• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
Референдум 2024 Бүгін, 11:30

Қазақстанда АЭС бойынша референдум қалай өтеді

83 рет
көрсетілді

6 қазанда Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша республикалық референдум өтеді. Осы орайда Egemen.kz алдағы референдумға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы» Жарлыққа қол қойған еді. 

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 10) тармақшасына және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 18-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: 2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткізілсін», делінген Жарлық мәтінінде.

Референдумға қандай сауал шығарылады?

Бюллетеньдерде «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сұрақ қойылады.

Референдум сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өткізіледі, ал дауыс беру нәтижелері 7 күн ішінде жарияланады.

Кім дауыс бере алады?

Дауыс беруге Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған барлық азаматы қатыса алады. Қазіргі уақытта 12 176 968 адам дауыс беру құқығына ие.

Референдум барысында жалпы 10 327 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Қазақстан азаматтарының тіркелген жері бойынша дауыс беру учаскесінің саны - 9 709, уақытша учаске - 618. Шетелде жүрген отандастарымыз үшін 63 елде 78 учаске ашылады. Дауыс берушілерге ыңғайлы болу үшін аумақтық референдум комиссиялары өзге уақытты белгілеуі мүмкін. 

Бұған дейін соғыс қимылдары өтіп жатқан Ливанда дауыс беру учаскесі ашылмайды деген шешім қабылданған еді.

Ел азаматтары қай жерде дауыс бере алатынын қалай біле алады?

Әр азамат өз дауыс беру учаскесі қайда орналасқанын үйден шықпай-ақ біле алады. Ол үшін referendum.gov.kz арнайы сайты іске қосылды. Дауыс беру учаскесі туралы ақпарат алу үшін келесі қадамдарды орындау қажет:

referendum.gov.kz сайтына кіріңіз. Тұрғылықты жеріңізді көрсетіңіз. ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) енгізіңіз. «Табу» батырмасын басыңыз.

Деректеріңіз еңгізілгеннен кейін, жүйе учаскеңіз туралы ақпарат ұсынады.

Референдумда дауыс беру тәртібі қандай?

Бюллетень жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде беріледі. Референдум учаскесінде осы учаскедегі тізімге енгізілген азаматтар, сондай-ақ есептен шығару куәліктерін ұсынған адамдар дауыс бере алады. Республикалық референдумға қатысуға құқығы бар әрбір азамат жеке дауыс береді. Бюллетень жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырылады.  Белгі дауыс беретін жауап нұсқасының оң жағындағы бос шаршыға қойылады. Бюллетеньді өз бетінше толтыруға мүмкіндігі жоқ азамат өзі сенетін адамның көмегін пайдалануға құқылы.  Толтырылған бюллетеньді міндетті түрде дауыс беру жәшігіне салу қажет.

Үйде дауыс беруге бола ма?

Денсаулық жағдайына, отбасыдағы науқас адамның күтіміне, мүгедектігіне немесе жасына байланысты дауыс беру учаскесіне бара алмайтын азаматтар үйде отырып дауыс бере алады. Ол үшін алдын-ала учаскелік дауыс беру комиссиясына жүгіну қажет.

Айта кетейік, бюллетеньдер дауыс беру учаскелеріне дауыс беру күніне дейін 1 күннен кешіктірілмей жеткізіледі.

5 қазан - үнсіздік күні. Референдум бойынша үгіт-насихат жұмыстары дауыс беру күніне дейін түнгі сағат 00:00-де аяқталады.

6 қазан - референдум күні. Дауыс беру сағат таңғы сағат 7:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жүргізіледі. 

Дауыс 12 сағаттың ішінде саналады. Ал өңірлерге Орталық референдум комиссиясына дауыс беру қорытындысының жиынтық хаттамасын жинауға және жеткізуге 2 күн беріледі.

Орталық комиссия 7 күн ішінде референдумның қорытындысын белгілеп, ресми хабарламаны БАҚ-та жариялайды.

Референдумға дайындық қалай жүріп жатыр?

Республикалық референдумға дайындық аясында Орталық референдум комиссиясының мүшелері 11 өңірге барып, республикалық референдумға аумақтық және учаскелік комиссиялардың дайындығын тексерді. Одан бөлек оқыту семинарлары да өткізілді.

ОРК Төрағасының орынбасары Константин Петров Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары мен Алматы қаласына барды. Ал ОРК хатшысы Мұхтар Ерман Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында болды. ОРК мүшелері Сабила Мұстафина, Асылбек Смағұлов және Анастасия Щегорцова Жетісу, Ұлытау, Ақмола, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында республикалық референдумға дайындығын тексерді.

Одан бөлек, Сенат және Мәжіліс депутаттары өңірлерге аттанып, ел азаматтарымен тілдесіп, АЭС-тің мәні мен маңызы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүр.