• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қазан, 2024

Құлсарыдағы ауызсу сапасы талапқа сай

139 рет
көрсетілді

Атырау облысында Қиғаш өзенінен су жеткізетін магистралды су құбыры бар. Құбыр арқылы келген техникалық суды ауызсу сапасына дейін жеткізетін «Құлсары» су тазарту құрылғысы жұмыс істейді. Өндірістік сүзгіден өткен ауызсу Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласы мен «Теңіз» вахталық кентіне жеткізіледі.

Бұл өндірістік нысанға «ҚазТрансОйл» АҚ еншілес мекемесі «Магистралдық суағызғысы» ЖШС иелік етеді. Серік­тестіктің Құлсары қаласындағы су тазарту құрылғысы 1988 жылы салынған. Мұнда Қиғаш өзенінен жеткізілген суды тазартып, сапасын жақсартатын 12 сүзгі бар. «Магистралдық суағызғысы» ЖШС бас директоры Еркін Таңқыбаевтың айтуынша, сүзгілер күн сайын тазартылады. Су сапасы арнайы зертханада тексеріледі. Содан соң тазартылған су әрқайсысы 5 мың текше метрлік резервуарға жиналып, «Жылыойсу» ЖШС-ге жіберіледі.

Қазір Құлсары қаласының тұрғындары тұтынатын ауызсу сапасында ауытқу жоқ. Судың мөлдірлігі нормаға сәйкес. Бұған «Магистралдық суағызғысы» ЖШС басшылығы ұйымдастырған баспасөз турында Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Ысқақова, Құлсары қаласының әкімі Қадіржан Адинов, БАҚ өкілдері куә болды.

Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департа­мен­ті басшысының орынбасары Айгүл Ысқақованың айтуынша, биыл 20 мамырдан кейін Құлсары қаласының тұрғын­дарынан судың сапасы нашарлағанына байланысты шағым түскен еді. Сол кезден бері Құлсарыдағы су тазарту құрылғы­сында су сапасы күніне екі рет монито­рингіленеді. Мониторинг кезінде су құ­рамында темірдің көбейгені байқалды. Көктемгі су тасқынына байланысты су лайланып, мөлдірлігі нормадан ауытқыған.

«Алайда вирусология және бактерио­логия талдау қорытындысымен зиян­ды көрсеткіштер анықталған жоқ. Дегенмен су сапасын жақсарту мақсатында тиіс­ті жұмыстар жүргізіліп, құбырды де­зин­фекциялауға тапсырма берілді. Құл­сарыдағы су сапасын ұдайы бақылауда ұстап отырмыз. Қазір су сапасында нормадан ауытқу тіркелмеді», дейді А.Ысқақова.

Бұған не себеп болған? «Магистралдық суағызғысы» ЖШС бас директоры Еркін Таңқыбаевтың айтуынша, кәсіпорын мамандары су сапасының нормаға сәйкес болуына баса мән береді. Ал мамыр айында Қиғаш өзенінен құбырмен жеткізілген су сапасының төмендеуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, көктемгі су тасқыны кезінде су лайланды. Екіншіден, 2023 жылы «Астрахан – Маңғышлақ» магистралдық құбыр желісінің 170 шақырымында құбыр ауыстырылды. Осының бәрі мамыр айында су сапасына әсер еткен.

«Қазір Құлсары қаласының тұрғын­дары­на тәулігіне 10 мың текше метрге дейін су беріледі. Ал «Теңіз» вахталық кентіне де осындай көлемде су жіберіледі. Сүзгіден өткізілген ауызсу сапасы Қиғаш өзенінен жеткізілген кездегіден екі есе жақсарды», дейді Еркін Таңқыбаев.

Құлсары су тазарту құрылғысының басшысы Жандос Сарқытовтың түсіндіруінше, мұнда құбырмен жеткізілген су 12 сүзгіден өткізіледі. Одан соң әрқайсысы 5 мың текше метрлік резервуарларға жинақталады. Резервуарларға құйылғанда, кейін «Жылы­ой су» ЖШС құбырына жіберілетін кезде суға натрий гипохлориді қосылады.

«Тазартылған су 5 резервуарға жиналып тұр. Қазір бір қазандық жөндеуден өткізіліп жатыр. Оны жыл соңына дейін іске қосу жоспарланды. Тағы бір қазандық салынуда. Бұл қазандықтың құры­лысын 2025 жылдың соңына таман аяқтау көзделіп отыр», деді Жандос Сарқытов.

Оның айтуына қарағанда, қазан айында құрылғыда үш күндік жөндеу жұмы­сы жүргізіледі. Құбыр дезинфекция­ланады. Бұл қысқы маусымда құ­рылғылардың тосыннан істен шық­пауы үшін қолға алынғалы отыр. Су бе­рудің жоспарға сәйкес тоқтатылып, құрыл­ғы­ларға жөндеу жүргізілетіні туралы тұр­ғындарға алдын ала хабарландыру жолданды. Өйткені суды қайтадан берген ал­ғаш­қы кезде құбыр бойында лай болуы мүмкін. Бұл қалыпты жағдай ретінде қарастырылған.

«Құлсары су тазарту құрылығысына жөндеу жүргізу сметасы әзірленіп жатыр. Жөндеу кезінде су сорғыларын ауыстыру, су сапасын одан әрі жақсарту мақсатында жаңадан көмір сүзгілерін орнату жоспарланып отыр», деп мәлімдеді бас директор Еркін Таңқыбаев.

 

Атырау облысы