• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 29 Қыркүйек, 2024

Elge Qyzmet Run - мемлекеттік қызметшілер арасында жүгіру мәдениетін қалыптастыруды көздейді

146 рет
көрсетілді

Бүгін елордада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 30 жылдығына орай Elge Qyzmet Run спорттық жүгіруі өтті.

Шара спортсүйер қауымды және салауатты өмір салтын ұстанатын 400 адамның басын қосты. Олардың басым көпшілігі – мемлекеттік қызметшілер. Орталық мемлекеттік органдардың басшылары, қызметшілері жүгіру мәдениетін қалыптастыру идеясын қолдап, қайырымдылық шарасына белсенді түрде атсалысты.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл шара елімізде алғаш рет өткізілгенін және алдағы уақытта жалғасын табатынын айтты.

«Бүгін біз салауатты өмір салтын және жүгіруді насихаттап қана қоймай, тарихи сәттің куәсі болып тұрмыз. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және Президенттік Академия түлектерінің альянсы мұндай ауқымды спорттық жүгіру шарасын алғаш рет ұйымдастырды. Бұл шара алдағы уақытта елордамызда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін спорттық шараға айналады деген үміттемін. Серіктестерімізге, мемлекеттік қызметшілерге және қала тұрғындарына алғыс білдіремін», – деді Ерлан Қуанышұлы.

Академия магистранты, мемлекеттік қызметші Арсен Губашев шараға қатысуға біраз уақыт дайындалған.

«Бүгінгі ELGE QYZMET RUN спорттық жүгіру жарысына Академия магистранттары түгел қолдап қатысты. Жүгіруге өтетіні туралы білген күннен бастап дайындалдым. Бұл шара бірінші кезекте салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Батыс Қазақстан облысы, Орал шаһарында көп жылдан бері жүгірумен айналысып, спортты насихаттап жүрмін», – деді ол.

Қатысушылар 10 км, 5 км және 2,5 км арақашықтық бойынша жүгірді. Абсолютті жеңімпаздарға І, ІІ, ІІІ дәрежелі диплом мен сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ жас ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі санатта жақсы нәтиже көрсеткен қатысушылар да жүлделі орындар иеленіп, сыйлықтармен марапатталды. Барлығы 90 қатысушы сыйлықтарға ие болды.