• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Еңбек 09 Қазан, 2024

Бабын тапқан бизон да өсіреді

85 рет
көрсетілді

Ақкөл ауданындағы Новорыбинка селолық округіндегі «Агрофирма халық жері» серіктестігі бизон әкеліп бағып жатыр деген хабарды естігенде таң қалғанымыз рас. Сөйтсек, бизон бағумен бірге бірқыдыру игілікті іс қолға алыныпты.

Иә, сонымен бизон баққан­ды да көрдік. Шын екен. Серік­тестік жалғыз бизон емес, табын-табын жылқы өсіріп, табысқа кенеліп отыр. Аудан­дық ауыл шаруашылығы бөлімі қызметкерлерінің айтуларына қарағанда, жосығы бөлек жаңа жобаның жалпы құны – 340 млн теңге. Тосын іс қолға алынып, жаңадан 10 жұмыс орны ашылыпты. Төрт түлікті төскейге жайып, табыс көзін молайтқан серіктестік 6 мыңға жуық мал бағады.

«Швейцарияның «Swiss Choice Holding SA» компаниясымен бірлесіп қолға алын­ған жоба шеңберінде 12 бизон жеткізілген. Барлық мал дәрігерлік, карантин шаралары сақталған. Бағымы бөлек бизон шаруашылығын өркендету үшін жер бөлінген. Арнайы мал қамайтын орындар мен ет өңдейтін, мал азы­ғын дайындайтын зауыт­тар құрлысы жүріп жатыр», дейді аудандық ауыл шаруа­шы­лығы бөлімінің басшысы Валентина Ситникова.

Ақкөл ауданында ауқымды іс аз емес. Қарасай селолық округіндегі «Тың жер 18» серік­тестігінде бір сағаттың  ішін­де 100 тонна астық тазалай алатын желі салынбақ. Құ­рылғы серіктестіктің өзіне ғана емес, қанаттас қонған өзге де ауыл шаруашылығы құ­ры­лымдарына септігін тигізбек. Кеңес селолық окру­гіндегі Айдарлы ауылында форель шаруашылығы ұйым­­дастырылған. Құрыл­тай­шылар жобаға 100 млн теңге төңірегінде қаражат салған.

Ақкөл ауылында «РОК Ақкөл» серіктестігі сауықтыру кешенінің құрылысын қолға алған. Бұл мақсатқа 500 млн тең­ге қаражат құйылған. Әзір­ге 10 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Жоба толықтай жүзеге асқан кезде қырықтан астам адам тұрақты жұмыспен қам­тыл­мақ. Аудандағы тағы бір ауқым­ды жұмыс – тауарлы сүт фер­масының құры­лысы. «Ең­бек» серіктестігі бұл жобаға 8,3 млрд теңге қара­жат құймақ. Жо­ба қазір мем­лекеттік сараптау­дан өт­кі­­зілген. Инженерлік, электр желілері тартылып, ал­ғаш­қы кезекте қажет болатын бар шаруа атқарылған. Жаз­да гольш­тейн тұқымды 816 мал жеткі­зілген. Тауарлы сүт фер­масы­на немістің өте сапалы сауу құрылғылары алыныпты.

Жыл басынан бері аудан­дағы өндірілген өнеркәсіп өнім­дерінің құны 3 млрд тең­ге­ні құрайды. Табиғаты тамыл­жыған ауданға инвестор­лар да айрықша ықылас аударып отыр. Ақкөл орман шаруа­шы­лығындағы «Сенім» емдеу-сауықтыру орталығы қомақты инвестицияның арқасында жүзеге асырылмақ.

Ақкөл қаласының өзінде «Ақ­көл» көпсалалы кешені­нің құ­рылысы жүріп жатыр. «Ramadan» макарон өндіретін зауыт құрылысы басталды. Зауытқа құйылатын инвестиция көлемі – 3,5 млрд теңге. Кәсіпорын тәулігіне 48 тонна макарон өндірмек. Урюпин селолық округіне қарасты Тал­қара ауылында бағалы ба­лық өсіру қолға алынған. Бағыт­талған инвестиция 100 млн теңге шамасында. Краснобор су қоймасында алтай тұқысы мен ақ амур өрістетілген. Жы­лына 20 тоннаға жуық балық ауланбақ.

 

Ақмола облысы,

Ақкөл ауданы