• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 28 Қыркүйек, 2024

Сабақты зерттеу – сапалы білім негізі

263 рет
көрсетілді

Астанада «WALS-2024» Дүниежүзілік сабақты зерттеу қауым­­дастығының конференциясы өтті. ТМД елдерінде алғаш рет ұйымдастырылған мұндай жаһандық жиынға 27 мем­ле­кеттен 700-ге жуық педагог қатысты. Оқыту сапасын жақ­сар­туға бағытталған зерттеулерді ортаға салып, талқылау – келелі кеңестің басты мақсаты.

«Сабақты зерттеу» деген сөз тіркесі жаңа ғасырдың алғашқы ширегінде білім үрдісіне дендеп кіре бастады. Заманауи дағ­ды­ларды үнемі жетілдіріп отыру ұстаздарға қашанда маңызды. Бұл тәсіл арқылы оқытушылар кәсіби біліктілігін тұрақты түрде шың­­дап, өзара бірлеседі, педагогикалық идея­­ларды бөлісуге ыңғайлы орта құрады. Сол себепті Астанада өткен конференция «Сабақты зерт­­теу: үздік оқу мен оқытуға ұм­тылу» тақырыбында өтті. Негізгі спи­­керлер қатарында әлемдік дең­гей­дегі білім берудің ең бедел­ді сарап­шылары бар. Атап айтсақ, Норвегиядан Ойстейн Крис­тиансен, Литвадан Дариус Рад­кевичюс, Ұлыбританиядан Сара Селезнев, Жапониядан Ширли Тан, Германиядан Клара Кагер сынды мамандар пікірлерін орта­ға салып, тәжірибелерін бө­ліс­ті.

Жиынның ашылуына Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова қатысып, Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің конференция қатысушыларына жолдаған құттықтауын жеткізді.

Бұдан кейін сөз алған «WALS» президенті Кэтрин Льюис конференция маңызына тоқталды.

«Мен NIS Педагогикалық ше­берлік орталығына, Оқу-ағар­ту министрлігіне конфе­рен­ция­­ны ұйымдастырудағы жұ­мы­сы әлемнің көптеген елі­нен пе­дагогтердің қатысуын қам­та­масыз еткені үшін алғы­сымды біл­діремін. Бұл – білім сала­сын­дағы инновациялық идея­лар­­ды мем­лекеттік деңгейде қолдау­­дың жар­қын үлгісі дер едім. «Lesson Study» – өте қарапайым идея. Шәкірт­­­теріңіздің қалай білім алып жат­қанын бақылап, әр сабаққа мұ­қият дайындалуын зерт­теуден ар­тық не бар? Бұл – өте қара­па­йым болып көрінгенмен, жүйелі зерт­теуді талап ететін тәсіл», деді К.Льюс.

2015 жылы Назарбаев зият­керлік мектеп­тері Дүние­жүзі­лік Сабақты зерттеу қауым­дас­ты­ғының (WALS) сарап­­шылық кеңесіне мүше болып, ресми түр­де мойындалған. Осылайша, елі­міз халықаралық деңгейдегі ға­лым­дармен бірге әлемдік зерттеулерге қатысып, «Lesson Study» әдісі бойынша жеткен жетістіктерді таныстыруға мүмкіндік алған.

«Біз Дүниежүзілік Сабақты зерттеу қауымдастығының XVI Халық­аралық конференция­сын өткізу мүмкіндігіне ие бол­ға­нымызды мақ­тан тұтамыз. Қабыл­даушы тарап – «Назарбаев зият­керлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық ше­бер­­лік орталығы. Бұл орталық мұға­лімдердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастырумен әрі өткізумен айналысып, соның аясында 2012 жылдан бері оқу ошақтарында Сабақты зерттеу (Lesson Study) тәсілін енгізіп келеді. Педагогикалық шеберлік орталығы – осы тәсілдің жаршысы. 2015 жылдан бері халықаралық «WALS» конференцияларына қатысудың арқасында еліміздегі мұғалімдер қысқа уақыт ішінде әлемдік қауымдастықтың маңызды бөлшегіне айналды. Бұл конференция «Сабақты зерттеу: үздік оқу мен оқытуға ұмтылыс» тақырыбы арқылы осы тәсілді қолданатындарды біріктіреді. Біз оқыту мен оқуды жақсарту жөніндегі зерттеулерді, сондай-ақ сабақты зерттеу саласындағы тәжірибелерді бөлісу үшін осы конференцияға 27 елден келген 664 делегат пен оқытушыларды қуана қарсы алдық. Төрт негізгі спикер, ­12 симпозиум, 13 шебер сабақ, 286 баян­дама, 77 постер таныс­ты­­рылымы мұғалімдерге тәжі­ри­бе алмасуға және әлем­нің әр түкпірінен келген әріп­тес­тер­мен байланыс орна­туға үлкен мүм­кін­дік береді», деді Педа­гогикалық ше­бер­лік орта­лы­­ғы­ның директоры Жанбота Қаб­дыкәрімова.

­Еліміз жаһандық «WALS» эстафетасын 2023 жылдың қарашасын­да Нидерландта қабылдаған еді. «World Association of Lesson Studies» президенті Кэтрин Льюис пен «Назарбаев зияткерлік мек­тептері» Педагогикалық шебер­лік орталығының директоры Жанбота Қабдыкәрімова «WALS 2024» халықаралық конферен­­ция­сын Қазақстанда өткізу туралы келі­­сімшартқа қол қойды. Халық­аралық форум бұған дейін Син­гапур, Ұлыбритания, Жапо­ния, Қытай сынды елдерде ұйым­дас­тырылды.

Жапониядағы Нара Білім беру университетінің профессоры Такаши Накаидің айтуынша, мұғалімге ең маңыздысы – білім беру емес, оқушының қызығу­шылығын ояту.

«Жаңадан келген педагогтер бастысы оқыту, үйрету деп ойлайды, бұл – үлкен қателік. Себебі мұғалімнің оқытуы мен оқушының білім алуы арасында біршама айыр­машылық бар. Біз 2-ден 7 жылға дейін тәжірибесі бар жас мұғалімдерден сауалнама алдық. Олар тәжірибе жинай келе, «Мен нені істеуім керек?» деген сұрақтан «Оқушы нені жасағысы келеді?» деген мақсатқа көшетінін анық аңғардық», дейді ол.

Осы форумда «WALS» тари­хындағы рекордтық көрсеткіш орнатылды. Яғни зерттеулер саны 850-ге жетті. Оның 86 пайызын еліміздің мұғалімдері дайындаған.

«Бұл конференция – білім сала­сындағы жаңа бағыттар мен заманауи тәсілдерді талқылауға арналған бірегей алаң. Осы жиынға елімізден 500-ге жуық педагог қатысып отыр. Олардың арасында 300 мұғалім өз зерттеу жұмысын таныстырды. Әлемдік деңгейдегі сарапшылар да ой алмасып, жаңаша оқыту жүйе­­сін ұсынды. «Сабақ­ты зерттеу» тәсілі – педагогтердің бірігіп, сабақты жос­парлау, жүр­гізу және талдау арқы­лы оқыту сапасын жақсартуды мақсат ететін кәсіби даму әдістемесі. Бұл әдіс қазір әлемнің көптеген елін­де қолданысқа еніп, тиімділі­гін дәлелдеді. Он жылдан бері Назар­баев зияткерлік мектептері «Сабақты зерттеу» тәсілін елі­міздегі жалпы білім беретін мектептерге енгізумен айналысып келеді», деді NIS ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.

Жиын барысында дәстүрлі сес­сиялардан бөлек, мұғалімдер тәлімгер сағаты, шығармашылық зерт­хана, автограф сессиясы, сұ­рақ-жауап форматындағы ин­тер­активті іс-шараларға қа­тысты.

«Бұл конференцияның ұстаз­дар үшін маңызы өте жоғары. Себебі мұнда сабақты қызықты ұйымдастырып, тиімді талдау жайы жан-жақты қарастырылады. Оқытудағы ең негізгі мәселе – зерттеуде. Кез келген ұстаз білім беріп қана қоймай, шәкіртінің тақырыпты толық түсінгеніне көз жеткізуге тиіс. Ол үшін ұстаз әр сабақты зерттеп, талдау керек. Өзім жапондардың өткізген симпозиу­мына қатыстым. Еліміздің білім саласын жақсартуға байланысты сапалы әдістеме мен технология­лар келгеніне көзім жетті», деді Тұрақты білім беруді дамыту қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Күләш Шәмшидинова.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың айтуынша, «Сабақты зерттеу» тәсілінің ауқымын кеңейту – білім сапасын жүйелі арттырудың негізгі шарты болмақ. Аталған әдіс қазір елдегі мұғалімдердің біліктілігін арттыруға бағытталған оқу бағдарламасына жеке бөлім ретінде енгізілген. Назарбаев зият­керлік мектептерінің педа­го­гикалық шеберлік орталығы бү­гінде «Сабақты зерттеу» идеяларын ілгерілету жөнінде көрші мемлекеттердің педагогтері арасында үлкен жұмысты бастады.