Атырау облыстық аумақтық референдум комиссиясының мәліметінше, дауыс беру құқығына ие азаматтардың саны – 411 880. Дауыс берудің ашықтығы мен заңдылығын бақылайтын 7 ұйым акредиттелген.
«Бүгін өңірде 283 референдум комиссиясы жұмыс істейді. Оның 9-ы – аумақтық, 274-і – учаскелік. Жалпы комиссияларда 2037 мүше бар. Дауыс беру процессі вахталық қалашықтарда өтіп жатыр. Бұл жұмысты 38 учаскелік комиссия жүзеге асырады. Барлық учаске материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген», деп хабарлады облыстық аумақтық комиссиядан.
Атырау қаласы мен аудандарда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 100-ге жуық инватакси ұйымдастырылған. Сондай-ақ 15-ке жуық сурдоаудармашы бар. Учаскелерге тактильді белгілер орнатылған. Көзі нашар көретін сайлаушылар аудионұсқаны тыңдағаннан кейін трафареттермен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ тіркеуі жоқ, сол себептен ешбір учаскеде тізімге енбеген азаматтардың дауыс беру үшін учаскеге тіркелуге, дауыс беруге мүмкіндігі бар. Бұл қызмет Атырау қаласындағы 5 учаскеде көрсетіледі.