Конфессияаралық келісім мен дінаралық достық – Қазақ елін әлемге әйгілеп тұрған басты рухани ұстаным. Елімізді мекендеген түрлі этнос пен дін өкілдері өзара достық пен сыйластықта өмір сүріп жатыр. Бұған елімізде 2003 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезінің де ықпалы зор. Осы орайда біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын әңгімеге тартып, еліміздегі бейбітшіліктің басты тірегі мен оған дін өкілдерінің қосып жатқан үлесі туралы ойын білген едік.
– Шырпы тисе, қураған жапырақтай бұрқ етіп тұтанғалы тұрған бүгінгі әлемдік геосаяси жағдайда бейбітшілікке бағытталған әр қадам маңызды. Соның бірі – конфессияаралық және мәдениетаралық диалогті дамыту. Біздің еліміз үшін бұл құндылықтың рөлі қандай?
– Қазіргі таңда елімізде 18 конфессияны құрайтын 3,5 мыңнан аса діни бірлестік тіркелген. Осындай әр алуандық аясында біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен діни бостандықты қорғау арасындағы тепе-теңдікті таба алдық. Бұған қалай қол жеткіздік? Өйткені халқымыздың басым көпшілігі Ислам дінін ұстанады. Ал Ислам сөзінің өзі «бейбітшілік» деген мағынаға саяды.
Асыл дініміздің тағы бір мақсаты – адамзатқа деген сүйіспеншілік, адам құқығына құрмет етуді жүрекке орнықтыру арқылы қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықты сақтау. Дініміз бұл мақсатқа жету үшін көптеген қағиданы бекіткен. Мәселен, өзгені сыйлау, басқалардың құқығына құрмет көрсету – нағыз мұсылман болудың шарты. Ислам – бүкіл адамзатқа Алла жіберген әрі қияметке дейін жалғасатын соңғы дін. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ислам дінін жер жүзіндегі барлық халыққа жеткізу мақсатымен сол кездегі елдердің билеушілеріне, басшыларына хат жолдай отырып, оларды Ислам дінін қабылдауға шақырған.
Біз Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезін өткізе отырып, жаһандағы тыныштықты сақтауға, елдер арасындағы соғысты, түрлі ұлт арасындағы қақтығыстардың алдын алуға шақырып келеміз. Себебі барлық діннің мақсаты – адамзат баласының өзара тату тұруы. Соның жемісі болар, елімізде конфессияаралық келісім мен достықтың ерекше үлгісі қалыптасты. Бұл тәжірибені іс жүзінде басқа да өлкелерде қолдануға болатынына сенімдімін.
Осы орайда елімізде өтіп келе жатқан съездердің негізгі пайымы – әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністікке негізделген диалог арқылы осы саладағы халықаралық ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашу. Күш көрсету, экстремизм, терроризм сияқты келеңсіз құбылыстарды бірігіп еңсеруге ықпал ету.
– Сіздің ойыңызша, әлемдік бейбітшілікті сақтауға дін қайраткерлері қандай үлес қоса алады?
– 20 жылдан аса уақыттан бері өтіп келе жатқан діндер съезіне әлемнің ең танымал саяси тұлғалары мен дін қайраткерлері қатысты. Жаһандық жиынның идеясын әйгілі Әл-Азһар университетінің шейхы Мұхаммед Саид Тантауи, Жоғарғы имам Ахмет Тайып, Ватикан мен Католик шіркеуінің басшысы, Рим папасы Франциск секілді әлемнің өзге де аса ықпалды дін көшбасшыларының қолдағанын білеміз. Бұл – жай ғана діни қайраткерлердің жиыны емес, әлемдік деңгейдегі мәселелер ортаға салынатын форум.
2022 жылы өткен жетінші съезде «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік», «Діни наным-сенім бостандығы және өзге дінді ұстанушыларды құрметтеу» және «Діни көшбасшылардың халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі» деген ауқымды тақырыптар аясында әңгіме өрбіді. Оның қорытындысы бойынша дін қайраткерлері өз үндеуін жариялап, әлемді тұрақтандыру, тыныштыққа шақыру үшін бір төбенің басына жиналды. Жалпы мұндай жиынның өтуінің өзі елімізде дінаралық тұрақтылық пен өзара сенімнің қанат жайғанын білдірсе керек.
Ислам діні де өзге дін өкілдерімен достықта өмір сүруге, сондай-ақ толеранттылыққа аса мән береді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманынан бері мұсылман мемлекеттерінде өзге дін өкілдері бейбіт жағдайда ғұмыр кешті. Қазақ елі сол достық ұстанымын қолдан шығармай, бүгінге дейін берік сақтап келеді. Біз әңгімеге арқау қылып отырған діндер съезі – соның анық айғағы.
– Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жаһандық деңгейде тұрақтылықты сақтауға, сондай-ақ еліміздің имиджін арттыруға іс жүзінде нақты қандай пайдасы болды?
– «Істің нәтижесі оның қалай аяқталғанынан емес, қалай басталғанынан білінеді» деп дана Абай тұжырымдағандай, мен 2003 жылы Астанада өткен алғашқы съезге тоқтала кеткім келеді. Оның жұмысына Ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизм секілді әлемдік және дәстүрлі діндердің беделді өкілдері қатысты. Бұның өзі дінаралық татулық пен келісім үшін қол жеткізілген сөзсіз жетістік еді.
Діндер диалогі І съездің тұжырымдамалық идеясы және дау-дамайды шешу тәсілі ретінде дінаралық және ұлтаралық қарым-қатынастардағы күш көрсету мен террор әдістеріне қарсы қойылды. Қатысушылар арасында бүгінгі әлемдегі діннің рөлі және кез келген діннің негізгі моральдық құндылықтарының жалпыадамзаттық сипаты жөнінде ашық пікірлесу өтті.
Бірегей және есте қаларлық оқиғаға айналған форум бүкіл әлемдегі адамзат баласының бейбіт, лайықты өмірі үшін түрлі дін өкілдерінің ынтымақтастығы мен бірлігінің өзектілігін көрсетіп берді. Форум қорытындысы бойынша рухани көшбасшылар болашақтағы үйлесімді әлемнің негізі ретінде адамзат үшін бейбітшілік пен өрлеуді қамтамасыз ету және барлық қоғамда тұрақтылықты сақтау бағытындағы бірлескен іс-әрекеттері туралы мәлімдеген декларация қабылдады. Ауқымды іс-шараның табысы деп дінаралық форумды әр үш жылда бір рет тұрақты түрде өткізу туралы бекітілген шешімді айтуға болады.
Қазақ елі тәуелсіздік алған тұстан бері әлем халқын тыныштыққа бастап, БҰҰ сынды үлкен мінберлерден бейбітшілік туын көтеріп келеді. Біздің бұл бастамамыз аяқсыз қалмай, өзге де әлем елдері қолдап кетті. Жаһанның дін қайраткерлері Астанада бас қосып, төрткүл дүниені соғыспауға, жер шарын жақсылыққа шақыруға бағытталған бастамаларын жария етті. Қырғиқабақ идеологияға жол бермеуге шақырып, этностық топтар мен дін өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстырған алқалы жиынды ұйымдастырған Қазақ еліне ризашылығын білдіріп жатыр. Біз де сол үлкен бастаманың бел ортасында болдық. Татулықтың басты тірегі діни толеранттылықты ұстану болса, екіншісі – жер жаһандағы тыныштыққа өз үлесімізді қосу. Еліміздің бұл әлемдік бастамасы – осы бағытта қолға алынған үлкен қадам.
– Съезд хатшылығының отырысында «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы қабылданды. Оның мазмұнында қандай алға қойылған міндеттер бар?
– Бұл – әрине, өте маңызды құжат. Даму тұжырымдамасы аясында съездің әлеуетін одан әрі арттырып, қатысушы елдердің көкжиегін кеңейте түсу көзделген. Бейбітшілік алаңы одан әрі өрісін жайып, тыныштық тірегі қанатын кеңге қаға бермек. Алдымызда қандай қиын мәселелер кездессе де, оны бейбіт жолмен шешу керек екенін осы тұжырымдама ұқтырғандай. Қазіргі таңда орын алып жатқан түрлі жанжалдың алдын алуға бағытталған бұл ұсыныс көптеген дін қайраткері тарапынан қолдау тапты.
Біз де өз ұстанымымызға сәйкес, әлем халқының бірлікте, жұдырықтай жұмылып, бірлесе әрекет етуін қалаймыз. Тұжырымдама мақсатына сәйкес, алдағы онжылдықта діндер съезінің миссиясы әлемдік және дәстүрлі діндер қауымдастықтары арасындағы өзара түсіністік пен құрметті одан әрі нығайту, сондай-ақ бүкіл адамзатқа әділ, қауіпсіз, гүлденген болашақ құруға жәрдемдесу үшін рухани дипломатияның әлеуетін іске асыруға сеп болары сөзсіз. Қазақ елі бұл мақсатта өз алаңын ұсына отырып, жаһанды жақсылыққа бастай бермек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»