалығынан 300 қой, 100 жылқы, 50 сиыр, 30 түйені несиеге бере аламын. Осы арқылы тауар алушының да, біздің де төрт түлігіміз көбейеді», деді С.Балжігітов.

Қызылқоға ауданындағы «Құрман» шаруа қожалығының жетекшісі Құрман Жаңабаев 100 қой, 50 жылқы мен 30 сиырды несиеге беруге ниетті. Жылыой ауданында тіркелген «Ащысай» шаруа қожалығының жетекшісі Бақтығали Жиенқұлов 300 қой-ешкі мен 30 жылқыны несиеге бергісі келеді.

Ақтөбе облысында тұратын кәсіпкер Кәмшат Төлеуованың айтуына қарағанда, көрші өңір фермерлері аталған бағ­дарламамен жұмыс істеуді ерте бастаған екен. Ол бұл бағ­дар­ламаның тиімділігіне тоқта­лып, тәжірибиесімен бөлісті.

«Біз несиеге мал беруді ерте бастадық. Ақтөбе облысындағы ірі шаруашылығы бар кооперативтер төрт түлікті жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алушыларға беріп келеді. Өзім тауарлы несиеге 4 мың қой мен 120 сиыр бердім. Қазір несиеге берілген малдың 40 пайызын қайтардым», дейді К.Төлеуова.

Атырау облыстық Ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламат­тың мәліметіне сүйенсек, былтыр «Ауыл аманаты» бағ­дар­ламасына қатысушы­лар­дың 192 жобасына қаржы берілген. Құрманғазы ауданында – 36, Индерде – 35, Махамбет ауданында 30 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген.

«Былтыр «Ауыл аманаты» бағ­дарламасы аясында ауыл­дардағы қосалқы шаруа­шылықты дамытуға бағытталған жобаларды қаржыландырудың нәтижесінде жұмыссыз жүрген 36 адамның кәсібін бастайтыны, жаңадан 199 жұмыс орны ашы­латыны көзделген еді. Қазір 40 жаңа жұмыс орны құрылып, міндетті төлемдері төленді. Несие алушылардан қайтарылған қаржыны 1 кооператив пен 10 шағын кәсіп иесіне беру процедурасы жүріп жатыр. Жоба аясында 908 ірі қара, 1 010 жылқы, 1 215 қой сатып алынды», деп мәлімдеді А.Саламат.

Айтуынша, қосымша жобаларды жүзеге асыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министр­лігіне бюджеттік өтінім жол­дан­ған. Бұл мәселе оң шешімін тапса, қаржы берілетін жобалар саны артады.

 

Атырау облысы