Алматы облысында полицейлер ашық кәріз құдығына түсіп, қысылып қалған жылқыны құтқарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
5 қазанға қараған түні, облыс орталығының жеке тұрғын үй секторларының бірін патрульдеу кезінде "Бүркіт-253" ППВ полицейлері ашық тұрған кәріз құдығына құлап қалған жылқыны байқап қалды. Жағдайдың күрделілігін бағалай отырып, полицейлер жақын маңдағы патрульдік жасақты көмекке шақырды.
- Құтқару операциясы оңай болған жоқ: жануардың салмағы мен көлемі жұмысты айтарлықтай қиындатты. Алайда, Ернар Омаров пен Айбек Тұрсыновтың құрамындағы "Бүркіт-253" ППВ, сондай-ақ Дархан Есімханов пен Серік Ордабаевтың құрамындағы "Бүркіт-261" патрульдік полиция взвод іс-қимылдарының арқасында жылқы аман-есен құдықтан шығарылды. Барлық жұмыстар жануарға зиян келтірмеу үшін аса мұқият орындалды. Бұл оқиға полицейлердің әрқашан күрделі жағдайларға дайын екенін және қиындықтардан қорықпайтынын дәлелдеді, - деп жазды Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Аленов Instagram-дағы парақшасында.