• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 08 Қазан, 2024

Екі білім ордасы ашылды

57 рет
көрсетілді

Өткен аптада Қарасай ауданында еңселі екі мектеп пайдалануға беріліп, аудан жұртшылығын көл-көсір қуаныш­қа кенелтті. Сөйтіп биылғы оқу жылында аталған аудандағы жаңа мектептер саны 4 білім ұйым ұясымен толықты. Бұл өз кезегінде үшауысымды мектептер санын кемітумен қатар, балалар тасымалын жеңілдетіп отырғаны анық.

Әйтей ауылдық округі­нің аумағында орналасқан «Өмір­зақ» тұрғын-үй кешенінде көптен күткен 900 оқушыға арналған жаңа білім ошағының салтанатты түрде ашылуына Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов, аудан прокуроры Жәнібек Жақаев, сондай-ақ ел мақтанышы, Па­риж Олимпидасының дзюдодан қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев пен ата-аналар қатысты.

«Бұл – ауданымызда ашыл­ған білім мекемесінің ал­ғашқысы емес. Атап өтсек,  биылғы оқу жылының алғаш­қы екі күнінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған Қошмамбет пен Елтай ауылдарында 1200 орынға арналған заманауи үлгідегі 2 мектеп ғимараты пайдалануға берілген еді. Енді міне, «Өмірзақ» шағын ауданы мен Долан ауылынан су жаңа мектептердің құрылысы аяқталып, пайдалануға бері­луінің нәтижесінде ауданымызда соңғы екі жылда үш­ауысымдық мектептердің саны 12-ден 3-ке кеміді. Аталған бі­лім мекемесінің құрылысын мердігер «АҚ орда»  жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Мектеп  ғимараты замануи үлгіде са­лынған жас ұрпақтың сапалы бі­лім алуына толыққанды мүм­­кін­дік жасалған. Мате­риал­дық-техникалық базасы жоға­ры деңгейлі талаптарға сай келеді», деген Қарасай ауда­нының әкімі Жасұлан Естенов мектеп ұжымын, ата-аналар мен ұстаздар қауымын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, мекеменің бой көтеруіне жауапты болған компания құрылысшыларына алғыс айтты. Сондай-ақ аудан әкімі өз сөзінде аталған мектепте саналы ұрпақ тәрбиеленіп, мемлекеттің мақтанышы болатын балалар білім алатынына сенім білдірді.

Жиын соңында ғимаратты салған «АҚ орда» ЖШС-нің директоры Ербол Манапов салтанатты түрде мекеменің кілтін мектеп ұжымына табыс етсе, ауыл ақсақалы ақ батасын берді.

Айта кетейік, Өмірзақ орта мектебі 900 оқушыға арнал­ған. Үш қабатты. Іші толықтай заманауи тұрғыда жабдық­талған. Мектеп құрылысына 3 млрд 700 млн теңге шамасында қаржы жұмсалған. Бұ­ған дейін Әйтей ауылының Б.Қосынов атындағы орта мектепке «Өмір­зақ» шағын ауданынан 400 бала қатынап оқыса, енді жаңа мектепке барады.

«Көшіп келгелі жеті жыл болды. Осы арада мектеп салынады дегенді естігенімізбен, сенбеген едік. Екі жылдың ішінде еңселі ғимарат бой көтеріп, қуантып отыр. Бүгінге дейін қаншама бала мектепке тасымалданып оқып келді. Қыс күндері ата-аналарға қиын еді. Осы мәселе түбегейлі шешілді. Баласының үй жанындағы мектепке кіріп жатқанын көріп, қуаныштан көзге жас алып жатқаны да бар», дейді шағын аудан тұрғыны Жолдасбек Мәмбетов.

Ал аудандық білім бөлі­мін­дегілер жаңа мектепте 600-ге жуық бала сабақ бас­тап жат­қанын айтады. «Бұл жерде бұ­­рын мектеп болмаған. Сол се­бепті оқу­шы­лар Әйтей ауы­лын­дағы Қосынов мек­тебіне та­сымалмен оқитын. Бүгін  үлкен мәселе шешілді. Бұл алды­мен бала­лардың өмірі мен денсаулығының қауіп­сізді­гін қамтамасыз етеді. Күре жол­дан өтіп, жан-жаққа қаты­нап оқып жүрген баланың бә­рі бү­гін осы мектепке келді. Ауда­­нымыздағы үш ауысым мәсе­­лесі тағы бір мектепке азай­­ды», дейді аудандық бі­лім бө­лі­мінің басшысы Әсел Еркінбаева.

Келесі күні Алматы облысы Қарасай ауданының Долан ауылында тағы бір еңсесі биік, заманауи технологиямен жаб­дықталған 1200 орындық білім ордасы қолданысқа берілді. Осы­мен облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3-жайлы мектеп бой көтер­генін айрықша атаған абзал. Ашылу салтанатына аудан­ға жұмыс сапарымен кел­ген ай­мақ әкімі Марат Сұлтан­газиев арнайы қатысып, ізгі тілегін білдірді.

 

Алматы облысы