• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 09:45

«Ядролық отын даярлауға технологиялық қуатымыз жеткілікті»

46 рет
көрсетілді

Осыдан 50-60 жыл ілгері уран мен одан жасалатын ядролық отын қауіпті болған шығар. Қазір одан қатер жоқ. Ғылым мейлінше дамыды, атом элементтері ел игілігіне игерілді. Таяуда «Үлбі металлургия зауыты» АҚ басқарма төрағасы Сергей Бежецкиймен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Сергей Владимирович, зауыт бағыты туралы қысқаша айта кетсеңіз.

– Ұзақ уақыт бойы «ҮМЗ» АҚ уран өндірісінің соңғы өнімі – отын таблеткаларын шыға­рып келеді. Әлемде мұн­дай кәсіпорындарда толық тех­но­логиялық цикл бар, оның соңғы өнімі реакторға құюға дайын отын – отын жинағы болып саналады. Біздің зауыт 1977 жылдан бері уран түйір­шіктерін шығарады. Әрине, қазір заман талабына сай жаңардық.

– Уранды өндіру мен байыту елімізде қазір қай дең­гейде жүргізіліп жатыр?

– Елімізде уран қоры мол. Әлемде уран өндірісі бойынша екінші орында тұрмыз. Гео­тех­нологиялық полигонда уран тікелей өндіріледі. Оған жер асты шаймалау әдісі пайдаланылады. Ғалымдар бұл тәсіл қоршаған ортаға зиян келтірмейтін әрі өнім­ділік жағынан ең тиімді әдіс екенін айтып жүр. Ұңғымалар арқылы уранды жер астында ерітіп, да­йын өнімді еріткішке дайындап, сору ұңғымасы арқылы арнайы ері­тінді қабыл­дау мен тарату қондырғысына жет­кізеді. Жер асты­нан алынған сұйықтық бір­неше сатыда химиялық өңдеу­ден өтеді.

Одан кейін табиғи уран отын жобасы шеңберінде Ре­сейге конверсияға (уран гек­саф­торидінің өндірісіне), одан кейін байытылуға жіберіледі. Ядролық отынды алуға табиғи уранды уранның гексафториді түрі­не көшіру қажет және 235U изотопы 5% төмен деңгейге дейін уранды байытуды жүргізу керек. Байыту үдерісі бірнеше ай жүреді. Әрі қарай байытылған уран өнімі ұнтақ пен отын таблеткасын өндіруге «Үлбі металлургия зауытына» жеткізіледі.

Қазір елде уран өндіру едәуір артты. Былтыр 21 112 тонна өндірілсе, биылғы жоспар – 22 500 тонна. Әзірге өндірілген табиғи уранның басым бөлігі өзге елдерге экспортталады. Ядролық отынның 40-45%-ы Азияға кетсе, қалғаны Еуропа мен АҚШ-қа жөнелтіледі.

– Кәсіпорында ядролық отын қалай өндіріледі?

– Отын таблеткасы – ядролық отынның негізгі компоненті. Бұл 235U изотопы бойынша байытылған уран диоксиді ұн­тағын нығыздау, одан әрі қақтау әдісімен өндіріледі. Отын таб­леткаларын шығарудың тех­но­логиялық үдерісі – өте күр­­делі, жоғары технологиялық өндіріс. Таблеткаларды да­йын­дау екі кезеңнен тұрады. Алды­мен уран гексафторидінен кера­микалық сұрыпты уран диок­сидінің ұнтағын шығару іске асырылады, бұдан кейін алынған ұнтақтан ұнтақты металлургия әдісімен таблеткаларды дайындау жүргізіледі.

Таблеткалар тегістеу, кептіру, геометриялық өлшемдерін және сыртқы түрін бақылау операцияларынан өтеді. Ұзындығы, диаметрі, ақауларының болуы бойынша бақылаудан өтпей қалған таблеткалар өндірістік үдеріске қайтарылады.

Өндірістік таблеткалардың бір бөлігі «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС зауытына жіберіледі, мұнда заманауи технологияларды қол­данумен оларды қуыс құбыр­шаларға – жылу бөлетін элементтерге (твэлдер) салады. Бұдан әрі твеэлдер жылу бөлетін құрамаларға жиналады. Жылу бөлетін құрамалар – соңғы өнім, ядролық реакторда жылу энергиясын алуға арналған жоғары технологиялық, машина­құрас­тырушы бұйым.

– Зауытта өндірілген яд­ролық отынның басқа елдер мен компанияларда өн­ді­рілетін ядролық отынмен са­лыс­­тырғанда қандай айыр­ма­­­шылығы бар?

– Үлбі металлургия зауыты отынының сапасы оны өндіру технологиясы иелерінің сертификаттарымен расталады. Бұрын «ҮМЗ» АҚ кеңес және Еуропа елдерінің АЭС қажеттіліктері үшін Ресей дизайнындағы ВВЭР және РБМК реакторларына арнап отын таб­леткаларын шығарған. 2011 жылдан бастап зауыт Қытай атом стансаларына француз дизайнындағы отын таблеткаларының сертифи­катталған жеткізушісі атанды. 2021 жылдан бастап «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС біріккен Қазақстан Қытай кәсіпорнында («Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ – 51% («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес компаниясы) және CGNPC-URC – 49%) AFA3GTM дизай­нындағы жылу бөлетін құрамалары шығарылады. Өнім CGN қы­тайлық корпорациясына тиесілі ҚХР атом стансаларына жеткізіледі.

– ҮМЗ-де дайындалған ядро­­лық отынды Қытайдан басқа елдердегі АЭС реакторларында пайдалануға бола ма? Ол бар­лық реакторға жарамды ма?

– Иә, егер реактор AFA3G™ француз дизайнындағы жылу бөлетін құрамаларда жұмыс істесе, әрине, болады. Сәйкес дизайн таңдалған жағдайда ҮМЗ-де отын жинағын дайындау әбден мүмкін. Қытайдың, сондай-ақ Францияның да ұқсас реакторы болса игі. Егер ресейлік немесе корейлік дизайн таңдалса, оны жасай алмаймыз. Өйткені ол үшін басқа жи­нақтарға арналған жаңа өндіріс орнын ұйымдастыру қажет. Бірақ жоба экономикалық жағы­нан тартымды болуы үшін өнді­ріс қуаты жылына кемінде 200 тонна болуы керек. Отандық атом электр стансасының қайта жүктеуі небәрі 35 тонна (бір реактор) болатынын ескерсек, оны сатып алу оңай әрі арзан болады.

Әйтсе де, отын жинағын құрастыру зауытында орна­тылған қондырғы жылына 400 тонна уран эквивалентін шығаруға есептелген. Әзірге 200 тоннаны жария еттік. Көлемді ұлғайтуға кә­сіпорын жұмыс режімін өзгерту керек, яғни екі ауысымда жұмыс істеуге көшеміз. Ол үшін бірқатар әріп­тестермен келісім және үй­лес­тіру жұмысын жүзеге асыру керек.

– Егер АЭС салу туралы оң шешім қабылданса, болашақ атом электр стансасы үшін отын өндіруге ҮМЗ дайын ба?

– Атом стансасын салуға байланысты оң шешім қабылданған жағдайда, еліміз белгілі бір шарттарда оны өзінің ядролық отынымен қамтамасыз ете алады. Қазір «ҮМЗ» АҚ қатысуымен біріккен кәсіпорнының қуат­тарында AFA3G™ француз дизайнындағы жылу бөлетін құрамалар шығарылады. Егер стансаға отынның осындай түрі қажет болса, өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндігіміз бар.

Тіпті, басқа реактор құры­лымы, сәйкесінше басқа дизайнды отын таңдалса да, «ҮМЗ» АҚ технологияны түзеткен соң отын таблеткаларын, яғни жылу бөлетін құрамаларды дайындау мақсатында құрамдас бөлік­тер­ді шығара алады. Бірақ кез келген жағдайда еліміздегі АЭС үшін ядролық отынның ком­по­­­ненттерін өндіру, сондай-ақ AFA3G™ дизайндағы жылу бөле­тін құрамаларды шығару үшін ҮМЗ-де барлық қажетті техно­ло­гия­лық мүмкіндіктер мен кадрлық кәсіби құзырет бар.

 

Әңгімелескен –

Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»