• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 10:27

Арал теңізіне су жіберу жоспары 100%-ға жуық орындалды

51 рет
көрсетілді

Соңғы 5 жылда алғаш рет вегетация кезінде Аралға су жіберу жоспары 100%-ға жуық орындалғаны туралы тиісті министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Министрлік биыл вегетация кезінде Арал теңізіне 977 млн текше метр су жіберді. Бұл жоспарланған көлемнің 98%-ы. Айта кету керек, соңғы бірнеше жылда суару маусымында теңізге 350-400 млн текше метрдің айналасында ғана су жіберіліп келген болатын.

Ал, жыл басынан бері Аралға 2 млрд текше метрден астам су түсті. Ведомство жыл соңына дейін тағы 500 млн текше метр су жіберуді жоспарлап отыр. 

«Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 86-шы отырысында сала министрі Нұржан Нұржігітов суару маусымы кезінде Аралға 997 млн текше метр су жіберу жөнінде келісімге келген болатын. Нәтижесінде, Солтүстік Арал теңізінің су көлемі 22 млрд текше метрге жетті. Теңізге осыған дейін вегетация кезінде секундына 7-10 текше метр су жіберілген болса, биыл секундына 60-70 текше метр су жіберілді. Көрсеткіш 10 есе артық», деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Зейнулла Қазтоғанов.

Аралдан бөлек, биыл алғаш рет суару кезеңінде теңіз маңындағы Ақшатау-Сорғақ және Қамыстыбас көлдер жүйесіне 45 млн текше метрден астам су жіберілген. Бұл балық шаруашылығы мен туризімді дамытуға тиімді әсер етіп отыр. 

Мәселен, соңғы жылдары Арал теңізінің минерализациясының азаюы – балықтың көбеюіне жағымды әсер етті. Теңіз тартылғаннан бері жергілікті балықшылар жылына 400 тонна ғана балық ауласа, қазір 7,5-8 мың тоннаға дейін балық аулайды екен.

«Су келгелі балық та жанданып, дарияға кіріп жатыр. Биыл былтырғыға қарағанда балық көбірек. Аралды осы деңгейде ұстап тұрса да балық шаруашылығы дамиды», дейді Қаратерең ауылының тұрғыны, балықшы Күнтуған Тұрғанбаев.

Айта кетсек, Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Солтүстік Арал теңізін сақтау жөніндегі жобаның екінші кезеңіне дайындалып, құжаттама әзірленіп жатыр. Екінші кезең Солтүстік Аралды тұрақты сумен қамтамасыз етуден бастап экономикалық және әлеуметтік жобаларды дамытуға дейінгі түрлі бағыттарды қамтиды.