• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Білім 05 Қазан, 2024

Денизліде оқып жүр

179 рет
көрсетілді

Білім жолы – ізденгенге ұзақ жол. Кезінде тарихымыздағы талай тұлға, ғұламалар ілім іздеп әрісі Америка, берісі Бағдат асқан. Қазір де сол үрдіс үзілмеген сияқты, өйткені «шетелдерде оқып жүр талай қазақ баласы».

Білім қуған сондай көптің бірін Түркиядан таптық. Нұрила Шотбай – Түркияның Денизлі қаласындағы Памуккале университеті «Ағылшын филологиясы» мамандығының 3-курс студенті. Шетелдік жоғары оқу орнына мемлекеттік бағдарламасыз, өз күшімен толық грантқа түскеніне елдегі алған білімінің, санасына сәуле құйып, ілім нәрін сіңірген ұстаздарының еңбегі ұшан-теңіз екенін айтады.

«Жамбыл облысы Қордай аулының №1 Дінмұхаммед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында әріп таныдым. Алғашқы ұстазым – Айнұр Қалықова. Әуелде гимназияның қарапайым сыныбында оқыдым. Екі сыныпты қатарынан үздік бітірген соң, гимназия сыныбына ауыстырды. Гимназия сыныбында оқытқан Ақнұр Майшыбекова да, қолыма бірінші болып қалам ұстатқан Айнұр мұғалім де кәсіби, мықты мамандар. Негізі білімдегі іргетас саналатын бастауыш сыныпта жақсы оқысаң, кейінгі білім алуға оң әсерін тигізетінін көбі айтып жатады ғой. 5-сыныптағы жетекшім Әмина Әбдуәлиқызы әрі қарай жетілуіме жағдай жасады. Сол кісі бұлақтың көзін ашқандай, бағытымды айқындап берді. Ерінбей-жалықпай қазақ тілінен талдау жасатып, шығарма, эссе жазудың қыр-сырын сабақта ғана емес, 45 минуттан бөлек уақытта да үйреткені жадымда жаңғырады», дейді Нұрила кейіпкеріміз.

Әдетте, мектептегі қай мұғалім қатал әрі талапшыл болса, оқушылардың басым бөлігі сол педагогтің пәнін бар зейінін салып оқиды ғой әрі болашағы да сол назары ауған сабаққа байланысты болатындай. Қазір Түркияда ағылшын тілі мен әдебиеті мамандығында оқып жүрген Нұриланың да мектептегі ағылшын тілі мұғалімі ең қатал әрі ең талап қойғыш ұстаздардың бірі болған екен. Оның көңілінен шығамын деп үздік оқу, ізденіп оқу ақыр соңында ешкімге салмақ салмай шетелдік университеттің грантын иеленуге итермеледі.

«Мектепте ағылшыннан берген Зәуреш Тоғайқызы әр сабағында кітаптың бүкіл тақырыбын өтіп, жаттығуларын жасататын. Тоқсандық бақылауда әңгімелесуден (speaking) көп тапсырма беретін. Сол кезде тым көп беретіні ұнамайтын, балалық қой, бірақ соның нәтижесінде сөйлеп үйрендік. Слайдтарды плакатқа сызып, кәдімгідей жоба қорғататын. Ағылшын тілінен бүкіл білім байқауларына қатыстыратын, оқушыларды қызықтыратын. Бір кез еліміздің барлық қаласынан оқушылар бақ сынаған олимпиадаға аулымыздан біздің мектептің оқушыларын ғана қатыстырды. Байқауға шетелдіктер әділқазы болды, қателеспесем, жартылай финалға дейін жеттік. Бастысы, бізде сенім пайда болды. Қазір ақпарат ашық қой, соңғы сыныпта сеніммен шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге талап ететін IELTS тесін тапсырдым. Содан алған халықаралық сертификатымды аттестатыммен қоса тапсырып, грантқа түстім. Университетте талап күшті. Сабақтан қалсаң, емтиханға кіре алмай қаласың. Бір пәннің емтиханынан өте алмасаң, қайта тапсыра салмайсың, келесі курста сол пәнді қайта оқисың. Абыроймен оқуыма елімізде алған білімімнің, мектептегі мұғалімдерімнің үлесі өте зор. Мереке қарсаңында маған сабақ берген барлық ұстазыма шексіз алғысымды білдіремін», дейді Нұрила.