Душанбеде дзюдодан жастар арасындағы әлем біріншілігі аяқталды. Бұл жарыста еліміздің 18 балуаны бақ сынағанымен, солардың тек екеуіне қола медаль бұйырды. Қалған өрендеріміз қалың топтың арасында қалып қойды.
Памир тауының етегінде аса жеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Талғат Орынбасар қола медальды иеленді. Бастапқы бәсекелерде сербиялық Матико Жеремика мен қырғыз Адис Оразмаматовты жеңген жерлесіміз ширек финалда татами қожайыны Лоика Кудбудиновқа «голдан-скорда» есе жіберді. Одан кейін жұбаныш белдесуінде италиялық Винченцо Манферлоттиді «иппонға» тастаса, үшінші орын үшін тартыста әлем біріншілігінің финалисі, Еуропа чемпионы, әзербайжандық Низами Имрановтың аяғын көктен келтірді. Сөйтіп, Талғат әлемдік додада қатарынан екінші рет үшінші тұғырға табан тіреді. 19 жастағы шымкенттік дзюдошы былтыр да қола медальды қоржынға салған еді. Одан бөлек, Орынбасардың кадеттер арасында Азияның екі дүркін чемпионы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері, жастар арасында құрлық чемпионы деген атақтары бар.
81 кг салмақтағы Азат Күмісбай да әлем біріншілігінің қола жүлдегері деген атаққа қол жеткізді. Алғашқы айналымдарда моңғол Нергуи Мұңхбаяр, литвалық Айдас Пилесас, украиналық Игорь Цурканды ұтқан ол ширек финалда қытайлық Ван Жанвуаннан жеңілді. Жұбаныш белдесуінде нидерландық Джошуа де Лангеден басым түскен Азат қола медаль үшін бәсекеде тәжік Сунатулло Мусоевты тізе бүктірді.
Душанбеде мына дзюдошылар жеңіс тұғырына көтерілді: Ерлер – 60 кг: 1. Ямато Фукуда (Жапония), 2. Лоика Кудбудинов (Тәжікстан), 3. Талғат Орынбасар (Қазақстан) мен Муроди Муродалиев (Өзбекстан). 66 кг: 1. Шунтаро Фукуши (Жапония), 2. Тойли Мұрадов (Түрікменстан), 3. Герман Кобец (Ресей) пен Алессио де Лука (Италия). 73 кг: 1. Кейто Кихаро (Жапония), 2. Юсуке Такеши (Жапония), 3. Мардон Равшанов (Өзбекстан) пен Мұхиддин Асадуллоев (Тәжікстан). 81 кг: 1. Луа Джавахишвили (Грузия), 2. Ван Джиангван (Қытай), 3. Азат Күмісбай (Қазақстан) мен Сулейман Шукуров (Әзербайжан). 90 кг: 1. Комей Каавабата (Жапония), 2. Егор Малкин (Ресей), 3. Әлішер Саманов (Өзбекстан) пен Вадим Гимбовский (Молдова). 100 кг: 1. Мұхаммедсодық Содықов (Өзбекстан), 2. Нозоми Мики (Жапония), 3. Фарес Мехоук (Франция) пен Аждар Багиров (Әзербайжан). +100 кг: 1. Денис Батчаев (Ресей), 2. Канан Насибов (Әзербайжан), 3. Ибрагим Татароғлы (Түркия) мен Саба Кардава (Грузия).
Қыздар арасындағы бәсекеде қытайлық Хуи Хинран (48 кг), жапониялық Ироха Ой (52 кг), Рико Хонда (57 кг), франциялық Мелкия Ошекорн (63 кг), аустриялық Елена Денг (70 кг), колумбиялық Бренда Олайя (78 кг), оңтүстіккореялық Ли Хенджи (+78 кг) сынды спортшылар алтыннан алқа тақты.