Иран 7 қазан күні әуе қатынасына бұрын енгізілген шектеулерді алып тастады. Бұл туралы Ислам Республикасының Азаматтық авиация ұйымының өкілі Джафар Язерлу мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz ақпарат агенттігі.
«Операциялық кедергілердің жойылуына байланысты әуе рейстеріне бұрын жарияланған шектеулер жойылды. Бүгін 23:00-ден бастап (Астана уақыты бойынша 00:30) рейстер әдеттегідей орындалып жатыр», - деді Джафар Язерлу IRNA агенттігіне.
Бұған дейін мәлім болғандай Иранның Азаматтық авиация ұйымы 6 қазан күнгі сағат 22:30-дан 7 қазан күнгі 07:30-ға дейін елдегі барлық әуежайлардан рейстерді тоқтатқан.
Айта кетейік, Иран Израильге зымырандар ұшырды. Йемен де Палестина мен Ливанды қолдап, Тель-Авивтегі Израильдің әскери нысанасына шабуыл жасау үшін Яфа ұшқышсыз ұшағын пайдаланды.
Израиль өз кезегінде Ираннан кек алуға уәде берді.