• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Айбын 04 Қазан, 2024

Қырағылық өнегесі: оңтүстіктегі шекара қызметі

115 рет
көрсетілді

15 128 шақырымға созылып жатқан еліміздің мемле­кет­тік шекарасы өзен, көл, теңіз, шөлейт, орман сия­қ­ты түрлі географиялық аумақтан өтеді. Шека­ра­мыздың 13 398 шақырымы құрлыққа тән болса, су шекарасы 1 730 шақырымға жетеді. Ал Ре­сей­мен арадағы шекара әлемдегі ең ұзын құрлық ше­ка­ра­сы саналады, бұл шамамен 7 548 шақырымды құ­рай­ды.

Демаркацияланған қа­зақ-қырғыз мем­ле­кет­тік шекарасының жалпы ұзындығы шамамен 1 257 ша­қырымды құрайды. Кейінгі уа­қыттағы өңірдегі күрделі геосая­си ахуалдарды еске­ріп, еліміз ше­ка­раның күзетін күшейтіп, әлеуе­­тін арттырып келеді. Әсіре­се қырғыз-қазақ шекарасында зас­тавалар көптеп ашылды.

Қырғызстанмен арадағы сая­си-эконо­микалық мүдделерді қорғау, ауылы аралас, қойы қора­лас жатқан қос елдің арасындағы заңсыз көші-қонның алдын алу, оңай олжамен ақша табуды көз­де­ген жат пиғылды азамат­тардың елі­міздің аумағына қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі, радиоактивті зат­­тарды заңсыз алып кіруіне те­­­геу­рінді тосқауыл қою – ел тұ­тас­­­тығын нығайту мақсатында ше­­ка­­ра­­шы­ларға жүктелген мін­дет­тер­дің бас­тысы.

– Біздің ең басты мақсатымыз – еліміздің шекарасын сенімді күзету және қорғау. Біздің шекара бөлімшесі таулы аймақта орналасқандықтан, қызмет барысында көбіне атпен әрі жаяу жүреміз. Сондай-ақ жұмыла көтер­ген жүктің қашанда жеңіл ке­летінін қаперде ұстап, мем­лекеттік органдар мен жергілікті тұрғындардың көмегіне жүгініп, шекара шебіндегі қауіпсіздікті оңтайлы ұйымдастыру біздің жауапкершілігімізге жүктелген. Бұған қоса осы аумақтан шекараны заңсыз кесіп өтушілерді ұстау, контра­бандалық әрекеттерге тос­қа­уыл қою, шекаралық қауіп­сіз­дік­ті қамтамасыз ету бар. Біз­­дің жеке құрам алдымызға қо­йылған мін­деттерді абырой­мен, мүл­тік­сіз атқаруға қашанда дайын.­ Себебі біздің жеке құрам, кәсі­би да­йын­дықтан өткен сар­баз­дар­мен және келісім­шарт негі­­зін­дегі әскери қызмет­кер­лер­­­ден жа­­сақ­талған, – дейді Жам­­был облысы Жуалы ауданы аума­ғында ор­на­ласқан Бауыржан Момыш­ұлы атындағы шекара заставасы бас­ты­ғының орынбасары Бектас Орал­беков.

Қазақстан жер көлеміне байланысты шекарасының ұзын­дығымен ерекшеленетін елдердің қатарына кіреді. Оңтүстіктегі көрші Қырғыз елімен ортақ шекара аумағы 1 241 шақырым шамасында созылып жатыр. Картаға қарап созылып жатыр деу айтуға ғана жеңіл, әйтпесе екі елдің жері түйі­сетін тұстың басым бө­лігі – таулы аймақ. Мемлекеттік ше­ка­­раның делимитациялық және демаркациялық үдерістері то­лық соңына жетіп, 2001 жылы 15 желтоқсанда қазақ-қырғыз ше­карасы туралы шартқа қол қо­йыл­ған. Осы шекара шартына сай еліміздің оңтүстігінде Қырғыз елі­­мен шектесетін аймақта эко­но­ми­­ка­лық тұрғыдан маңызы өте зор шекаралық заставалар пайда болды.

Алыс-беріс пен барыс-келіс кең етек жайған кезде контрабанда, есірткі бизнесі секілді заңға қайшы іс-әрекеттердің шекара аумағында жиі болатыны белгілі. Оған шекараға жақын маңда тіркелген қылмыстық әре­кеттерді саралап, шолып шық­қанда шекараны кесіп өтпекші болғандардың дені осы аталған қылмыс түрлерімен қолға түске­ні­не көз жеткізесіз.

Шекарадағы қызметтік-жа­уын­­герлік тапсырмаларды жо­ғары дең­гейде орындау үшін кәсіби кинолог мамандар мен осы іске жақсы үйретілген қыз­меттік иттер де ауадай қажет. Кинология қызметінің тереңіне бойлап, түбіне үңілсеңіз, түп мақсаты қырағылықты меңзейтін осынау қызметтің маңызын аң­ғару аса қиындық тудырмайды. Қараша халық шекара күзетінің сапында қызмет атқарып жүрген сақшы иттер туралы көп біле бермейді. Күшік кезінен арнайы оқу-жаттығу курсынан өтіп, белгілі бір бағыттағы шекара бұзушыларды анықтауға маманданған ақылды иттердің де қызметтік міндеттері бар.

– Мемлекеттік шекараны күзету міндетін атқару ісінде қызметтік иттердің тигізетін көмегі өте зор. Тіпті осы төрт аяқты достарымыздың көмегінсіз шекараны күзету мүмкін емес деп айта аламын. Сықырлаған бір дыбыс, қыбыр еткен бір қимыл назарымыздан тыс қалып қойса, онда бүтін бір елдің шекарасына, аумағына қатер төнген болар еді. Сол себепті біз шекара шебін күндіз-түні қызметтік иттерді қасымыздан бір елі қал­дырмай күшейтілген түрде күзетеміз, – дейді Шөлдала шекара заставасының кинологі, кіші сержант Қуанышбек Кәрбозов.

Мұнда саққұлақтардың өз бас­панасы бар. Олар жылдың не­гізгі екі мезгіліне, яғни қысқы және жазғы мезгілге лайықталып жабдықталған. Өйткені иіс сезгіш, өжет әрі айбарлы да ақылды ит­тердің қашанда ерекше күтім мен қамқорлықты қажет ететіні айтпаса да түсінікті.

Қызметтік иттерді күзет наряд­тарымен бірге бейтарап аймақ­тарды бақылап қайтуға алып шығу, дабыл операцияларына міндетті түрде қатыстыру – бұлжымас қағида.

Қазақтың шекарасы жаугер­ші­лік замандарда жылқы тұя­ғының ізімен сызылып, ер қана­тының көмегімен қорғалған деген рухты сөз бар. Төрт түліктің төресі аталған жылқы жануары жерімізді, елімізді қорғауға орасан зор үлес қосты. Себебі мініс аты мыңдаған шақырымды бағындыратын күшке ие. Сон­дықтан ата-бабамыздың тәуел­сіздік жолындағы небір арман-мұратына жеткізген Қамбар ата тұқымы бүгін де таудағы ше­карашылардың ең сенімді көлігі болып тұр.

Жастайынан атқа қызығып, қыл­құй­рық­тының құлағында ойнап өскен Жарылқасын Дәулет­бек­ұлы әскерде де тұлпардың тіз­­гінін ұстапты. Ол бағына орай Жуа­лы ауданының Қырғыз Рес­пуб­­ликасымен шектесер таулы ай­ма­ғындағы шекара күзетіне түсіпті.

– Осы жаққа келген бойда кавалерист болдым. Суын, жем­шөбін мезгілімен беріп отыруы­мыз керек. Жал-құйрығын тарап, уақытымен қысқартып отыру, тұяғындағы тағасын мұқият қадағалап тұру мұндағы басты қағидаларға жатады. Осындай күтіммен қарап жүрсең, жылқы жануарының да сені жолда қал­дырмайтын жақсы қасиеті бар. Біздің шекаралық бақылау аумағы негізінен таулы, қыратты болғандықтан, жылқы біздің ең сенімді серігіміз әрі көлігіміз болуға жарап тұр, – дейді Бауыр­жан Момышұлы атындағы шекара заставасының қатардағы жауынгері Ж.Дәулетбекұлы.

Мемлекеттік шекараны бұзу­шының жүрген бағыты бойынша іздеу жүргізуге таулы аймақтарда қызметтік жылқылардың пайдасы орасан зор. Шекарашылардың өздері мұндай ойлы-қыратты жер жағдайында қаскөйді қолға түсіру кезіндегі қиындықтарды бастан кешкенде жылқы жануарының қадірін анық сезінетінін жасырмайды.

«Бәйге атындай бабын таба біл­сең, кез келген жылқы алысың­ды жақындатып, діттеген жеріңе аман-есен апарады. Мұнда бізге жол талғамайтын көліктер де көмек­тесе алмайтын кездер болып тұрады», дейді жамбылдық шекарашылар.

Біз, өкінішке қарай, мұндағы заста­валардың, шекарашылар құрамының санын, нақты орна­ласқан жерін айта алмаймыз. Мақаламыздың мақсаты да бұл емес-тін. Еліміздің экономикасын тіктеп, тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында күннің ми қайнатар аптап ыстығы мен қытымыр қыстың бет қарытар аязында да тікенек сымның бо­йын көз ілместен күзетіп жүрген шекарашылардың да арамызда бар екенін ел-жұрттың есіне бір салып қою болған.