• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Марапат 05 Қазан, 2024

Нобель сыйлығы қай жазушыға бұйырады?

229 рет
көрсетілді

Әр жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы лауреатының есімі жарияланатын сәт таяған сайын дүние жүзіндегі көптеген оқырман жеңімпаз ретінде Муракамидің есімін көргісі келеді. Бірақ неге екені белгісіз, аты аталған жапон қаламгерінің бес жылдан бері бағы жанбай келеді. Сонымен, биылғы үміткердің аты аталатын сәт те таяды. Келесі аптада, яғни 10 қазан күні Нобель лауреаты аталған қаламгердің есімі жалпақ жұртқа жария болады. «Өлеңге әркімнің бар таласы» демекші, 6 жылдан бері осы салаға үңіліп жүргендіктен, биыл да ойымызды айтып көрелік.

Сан Шуе алда келеді

Тізімнің басында эксперименталды қытай жазушысы Сан Шуе тұр. Ол қазір есімі жиі аталатын танымал қаламгер. Өткен жылы да есімі Нобельдің қысқа тізіміне енген. Сан Шуенің кітаптары жөнінде «Қытайдағы дәстүрлі әдеби стильдердің шеңберін бұзды» деген оң пікірлер айтылып келе жатқанына да бірталай жыл болды. «Мо Янға жақында ғана бердік қой» деген ішкі есеп болмаса, Сан Шуенің бұл сыйлықты алып кетуі де ықтимал. Сонымен, «оның қай шығармасының аты озып тұр» деген сұрақ та қойылары рас, оны да айталық. Шағын әңгі­мелер жинағы шет тілдеріне көп аударылған, әсіресе ағылшын тіл­ді оқырман жақсы біледі. Автор­дың ең соңғы романы, 2019 жы­лы жарық көрген «Жалаңаяқ дәрі­гер» атты шығармасы Нобель коми­тетінің назарын аударып отыр.

 

Харуки Мураками – 12/1

Биыл жапон жазушысы Харуки Мурака­миге осы әдеби сыйлықты беруге тағы бір мүмкіндік туып отыр. Оның 1987 жылы жарық көрген «Норвегия орманы» атты носта­ль­гиялық-романтикалық романы әлем жұрт­шылығының назарын аударғаны рас. Содан бері ол тынбай «Жағадағы Кафка» сияқты романын жазып, қазір модаға айналған си­қырлы реализм тақырыбын кеңінен танымал етті. Осыған дейін даңқы асқан қаламгерлерге беріліп келе жатқан әлемдік әдебиеттегі барлық үлкен сыйлықтарды жеңіп алған ол енді Нобель сыйлығын ғана күтіп отыр.

 

Жеральд Мурнан мен Ласло Краснахоркай – 14/1

Нобель сыйлығын жіті қада­ғалап жүрген әлемдік БАҚ-та биылғы үміткерлер туралы әр­түрлі сараптама бар. Ал менің ойымша, биыл аустралиялық жазушы Жеральд Мурнанның бағы жануы мүмкін. Оған ілесе мажар жазушысы Ласло Краснахоркай да алпауыт сыйлықтан дәмелі. 84 жастағы Мурнан – осыған дейін есімі көп аталмаған қалам­гер, бірақ білетіндер оның шығармашылығын жоғары бағалаған.

 

Басқа кімдер бақ сынауда?

Әркімнің ойында әр жазушы осы сыйлықты алуға лайықты деген өзіндік тізім бар. Мысалы, америкалық жазушы Томас Пин­чон­ның да бас­қа­лардан бәсі төмен емес екені айдан анық. Оның постмодерндік романдары, соның ішінде хамелеондық құбылысты бейнелеген «Кемпірқосақ» сияқты романы жазушы есімін Нобель сахнасына алып шығуы да ғажап емес.

Ал орыс жазушысы Людмила Улицкая жөнінде болжамдар әртүрлі. Кремльдік пиғылдағы саясат пен Путиннің Украинаға басып кіруін қатты сынайтын Л.Улицкая «Новая газетада» соғысты ашық түрде айыптағаннан бері Берлинде тұрады. Маргарет Этвудтің аты соңғы кезде жиі аталып жүр. Оның 1985 жылы шыққан «Қызметші қыздың ертегісі» романы өткір феминистік объектив арқылы ғылыми-фантастикалық тақырыптарды қамтитын кең ауқымды шығарма ретінде танылды. Сыйлық алмаса да, Маргареттің бұл шығармасы халықаралық сенсация болып қала береді.