• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Референдум 2024 08 Қазан, 2024

Ұйымшылдықпен өткен күн

84 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы тұрғындары референдумға ұйымшылдықпен қатысты. Жалпы өңірде 444 428 азамат дауыс беруші тізімінде тіркелген.

– Республикалық референ­дум­ға тыңғылықты дайындықпен келдік. Облыста 681 сайлау комиссиясы болса, референдумда соның 510-ы, яғни құрамында 3 220 мүшесі бар 14 аумақтық референдум комиссиясы және 496 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істеді. Комиссия мүшелері алдын ала толық оқытылды. Олардың 74,8 пайызы бұрын да сайлау өткізген, тәжірибелі мамандар, – дейді Батыс Қазақстан облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов.

Облыс бойынша дауыс беру Орал қаласында орна­лас­қан Ұлт­тық ұланның 5517 әс­кери б­өлі­мін­де басталды. Ұлан сарбаздары ертемен жа­уын­­герлік қызметке аттанатын бол­­ғандықтан, №479 дауыс бе­ру учаскесі таңғы сағат 06.00-де ашылды. Дауыс беру орнына алғашқылардың бірі болып Ұлттық ұлан «Батыс» өңір­­лік қолбасшы генерал-майор Бекайдар Қазкеев пен 5517 әс­кери бөлім командирі подполков­ник Өміржан Сахатов келіп дауыс берді.

Ал Батыс Қазақстан облы­сы­ның әкімі Нариман Төреғалиев Оралдағы Ақпараттық технологиялар колледжіндегі учаскеде таңдауын жасады.

«Мен де дауыс беру учаскесіне келіп, азаматтық борышымды өтедім. Еліміздің әр тұрғыны дауыс беру учаскелеріне ке­ліп, таңдауын жасай алады. Облыс тұрғындары өздерінің азамат­тық позициясын белсенді көр­се­теді деген сенімдемін», деді Н.Төреғалиев.

Мәліметтерге қарағанда, об­лыс бойынша әдеттегідей ауыл тұрғындары белсенділік та­нытқан. Мысалы, Шыңғырлау ауда­нына қарасты Ақсуат ауы­лында тұ­ратын кәмелет жа­сын­­дағы 90 адам бір сағат ішін­де дауыс бе­ру­ді аяқтаған. Ауыл болып 100 пайыз дауыс бергендер қатарында Қазталов ауданындағы Оразғали ауылы, Жәнібек ауданындағы Майтүбек ауылдары да бар.

Өңір бойынша ең қария сайлаушы да Шыңғырлауда екен. 104 жастағы Нұрсұлу Тоқжанованың үйіне №424 референдум комис­сия­сының мүшелері жылжымалы жәшікті жеткізіп, дауыс беруіне мүмкіндік жасаған.

Жал­пы, облыс бойынша рефе­рендум өте ұйымшылдықпен өтті. Дауыс беретін жерге ұлттық киіммен келген бәйтеректік келіндер тобы, Мичурин ауы­лындағы байкерлер, рефе­рендумға 100 пайыз қатысқан терек­тілік білім саласы өкілдері көзге түсті.

 

Батыс Қазақстан облысы