• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 03 Қазан, 2024

Қазақстан креативті экономика бойынша IV Дүниежүзілік конференцияға қатысып жатыр

72 рет
көрсетілді

Биыл конференцияға 80-нен астам елден 2000-нан астам делегат қатысып жатыр. Олардың ішінде үздік халықаралық сарапшылар да бар, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

WCCE-2024 басты тақырыбы - «Инклюзивті креатив: өзгерген шындық». Делегаттар креативті индустрияның болашақты қалыптастырудағы рөлін, технологиялардың қарқынды дамуына байланысты әлеуметтік және экономикалық қиыншылықтарды талқылап жатыр.  

Соның аясында креативті индустрияға жетекшілік ететін мемлекеттік органдар басшыларының кездесуі өтті. Қазақстан атынан мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов сөз сөйледі.  

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев креативті индустрияны дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бұл – экономиканың басым бағыты. Біздің министрлік осы саланы қолдау бойынша бірқатар шаралар әзірледі. Бірнеше күн бұрын Global Innovation Index-2024 рейтингінде Қазақстан Үндістан мен Ираннан кейін, орталық және Оңтүстік Азия елдерінің көшбасшы үштігіне енді деп мақтанышпен айта аламыз. Рейтингтегі ең жоғарғы көрсеткішті «Креативті тауарлар мен қызметтер» және «Ұлттық көркем фильмдер» көрсетті. Яғни, креативті индустрия өсті», деді Евгений Кочетов.

Қазақстан делегациясы Индонезия өкілдерімен де келіссөздер жүргізді. Тараптар кәсіпкерлер үшін алмасу бағдарламасын іске қосу туралы келісімге келді. Ынтымақтастықтың басым бағыттары қолөнер, дизайн және сән салалары болады. Сондай-ақ қытайлық әріптестермен креативті индустрия саласындағы бірлескен жобалар туралы уағдаласты. 

Конференцияның үш күндік бағдарламасына семинарлар, шеберлік сыныптары, воркшоптар, пленарлық отырыстар кіреді. Сондай-ақ WCCE аясында креативті индустрия бойынша әлемдік жетістіктер көрмесі өтіп жатыр.