• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Форум Кеше

Баспасөз хатшылары – ақпарат кеңістігінің алғы шебінде

72 рет
көрсетілді

Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйым­дас­тыруы­мен өтіп жатқан Astana Media Week-2024 медиа апталығының үшінші күнінде негізінен баспасөз қызметін жетілдіру бағыты талқыланды. Елімізге танымал медиа саласы мамандарының қатысуы­мен өткен кездесулерде құнды ойлар айтылып, пайдалы кеңестер берілді.

Үшінші күннің шымылдығы медиа тренер, журналист Мирхат Әжіғалиевтің баспасөз мәсли­хатын өткізуге қатысты шеберлік сабағымен ашылды. Жиын барысында БАҚ-қа сапалы материал дайындау, ақпараттық өнімді әлеуметтік желіде өтімді ету, қызықты телесюжеттер жасау, сондай-ақ баспасөз мәслихатын ұйымдастыру мен өткізуге қатыс­ты нақты кейстер ұсынылды.

Атап айтқанда, елімізде «ауаға салық салынады» деген ақ­па­рат таралғаны мысал ретін­де алынып, «экология министрі­нің» қатысуымен баспасөз мәс­лихатынан көрініс ұсынылды. Министр журналистер алдында бұл ақпараттың мәнін түсіндіруі керек, сондай-ақ оның дұрыс екенін қорғауға тиіс. Осы кезде баспасөз хатшылары қалай әрекет етуге тиіс? Олар министрді қорғай ма, әлде журналистерге көмектесе ме? Осы сұраққа жауап берген медиа тренер өмірден нақты мысалдарды келтіріп, баспасөз хатшыларына қысылтаяң шақта тығырықтан қалай шығу керектігі жайында өз кеңесін ұсынды.

Бұдан әрі алғашқы панельдік сессия алдында баспасөз қыз­меті­нің үздіктерін марапаттау сал­та­наты өтті. Оған арнайы қатыс­қан Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов министрлік тарапынан сегізінші мәрте ұйымдастырылып отырған медиа апталығына қатысып жат­қан әріптестеріне алғыс айтты.

– Сіздердің жұмыстарыңыз бен күш-жігеріңіздің арқасында мем­лекеттік органдар қыз­меті, жалпы мемлекеттің ақ­па­рат­тық саясатының нәти­желері бұқараға жетеді. Осыған орай біз жыл сайын Astana Media Week апталығы аясында біліктіліктеріңізді арттыруға арнайы семинар ұйымдастырып келеміз. Ақпараттық доктринада жұмысымыздың басты факторы ретінде еліміздің ақпараттық қауіп­сіздігі мен бұқаралық ақ­парат құралдарымыздың бәсе­кеге қабілеттілігі аталған. Бұл жұ­­мыстарда баспасөз хатшы­лары­­н­ың, баспасөз қызметі басшы­ларының және ресми өкілдердің еңбегі аса маңызды. Себебі олар мемлекеттік органдар тарапынан шығатын ақпаратты жедел тарата білуі керек. Сондықтан еліміз­дің ақпарат қауіпсіздігінің алғы шебінде сіздер тұрсыздар. Мәде­ниет және ақпарат министрлігі сіздермен қоян-қолтық жұмыс істеуге әрдайым дайын, – деді ол.

Бұдан әрі «Жыл үздігі-2024» ата­лымы бойынша Алматы қала­сы әкімдігінің баспасөз хатшысы Әлия Адамбаева, Ішкі істер министрлігі Ақпараттық саясат департаментінің бастығы Шыңғыс Әлекешев марапатталды.

«Бұл марапатты алғанымызға өте қуаныштымыз. Біз үшін үлкен мәртебе. Бұл – тек орталық аппарат баспасөз қызметінің ғана емес, еліміздің барлық өңіріндегі полиция бөліністерінде журналистермен қоян-қолтық еңбек етіп жүрген әріптестеріміздің де еңбегі», деп қуанышымен бөлісті Ш.Әлекешев.

Бұл күннің алғашқы сессиясында iMAS GROUP PR дирек­торы Айнель Рымбаева «Медиаин­дустриядағы инновациялар: тиім­ді коммуникацияларды құрудың 10 кейсі» тақырыбында дәріс оқы­ды. Одан әрі жалғасқан панельдік сессияларда «LinkedIn үкімет пен баспасөз хатшылары үшін: брендті құру және ақпаратты тарату», «Баспасөз қызметтерінің этикасы: блогерлерден роботтарға, ЖИ мен виртуалды көмекшілерге дейін», «Толассыз ақпараттың қоғамға әсері», «Теория мен прак­ти­кадағы сендіру мен кешірім сұраудың заманауи әдістері» тақырыптарында әңгіме өрбіді. Бұл басқосуларда «7010 Podcast» подкастының авторы Зарина Буенбаева, «Әділ сөз» халық­ара­лық сөз бостандығы қорының президенті Карла Жаманқұлова, журналист Саят Жөкен, журналист, редактор, жазушы Азамат Байғалиев сынды сала мамандары өз ойын ортаға салды.

Үш күнге созылған апталыққа еліміздің барлық аймағынан келген журналистер мен баспасөз қызметтерінің, өзге де сала өкілдері елге танымал көшбасшы медиаменеджерлер мен мамандардың дәрістері мен кейстерін тыңдап, заман ырқына қарай өзгеріске түсіп жатқан журналистика дамуы жайында көп мәлімет алды. Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Дәулет Төлендіұлы – Astana Media Week апталығының тұрақты қатысушысы. Оның айтуынша, үш күнге созылған биылғы кезекті апталық та ақпарат сала­сының қызметкерлері үшін жаңашылдыққа толы болды, сондай-ақ әрбір қатысушы өзіне ке­рек дүниені алды.

«Мен қазір мемлекеттік қыз­метте жүргеніммен, әу бастан журналистика саласының өкілі­мін. Жалпы, Astana Media Week секілді ауқымды іс-шара­лар – тек журналистер үшін ғана емес, мем­лекеттік қызметтегі адам­дар­ға да пайдасы зор жиын. Өйт­кені биылғы іс-шараның негіз­гі тақырыбы цифрландыру, жа­санды интеллект төңіре­гінде өр­біп жатыр. Ал бұл жаңа­шылдық­тар қоғамның әрбір өкіліне тіке­лей қатысты десем, артық айтқандық емес», деп Д.Төлендіұлы ойымен бөлісті.

Батыс Қазақстан облысы Өңірлік коммуникациялар қыз­метінің басшысы Махамбет Сұл­тан­ғалидың айтуынша, Astana Media Week апталығында айтылып жатқан тақырыптарға қарап отырып, қазіргі масс медиа­ның толықтай цифрлық заманға аяқ басқанын көруге болады және бұл – бірден-бір дұрыс қадам.

«Өздеріңіз білесіздер, кезінде Kodak фотоаппараттары танымал еді. Алайда кейінгі жылдары олар көзден бұл-бұл ұшты. Не себепті? Өйткені олар заман ағымына бейімделмеді, яғни өз өнімдерін цифрландыруға асыққан жоқ. Соның салдарынан басқа ойыншылармен бәсекелестікте жеңіліс тапты. Біз осы мысалды журналистика саласына қатысты да айта аламыз. Қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары да цифрлық платформаларға көшіп, халық сұранысына жаңаша негізде жауап беруге тиіс. Консервативтік көзқарастан біртіндеп бас тартып, жаңа заман талаптарына бейімделген БАҚ-тың бәсі жоғары болатын уақыт келді», дейді ол.

Ал Қарағанды облыстық Поли­ция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров халықпен жұмыс істеу, күн са­йын пайда болатын ақпараттарды дұрыс тарату ішкі істер саласы үшін аса маңызды жұмыс екенін айтады. Полиция бөліністерінің бірлесе еңбек атқаруы арқылы биыл Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі «Жыл үздігі» атан­ғ­анына қуанышты екенін жет­кізген ол: «Бұл – күндіз-түні поли­­ция­ның еңбегін көрсетіп жат­қан бас­пасөз қызметкерлері мен осы салаға жа­уапты тәртіп сақ­шы­лары­ның еңбегі. Поли­­ция саласында жүрген біз үшін бұл апталықтың орны ерекше. Өйткені бүгінгі басқосу баспасөз қызметін жетілдіруге арналды. Еліміздің көп өңірінен келген ме­нің әріптестерім де бұған белсене қа­тысты. Мұндай іс-шаралар жылы­на бір рет емес, бірнеше рет өтіп тұрса да, көптік етпейді», деп ойын түйіндеді.

Соңғы жаңалықтар