• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 03 Қазан, 2024

Кеусен

64 рет
көрсетілді

Қызыл қырманға ат басын бұрдық. Биыл астық мол, халықтың да көңіл күйі көтеріңкі. Қырман басына бір қауым жұрт жиналып қалыпты. Әуелі пай иелерінің үлесін таратып жатқан шығар деп ойладық. Шынында да солай екен, әркім өз үлесін алып жатыр. Таңдауларына орай. Біреуі бидай, біреуі арпа дегендей. Шеткерек тұрған шоқша сақалды жігіт ағасы шаруашылық басшысына жағдайын айтып жатыр.

– Өзіңіз білесіз ғой, таяуда ғана көшіп келдік. Азын-аулақ малымыз бар. Шөпті күзде жинадық. Нәрі кеткен соң. Енді жемсіз болмайтын түрі бар, – дейді жігіт ағасы.

– Қалағаныңызды алыңыз, – дейді шаруашылық басшысы, – биыл көктен беріп, жерден өнді. Арпа аласыз ба, әлде сұлы аласыз ба, қанша керек еді?

– Міне, осы жөн, – деп әңгімеге араласты шеттеу тұрған ақсақал. – Ертеде бауырмал, бір-біріне қам­қор ел ішінде осындай жиын-терім кезінде ағайынға көмектесетін кеусен деген дәстүр болған. Қазір мына жігіттер сол дәстүрдің анық атын біле қоймағанымен, жал­пы нобайы, ішкі мазмұны сақта­лып отыр. «Елде болса, ерніңе тиеді» деген халқымыздың даналығы осы емес пе? Жаз бойы күннің қабағына қарап ел-жұрт шөпсіз қалмаса екен, кәсіп қылып жүр­ген азаматтардың еңбегі жанып, еккені шықса екен деп тілек тіледік емес пе?

– Уа, ақсақал, көп тілеген соң, көл болып жатқан шығар, тиесілі сыбағаңыздың үстінен тағы бір тонна алыңызшы, ақ түйенің қарны жарылып тұр ғой, – деді шауашылық басшысы.

– Міне, азамат! – деп жадырап қалды ақсақал бір ауыз сөзіне бір тонна астық бұйырғанына қуанып, – былтыр қыс қатты болды. Мына іргедегі «Қараөзек» серіктестігінің басшысы Нартай Ысқақов көктем шыға жұрттың жылқысы жұтауға жақындағанда әлі екпеген келесі жылдың пайын таратты емес пе? Осындай ел қамын жеген ерлер барда жұрт жүдемейді ғой. Нағыз кеусен сонда болды.

«Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегендей, бір тонна тұрмақ, бір шелек жемге зәру болып отырған елге жанашыр болған қандай жақсы. Сол өнегені көрсетіп кеткен – елдегі дәстүр, жоралғы. Кеусен деген бір ауыз сөздің астарында кәтепті қара нарға жүк болатын қанша­ма мағына, ыстық ықылас жатыр десеңізші.