• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Ауыл 05 Қазан, 2024

Ауылға екі отбасы көшіп келді

43 рет
көрсетілді

Ақжайық ауданы Ақжол ауылдық округіне қарасты Биті­леу ауылына Орал қаласынан көпбалалы екі от­ба­сы көшіп келді. Бұл өңірде қолға алынған «Қа­ла­­дан ауылға» бағдарламасы аясында жүзеге асты.

Шаруасы шалқая бас­та­ған шалғай ауылдарға екін­ші тыныс беретін бұл бағ­дар­ламаның пайдасы көп: елді ме­кенде тұрғын һәм жұмыс қолы көбейеді, мектепте оқушы саны артады. Келген жанның да есе­бі түгел: басына үй, қора­сына мал бітеді.

Ақжайық ауданының әкі­мі Мұрат Сердалин жаңа тұр­ғындар Болат Бекмырзаев пен Ба­д­амша Әбілқайыроваға бас­па­на кілті мен арнайы серти­фи­кат табыстады. Ауыл­дағы «Мұқаш» шаруа қожа­лы­ғы­ның жетекшісі Алау­жан Мұ­қ­а­ш­ев пен «Әлібек» шаруа қо­жа­лығының жетекшісі Әлібек Ерғали екі үйелменге бір-бір­ден ірі қара сыйға тартты.

Әу баста осы бағдарламаны ұйымдастырушылар көп­балалы отбасылардың ауылға келуін мақсат еткен болатын. Шынында, солай болды. Енді Битілеу ауылында түтін тү­тететін Бекмырзаев әуле­тінде 4 ұл-қыз болса, Шоқаев­тар­дың 6 баласы бар. Міне, Исатай Тайманұлы атындағы орталау мектептің де шәкірті көбейіп жатыр.

– Осындай игі бастамаға ұйытқы болған облыс басшы­лы­ғына, жап-жаңа баспанамен қамтамасыз еткен аудан әкімдігіне, ірі қарасын тар­ту еткен қожалық жетек­ші­леріне, қуана қарсы алған биті­леу­ліктерге шынайы алғыс айтамын. Бұған дейін басымызда баспана жоқ, қала­да пәтер жалдап біраз жыл жүрдік. Әрі балалар кіш­кентай болған соң үй шаруа­­сымен отырдым. Жолда­сым­ның жалдамалы жұмыс­тан тапқан нәпақасына күн кө­ре­­тінбіз. Қаладан ауылға көшу туралы ұсыныс түскенде, бәріміз де қуана келістік, – дейді алты баланың анасы, «Күміс алқа» иегері Армангүл Шоқаева.

Битілеу ауылының жаңа тұрғындары кіріп отырған бас­па­наның әрқайсысы 18 млн теңге тұрады. Табиғи газы, таза суы қосылып тұр.

– «Қаладан ауылға» бағдар­ла­ма­сы аясында Ақжайық ау­да­­­­­­­­нындағы Сайқұдық ауылына бір отбасы көшіп келді. Тінәлі ауылында екі жеке бас­пана сатып алынды. Қазір Ақ­бұ­лақ ауылында тұрғын үй салу жөнінде кәсіпкерлермен ке­ліс­сөз жасап жатырмыз, – деді аудан басшысы Мұрат Сердалин.

 

Батыс Қазақстан облысы