• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 04 Қазан, 2024

Құстар, құстар… Тізбектеліп ұшқан құстар

79 рет
көрсетілді

Әнеугүні әріптестерімізбен әң­гі­мелесіп тұрғанда, төбемізден әуе­леп құстар ұшты. Жай ұшпады, үшбұрыш жасап немесе V тәсілімен ұшты. Соған та­ңырқай қараған әрқайсымыздың ішімізде «Неге?» деген сұрақ қалып кетті.

Сөйтсек, осылай ұшу арқылы құстар энергия үнемдейді екен. Алдыңғы қатардағы құс қанаттарын қағып, артындағыларға ауа ағынын тудырады. Сонда артқы қатар­дағылар аз күш жұмсап, оңайырақ ұшады. Көш басындағы құс шаршағанда, кейін­гілерімен ауысады. Осы тәсіл авиацияда «аэродинамикалық сүйреу» деп те аталады.

 

Құтқарушы қаз

Жақында көшеден жаралы кө­гер­шін көрдім. Нан табу мен мән табудың арасында сабылып жүріп, ештеңе істеместен, өтіп кеттім. Ал кейін мына бір оқиғаны оқып, қат­ты өкіндім...

2021 жылы Лондонда ерекше оқиға бол­ған екен. Жаралы қаз өзіне көмек керегін білдіру үшін адамдарға жақындаған. Сол жерде жүрген дәрігер Джоанна Три­гано ветеринарға апармақ болады. Қаз таң­ғаларлық түрде дәрігердің артынан еріп, клиникаға барған, емделген. Кейіннен дәрігер Джоанна жұмыс істейтін ауруханаға ауыр жарақат алған адам түседі. Ең ғажабы, ол адам «Мен көшеде қансырап жаттым, көмекке адамдарды бір қаз шақырды. Қаз адамдарды маған қарай қуды» деген. Джоанна кішкентай құтқарушының өзі емдеген қаз екеніне еш күмәнданбады.

 

Құрметке бөленген көгершін

«Ел тілегін алып ұш, адамзаттың бағына. Қара бұлтты жарып ұш, мұ­хиттың арғы жағына». Нығ­мет Баймұхамедов жазған осы жол­дарды оқығанда, әндете жөнеле­ті­ніңізге шүбәм жоқ. Ал осы әнді жаз­ған Ахмет Жұбанов мына бір оқи­ғаны білді ме екен...

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде америкалық сарбаздардың бір тобы француз жерінде қоршауда қалады. Олар байланыс орнату үшін Шер Ами атты көгершінге хат беріп, сенім артқан. Көгершінге жолда оқ тиеді. Соған қарамастан, ол хабарды жеткізіп, сарбаздарды құтқаруға көмек­теседі. Осы ерлігі үшін қанатты байланысшы «Францияның әскери құрмет белгісі» марапатына ие болған.