Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Амманнан.
Салтанатты рәсімге Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов бастаған, құрамында Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бауыржан Байбек, Парламент депутаттары – сенатор Қуаныш Сұлтанов, мәжілісмен Кенжеғали Сағадиев, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бар қазақстандық делегация және Амман қаласының басшылары, Иордания Парламентінің депутаттары, Корольдіктің жауапты қызметкерлері, осы елде тіркелген бірқатар шетел елшілері, сондай-ақ Амман қаласының тұрғындары қатысты. Ашылу салтанатында Амман қаласының мэрі Омар Маани мен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйлеп, екі елдің ынтымақтастығы және бауырлас қалалар – Астана мен Амманның арасындағы тығыз байланыстарға тоқталды. Амман қаласының мэрі, муниципалдық кеңес хатшысы және ономастика және тіркеу бөлімінің бастығы қол қойған шешімде былай деп көрсетілген: “Амман қаласының бір көшесіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілсін”. Ал Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғыл Сарах әл-Шахид көшесі мен Яджуз көшесінің аралығында орналасқан, ұзындығы – 3500 метр, ені – 40-60 метр. Даңғылдың екі жағында мемлекеттік мекемелердің ғимараттары, тұрғын үйлер орналасқан. Иорданиялықтардың тәжірибесінде бауырлас қалалар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында ел астанасында өзге мемлекеттердің басшылары атына көше беру бұрыннан бар екен. Қазақстан Президентінің атына көше берілуі қай жағынан алғанда да өте құптарлық жәйт. Оған иорданиялық танымал тұлғалармен әңгімелесу барысында анық көз жеткіздік. Жалпы, Елбасы – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Иорданияға бірнеше мәрте сапармен барып қайтқан. Иордания Королі Абдалла ІІ де Қазақстанда бірнеше рет болған. Сонымен қатар, бүгінде Астана мен Амман бауырлас қалалар болып табылады. Ал Қазақстан басшысының атына көше беруге Король әкімшілігі бастамашы болыпты. Бұған дейін Амман қаласында сегіз көше шетел мемлекеттері басшыларының атымен аталып келген екен. Олардың ішінде Египеттің бұрынғы президенті Гамаль Әбдел Насер, Сауд Арабиясының Королі Фейсал бен Әбдел Әзиз, Испания Королі Хуан Карлос, Әзірбайжанның бұрынғы президенті Гейдар Әлиев, тағы басқалар бар. Міне, енді Амман қаласындағы тағы бір көрікті көше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталатын болды. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов кеше сондай-ақ Король сарайына барып, Иордания Королі Абдалла ІІ-ге ықылас сапарын жасады. Сонымен қатар, Иманғали Тасмағамбетов бастаған қазақстандық делегация Амман қаласының мэрі Омар Маанимен кездесті. Ал Парламент депутаттары Қуаныш Сұлтанов пен Кенжеғали Сағадиев Иордания Парламентінің Сенатында, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед осы елдің Мәдениет министрлігінде болды. Суретті түсірген Игорь БУРГАНДИНОВ.
•
22 Маусым, 2010
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖАСАЛҒАН ҚҰРМЕТ
491 рет
көрсетілді