Журналист жолда жүргенде
3. Алтайымнан айналдым
Қазығұрттан қарадым.
Алтайымнан айналдым.
Дедік. Деп едік. Сіздің тілшіңізге тас-қын болған Шығыс Қазақстанға барып қайту туралы тапсырма берілгенде, Қазығұртта, “Нұқ пайғамбардың кемесі” кешенінің түбінде тұрғанбыз. Мемлекеттік рәміздер күнінің қарсаңы-тұғын. “Киелі Қазығұрт” қоғамдық қоры мен Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы бірлесіп, керемет мереке өткізіп жатқан. Қазығұрттың тепсеңіндегі арнайы сахнада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, Астанадан әдейі шақырылған мәртебелі мейман Жандарбек Мәлібеков сөйлеп тұрған. “Мынау – шаңырақ. Мыналар – керегелер. Жетпіс уық – өмір мен күн көзінің сәулелері. Мынау – босаға. Астындағы – табалдырық. Елтаңбамыздың екі жағында – алтын қанатты, ай мүйізді ақбоз пырақтар. Үлкен қауырсындар – ата-баба-лар, аға ұрпақтар. Кіші қауырсындар – жас өскін, жаңа ұрпақтар...” деп толқыған.
Қазығұртыңызға қалтафон арқылы жедел жеткен тапсырма таңырқатқан. Сіздің тілшіңізді. Қойын дәптеріміздің ішкі мұқабасы кең-байтақ Қазақ елінің картасы-тұғын. Алтай жаққа көз тастап, қиялға шомдық сол сәтте. “Қазығұрттан қарадым. Алтайымнан айналдым”, – дедік күбірлеп. Сол күні ұшаққа билет алған ек.
Қалбатау қарғынының іздерімен көп жүрдік. Тарбағатай тағылымына қанықтық. Ендігі жолымыз Өр Алтай мен Төр Алтайға түсіп тұрыпты. Түс ауа тарғыл-тарғыл тауларды артқа тастадық. Оң бүйірімізден Бұқтырма теңізі байқалған. Бұлаңыта бұлдырап. Бірсін-бірсін айқындалған. Жақындаған. Алғашқыда сұстылау, суықтау сезілген. Бірте-бірте жылуарланған. “Сағат төрттегі паромға үлгереміз. Жақсы болды”, – деді Әлібек Қаңтарбайұлы. Бергі беттен арғы жағаға дейін паромыңыз жарты сағаттан астам уақыт жүреді екен. Жеті шақырымды. Паромның шайханасындағы орыс қыздары шырайлы һәм шуақты. Пісте майға самса қуырып жатыпты. Нұржан Қуантайұлы биік терезеден бұйра толқындарға көз тастайды. Ойлы. Өзінің өлеңіндегідей: “...Ақ көбік толқын, қай жерде тудың? Тереңінде ме теңіздің. Елжіреп жатқан жағаны жудың. Елесін таппай көп іздің”, – дейтіндей. “Одар күтіп тұрған сияқты”, – дейді қара көзілдірікті Қаңтарбайұлы. Әлекеңнің әдеті: олар демейді, одар дейді. Бұлар демейді, бұдар дейді. Бір өзі – бір диалектілік аймақ секілді.
“Одар” шынымен-ақ күтіп тұр екен. Катонқарағай ауданының әкімі Серік Зайнулдин мен мәслихат хатшысы Дүйсен Бралинов мырзалар. Аудан орталығы Үлкеннарынға жеткенше тасқын жайы тілге тиек етілді. Бұқтырмаңыз кешірек тасиды. Ұлы өзеніңіз мұнар-мұнар таулардан, мұздықтардан басталар. Ақайрық, Қапас қатпарларынан. Әуелгіде ені елу метр. Келе-келе жетпістен жүзге жетер. Бара-бара жүз елу метрден асып та кетер. Жол-жөнекей жүздеген салалар қосылар. Ойсып пен Ақбұлақ, Барынду мен Черновая, Каменка мен Жазаба, Жаңатаң мен Өрел, Сарқырама мен Күркіреме, Сарымсақты мен Бұланты деп жалғаса берер. Катонқарағайдың көлдері де көп. Қаракөл, Қамыстыкөл, Алакөл, Маралдыкөл, Арасанкөл... Мемлекеттің жәрдемімен былтыр бірталай іс тындырылыпты. Тасқынға тосқын қою жөнінде. Өткен жылғы маусым айында Бұқтырма бөтенше буырқаныпты. Мұз кептелген. Бірталай үйді су алған. Бірталай жердің жолы шайылған. Сонда облыс әкімі мен Төтенше жағдайлар министрі келген. Халықпен кездескен. Тез арада тоспа-тоған салуға 21 миллион теңге, жол жөндеуге 53 миллион теңге бөлінген. Мал-мүлік шығындарын өтемекке қажетті қаржы қарастырылған. Былтыр және биыл талай-талай тоспа-тоғандар, бөгет-бөгендер бой көтермегенде ше, алыстағы Аршатыдан бастап, беріректегі Балғын, Үлкеннарын, Ақсу, Сенное, Қайыңды ауылдарына қатты қауіп төнетін еді.
Серік мырза әңгімелеп отыр. Оралхан Бөкейдің ауылы Шыңғыстайдың жанынан бұлғақтап ағатын Бұқтырманың бойын бекітуге және тау селіне тосқауыл қоймаққа ЖСҚ жасалып, 27 миллион теңге қаржы бөлу туралы ұсыныс беріліпті. Аудан тарапынан. Әлібек Асқаровтың ауылы Ақмаралдың жанынан алқынып ағатын Быструшка өзенінің арнасын кеңейтіп, ескірген көпірді жөндеуге де ЖСҚ жасалып өткізілген. Катонқарағай ауылында Катунка өзенінің арнасын кеңейтпек ләзім. Қызыл судың қаупі үлкен. Оған он миллион теңге керек.
“Былтыр және осы көктемде салынған бөгеттер абырой болды, әйтпесе, – деп ойланып қалады Серік Зайнулдин. – Биыл да көп қиындықтарды бастан кештік. Қардың қалыңдығын қайталамай-ақ қояйын. Наурыздың он жетісінен он сегізіне қараған түні Сөгір – Печи автомобиль жолында адам шошынарлық қар көшкіні түсті. “Қазселденқұтқару” мемлекеттік мекемесінің мамандары көшкін көлемінің 45350 текше метрден асқанын анықтады. Бұл – біреуі ғана. Одан кейін қаншама көшкіндерді көрдік. Аққайнар мен Берел ауылдарын су басты”.
Бұл кезде бұрынғы Большенарым, бүгінгі Үлкеннарын кентіне жеткенбіз. Бердібек Сапарбаев бұл ауданға былтыр алғаш келгенде қызық бопты. Аудан орталығының көркіне қатты қапаланыпты. Серіктің Катонқарағайға әкім болғанына көп уақыт өте қоймаған ғой. Сонымен не керек, Сапарбаевыңыз: “Мынадай да орталық бола ма? Мен сендерді Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданына апарайын. Шолаққорған дейтін орталығын көрсетейін. Ондағы табиғат жағдайы, ондағы қиындықтар осы жердегіден он есе күрделі. Мыналарың ұят. Бір ай мерзім берем. Абай атамыз айтқандай, істі қалай бастағандарыңа қарап қаржы бөлем”, – дейді. Бір айдан соң қайта соғады. Сапарбаев. Бұл кезде Серік Зайнулдиніңіз зада тектілігін танытып, зайырлы болжампаздығын аңғартып, бірталай тірліктерді бастап үлгерген. Зәуқайырда ойынан шықпаса, орнынан алуды діттеген облыс әкімі әрлене бастаған, зерленіп үлгерген орталыққа қарап, қуанып қалады. Күледі. “Біраз нәрсені талқандап тастағансың ба?” – дейді. Аудан әкіміне. Зайнулдиніңіз саспайды. “Беке, өзіңіз қаржы қарастырамыз деген соң...” деп, күмілжіген кейіп танытады. Қазір қарасаңыз, Үлкеннарынның орталық алаңы мұқым-мүлде басқашаланған. Теп-тегіс күйге түп-түгел жеткізіліп, толайым-тұтас асфальтталған. Алаңның айналасы ерекше ернеутастармен (бордюр) бәдізделген. Үй-жайлардың қасбеттері өңдене өзгерген. Гүлзарлар жасалған. Әсіресе, Мәдениет үйінің іші де, сырты да заманауи талаптарға толық сай келердей сапалы жөнделіп, орталық алаңның көркін арттырған.
Катонқарағайыңызда он үш ауылдық округ бар. Елу төрт елді мекенді қамтиды. Елу екі мектеп бар. Катонқарағай ҰБТ-дан үш жылдан бері бірінші орында. Аудан бойынша 78 мың қой-ешкі, 40 мыңнан аса ірі қара, 7 мыңға жуық марал мен теңбіл бұғы, 10 мыңдай жылқы, 5 мыңнан аса шошқа өсіп жатыпты. Омарта шаруашылығы да жаман емес. 8 700 ұя ұсталады. Егіндік жері 70 мың гектар. Оның 20 мыңына бидай, 33 мыңына күнбағыс, 15 мыңына мал азығы дақылдары, 1270 гектарына картоп егілген.
“Басты мақсатымыз – туризмді дамыту, – дейді Серік мырзаңыз Алтай тауларына қарап қойып. – Ең күрделі мәселе – жол. Теңдесі жоқ Тәңірсу дейтін арасан қайнары тү-у түкпірде. Мұзтау жақта. Елу километр жол мүлде нашар. Республикалық, облыстық деңгейде деп есептелетін трассалардың өзі сын көтермейді. Ал аудандық маңыздағы жолдар 85-жылдардан бері жөндеу көрмеген. Қазір өз күшімізбен қамдастырып жатырмыз. Жиырма жеті шақырымын ретке келтірдік”.
Катонқарағай ауданындағы жол бойларынан дәмханалар мен қымызханаларды жиірек байқайсыз. Үкімет қымыздың әр литріне алпыс теңгеден субсидия төлейтін болыпты. Былтыр 28 қымызхана жұмыс істеген екен, енді 35-ке жетпекші. Киіз үйлер тігіле бастапты. Ағаш үйлер салынып жатыпты. Зайнулдин әкім болып келгелі алға жылжыған тірліктер аз емес екен. Тоғыз жерде мал бордақылау алаңы ашылыпты. Бір кило етіңізге тоқсан теңгеден субсидия төленеді. Көктемгі егіске мемлекет тарапынан 83 миллион теңге бөлініпті. Шаруа қожалықтары үшін үлкен көмек қой бұл.
“Қалталы азаматтардың қайырымды болғанына не жетсін, – дейді Серік. – Осыдан екі жылдай уақыт бұрын әкім боп тағайындалдық емес пе? Катонға. Осында саяхатқа шыққан екі досқа кезігіп, танысудың сәті түсті. Біреуі Ақтаудан, екіншісі, Алматыдан екен. ҚазМУ-де бірге оқыған екен. Алтайды жақсылап көрмек екен. Жан-жақты білмек екен. Мықты-мықты кәсіпкерлер екен. Қыдырды. Қатты қызықты. Нәтижесі не болды дейсіз ғой? Екі жылдан бері “Екі дос” атты демалыс және емалыс орнының құрылысы қызу жүріп жатыр. Екеуі 350 миллион теңге қаржы шығарды. Марал шаруашылығын сатып алды. Панты өнімдерімен емдеуге. Маусымның екінші онкүндігінде іске кіріседі деп отырмыз. Ертең барып көресіздер ғой”.
Аудан аумағындағы құрылыстың қарқыны қуанарлықтай. Бұрын орталық болған Катонқарағай кентінде жобалық құны екі миллиард теңгелік керемет аурухана салынып жатыпты. Еуропалық стандартқа сәйкес. Алдағы тамыз айында пайдалануға берілмек. Өрел ауылында құны 824 миллион теңгелік, 320 орындық ғажайып мектеп бой көтеріп келеді. Зайнулдиніңіз Зайсаннан осында келгеннен кейін баяғыда ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен мәдениет ошақтары мен балабақшаларды қайтаруды қолға алды. Оңай емес, әрине. Көп ұзамай-ақ 23-тің 16-сын тегін қайтаруға қол жеткен. Соңғы екі жылда үш балабақша ашылды, он тоғыз мектеп, үш клуб пен үш балабақша күрделі жөндеуден өтті.
Жұртшылықпен, қатардағы, қарапайым жандармен, тізгін ұстаған жетекші жігіттермен шүйіркелессеңіз, талай-талай жәйттерге қанығасыз. Қақаған қыс ызғарын сезінесіз. Аса ауыр болған айлар, алты-жеті метрге жеткен қар, алпыс градустан асқан аяз оралып кеп қалғандай күй кешесіз. Басшылықтағы байыптылардың бірі Қалихан Байғазыұлы бүй дейді-ай: “Білесіз бе, жеті ай қысты ойға салыңызшы. Алты метр қар. Қырық үш градус суықтық. Бір күн емес. Екі күн емес. Бір ай емес. Өткен қыста ше, төрт ай бойы сөйтті ғой. Белгілі бір нүктелерде алпыс бірге жетті. Әсіресе, қырық үшті ойласам, әлі күнге дейін шүйдем шыңыл қағады-ай. Бүгін де – қырық үш. Ертең де – қырық үш. Апталар бойы. Айлар бойы... Ығырың шығып, зығырданың қайнайды. Алайда, сен басшысың. Саған сенім артылған. Елге бас-көз болмаққа міндеттісің. Деп, қайралып, тірлікке кірісеміз ғой, баяғы. Жолда қалып қойған автобусқа асыға аттанасың. Алпыс бала үсуге таяу. Аудан орталығына асығыс жеткізесің. Жылындырасың. Тамақ ұйымдастырасың. Орналастырасың. Қыс бойы осылай. Ал термометрге қарағың келмейді. Қырық үш градус... Аяз...”.
Қалихан Байғазыұлы – кәнігі аңшы. Темір тормен қоршалған қораның бір бұрышын бытырлата үзіп, олай да былай ысырып, қырылдай қорбаңдап кіріп, малды қырып, жапырып жүрген қос аюды қақ маңдайдан атып құлатқан Қалиханыңыз осы. “Біздің бұл өңірде өмір сүру оңай емес. Айттым ғой, жеті ай қыс. Көктем мен жаз және күз қосылғанда, бес айға кейде жетеді, кейде жетпейді. Бес ай түгелдей келесі қыстың қамымен өтеді. Әсіресе, шөп шабу мен тасу және жинап алу кезінде алтайлықтардың бір-біріне қарауға, тіпті сәлемдесуге мұршасы жоқ. “Ассалау” дейді. “Әлекім” дейді. Толық айтып тұруға, мойын бұруға мүмкіндік кем”, – дейді Қалиханыңыз қалжыңын араластырып.
Ертеңіне ертелете аттандық. Алтайдың қойнауларына қарай. Мәслихат хатшысы Дүйсен мырза мен әкімнің орынбасары Қайырхан Сәдуов жол бастады. Кішінарын ауылындағы қайтарылған балабақша мен клубты көріп қуандық. Тап-тұйнақтай балабақшаның меңгерушісі Гүлмира Саяқованың шаттығында шек жоқ. Айнала-төңіректі түгел гүлге бөлеп үлгеріпті.
Майемер ауылынан ары қарата қайран Алтай құшағына қысып ала жөнелер. Нарын өзенін әлсін-әлсін кесіп өтерсіз. Көпірлер арқылы. Шығысқа қарай өрлей түсерсіз. Сол жағыңыздағы жатаған таулар тықырлау тартар. Ал оң жағыңыз – Алтайыңыздың Алатау сынды сілемдері. Бұйра-бұйра ақшаңқан бұлттар қалқиды-ай. Ақша бұлттардың астында қарлы шыңдар зораяр. Сап-салқын, жеп-жеңіл желемік желбірей елбірер. Еңістеу етектегі жазықтар жап-жасыл шалғынға айнала бастаған. Алтын жалатқандай ақсары, саршанақ гүлдер, түйіртпектер жайнаң қағады. Қайда қарасаң да. Қайырхан: “Сол жақтағы таулар мен жота-жондар, қырат-қырлар ну орман, қарағай-қайың, қалың тайга болған. Сіз қайран қалып отырсыз-ау? Бұл – әбден селдіреп, тозғандағысы ғой”, – деді. “Алтайдың қасиеті де көп, қасіреті де қалың, – деп күрсінді әріптесіміз Әлібек Қаңтарбайұлы. – Әне, анау ойпаңдағы Солдатово селосы. Сол жақтағы. Ал оң жақтағы Өрнек ауылы”.
Өрнек десе, Өрнек екен. Ғажайып көрініс. Қара сөзбен жырлаған Оралхан Бөкей прозасының құдіретті әуені қалықтап жеткен құлаққа.
Қаңтарбайұлы Әлібек һәм осы Катонқарағайда, Топқайыңда туып-өскен. Қарасамырсын деген шатқалды көрсетті. Бүркітті деген шыңды көрсетті. Пахомов деген чекисті атып кеткен банды Балтабайды тілге тиектеді. Әмбеге белгілі Әбдікерім ақынмен бірге арғы бетке өткен. Тәркілеу мен ұжымдастырудың тұсында. Үш әріптің адамдары Әбдікерім ақынды у беріп өлтірген. Ал Балтабайдың аты Қытайда да аңызға айналған. Одан соң баршамыз Оспан батыр туралы ой бөліскен болдық.
Бұрынғы Медведка, бүгінгі Белқарағай ауылы ойпаң белдің астында қалып барады. “Мына тауда қарақат, мойыл, балқарағай, таңқурайдың түр-түрі, бүлдіргеннің бірталайы, шырғанақ өседі. Қазір бәрі бүрленіп, гүлденіп, түйіндеп жатыр. Бірақ одарды (олар демейді) қызықтауға, күзде теріп, жинап алуға катондықтардың қолы тимейді. Шөп шабудан, пішен жинаудан, мал-жанның қам-қарекетінен”, – дейді Қаңтарбайұлы. Оған Оңдасын тиіседі: “Қайдам, әйтеуір ауызды қу шөппен сүрте бересің ғой”, – деп.
Сәл тепсеңдеу тұстағы сайдың күнесінде дарбаза тұрыпты. Онда “Катонқарағай мемлекеттік ұлттық паркінің тұқым бағы” деп жазылған екен. Бұрылдық. Тұқым бағына кіре бере қатты-қатты қуанып кетесіз. Көшеттердің кесте-кесте күйінде көз ұшына дейін тізіліп тұрғанын көріп. Жүрегіңіз атқақтайды. Төр Алтайдың келешегі, кенеркөгі кесте-кесте көшеттер арқылы аңғарылатындай. Қасыңызға Қасымбеков Бөленхан келеді. Күлімсірей сәлем береді. Жүйек-жүйек, жүлге-жүлге жасылкөк көшеттер плантацияларының арғы шетіне көз жетпес. Орта тұсында қыз-келіншектер жүріпті. Өңдейді. Жетілгендерін жөндейді. Кесте-кестелерден қазып алып, десте-дестелеп жинайды. Қылқан жапырақтылардың түр-түрі жыпыр-жыпыр етіседі. Тұп-тұнық, тап-таза, мөп-мөлдір мыңдаған тамшылар жалт-жұлт жайнайды. Қылқандылардың қылтиған бойларынан. “Тұқым бағының аумағы 58 гектар, – дейді Бөленхан мырзаңыз. – Мынау – Сібір шыршасының қатарлары. Жайырақ жетіледі. Баяулап өседі. Екі жылда 10-12 сантиметр боп тұр ғой, міне. Уақтылы, ықыласпен қондырылса, бір метрден асқан соң заулайды. Жиырма екі түрлі жеміс-жидек көшеттері де бапталады бізде. Жақында Ресей Мемдумасының депутаты Владимир Кузнецов деген кісі кеп кетті. Бұрын Новосибирскіде губернатордың орынбасары болған екен. Катонқарағайдың көшет бағына қатты қызықты. Тіпә-тіпә, тіл-көзің тасқа дедік”.
Көшеттер әлемінің әсерімен Топқайыңға топ ете түскенімізді Бүркітті бұлағына тірелгенде ғана білгендейміз. Мұнартыңқыраған Маятекше, қарауытыңқыраған Қырыққұдық былайырақ қалған. Оң жақтағы шоқылар тұп-тұтас аққайың. Жоғарырақта сыңсыған самырсын. Тау-таулардың арғы аңғарларынан ақ жайлаулар, Сарыалқадай саржайлаулар басталар. Күршіміңізге дейін керіліп-созылар. Деседі. Төменіректе Топқайың ауылы. Ауылдың арғы бетінде Ақтасты жайлауы. Сәл күшығысқа таман Қоңқай тауы. Қалиханыңыз қатырып, Оралханыңыз опырып жазатын Қоңқайыңыз осы. Топқайыңда қазақ прозасының қаранары Қалихан Ысқақтың қарашаңырағы бар. Қайырылдық. Келіні Қорлан қасымыздағы Қаңтарбайұлын танып, бірден қалжыңға басты. Қуантайұлы Нұржан екеуміз Қалихан ағамыздың жалаңаяқ жүрген жерлеріне құмарта, қызыға қараймыз. Сүт қатқан шәй мен қолдан жабылған ақ ұлпа бөлке нанды соғып отырғанымызда, қаламгер ағамыздың інісі Сайлауханның ұлы Айдын келді. Тұп-тура Қалағаңның жас кезін көргендейміз. Айдынның келіншегі Ақгүл шәй құйып отыр. Қорлан: “Сайлаухан құдаларына кетіп еді, Ұлан жаққа”, – деп қояды. Айдын: “Атам (Қалихан Ысқақты айтады) мен Дәмеш апам Дидахмет ағаның тойынан кейін келетін болды”, – деді масаттана сөйлеп, маңдай терін маңыздана сүртіп.
Сарымсақтыдан өте бере Катонқарағай кенті басталар. Ауыл әкімі Амантай Балтабаев күтіп тұр екен. “Бұрын, кеңес тұсында КГБ-да істеген, подполковник шенінде зейнетке шыққан” деп еді Әлекең жол-жөнекей. Әбекеңнің түсі суықтау шығар десек, жып-жылы көрінеді. “Мынау Оралхан Бөкей оқыған мектеп”, – дейді. Аңтарыла таңырқаймыз. “Анау Оралхан Бөкей еңбек жолын бастаған баспахана мен аудандық газеттің бұрынғы үй-жайлары”, – дейді Амантай. Қайырылып қараймыз. “Тасқаланы”, “Саратанды” жазған Дидахмет те көп жүрген жерлер ғой.
Катонқарағайда жеті мың адам тұрады, шаруа қожалықтары екі жүзге таяу. Тым ұсақ. Ірілендіруге әрекет жоқ емес. Үш жүз гектар егістік жермен, қой, ірі қара, жылқы, марал өсірумен қарекет етеді. “Бізде бидай пісіп үлгермейді. Бірақ баяғыда, тың игеру ұранымен талай жерлер аяусыз тілгіленіп, жабайылықпен жыртылған”, – дейді Амантай. Үш орта, екі орталау мектеп бар екен. Катонқарағай кентінде. Төңірегінде Қабырға, Жаңаүлгі, Шыңғыстай, Мойылды сынды ауылдар тұр. Катонқарағай – бұрынғы аудан кіндігі. Қазір де солай сезіледі. Біз жаңадан салынып жатқан ғажайып аурухананы, осы өңірдің түлегі, кәнігі кәсіпкер Ертай Кешімбаевтың көмегімен көмкеріліп, жайнап үлгерген, жасөспірімдер мен балалар игілігіне икемделген жаңа саябақты араладық. Ауыл әкімі: “Қуаныштарымызға қуанғандарыңызға, Төр Алтайдың түкпіріне келгендеріңізге рахмет. Бізде ғана емес, бүкіл облысымызда, елімізде жемісті жұмыстар жасалып жатыр. Жасампаздықты жүректен қозғап жазғандарыңыз жөн ғой”, – деп қояды.
Жүрек шіркін “түм-түп, түм-түп, түм-түп” деп, Бұқтырмадан бетер бұлқынар. Шыңғыстайдың тастақтау, тарлау көшесінің бірімен жүріп өтіп, Оралханның қара-шаңырағына да жеттік. Аққайыңдар тебірене тербеледі. Қарағайлар қалқаяды. Шыршасы тұр шым-шым ойға түсіп. Қаламгер мүсіні қарауытыңқырап қапты. “Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты О.Бөкейдің мұражай үйі” деп жазыпты маңдайшаға. Алайда, атқарылар жұмыстар аз емес. Шешілмеген түйіндер жетерлік... Қимай-қимай қоштастық. Оралханның Шымкентте шаттанған шақтары, шын сүйінген сәттері, кейде кербұғыдай кекірейіп, еріндерін қайшылайтыны, Созақты апталап аралаған күндері көз алдымызға келеді.
Шыңғыстай ауылының ортасындағы, әйгілі Әбдікерім болыс салдырған мектептің орнын бір байқап өтпекке бардық. Қарақошқыл, қалқайған дарбазасынан басқа тамтық жоқ. Қаңтарбайұлы да осында оқыған екен. Іргетастардың қалдықтарына қарап, қараторы жүзі күреңітіп кетті. “Тоқсан жетінші жылы жаны ашымастар, қайырымсыздар қиратты ғой, әттең-ай, әттең!” – деп жанарына жас алды жүрегі нәзік журналисіңіз. Күңіреніп, күреңітетіндей-ақ. Тарихи мектепті сақтап қалуға әбден-ақ болатын екен. Мың жылға мойымас қызыл қарағайдан салынған екен. Талқандап, бұзудың өзі оңайға соқпаған. Бұл алтын ұяда алашыңыздың ардақты ақыны Сұлтанмахмұт сабақ берген. “Жұрт ұйқыда, мен ояу” деп жыр жазған. Бір ғасыр тұрған мектеп әлі талай ғасырға шыдар еді.
Өрел ауылынан Берел жақ бетке асарсыз. Бұқтырма арқылы. Аспалы ағаш көпірді, одан темір көліктердің селкілдей жүріп өткенін алғаш көріп, бастан өткермек те оңай емес. Жамбыл ауылының әкімі Бейімбет Балаев жымияр. “Қорықпаңыз, суға қарамаңыз”, – деп жұбатар.
Берел қорғаны, Берел обалары турасында көзіқарақты оқырман жан-жақты хабардар. 1998-1999 жылдары қазақ-француз экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізген. Оған Бельгия, Италия, Ресей, сынды елдердің ғалымдары мен мамандары қатысқан. Айтулы археологымыз Зейнолла Самашевті білесіздер. Сол қазбалар кезінде керемет жаңалық ашылған. Отыздан астам обаның қатарындағы он бірінші ғибадатхана-кесенеден осыдан екі мың бес жүз жыл бұрын жерленген сақ көсемінің және бір әйелдің денелері табылған. Он үш пырақ қоса көмілген екен. Мәңгілік тоң қабаты мұқият ескерілгендіктен, жылқылардың еті бұзылмай сақталған. Төрт пырақтың алтын қанаттары мен ай мүйіздері қолдан өрнектелген екен.
Бұрын бірер басылымнан байқасақ та, қазбаға қатысқан Дүйсен мырза өз аузымен айтқанда ше, мүлде басқаша естіліп, бөлекше әсерленеді екенсіз. Кенет осы жаққа аттанардағы Қазығұртыңыз, көгілдір сахнадағы Елтаңбаңыз, оның авторы Мәлібековтің мәліметтері, қос пырақтың алтын қанаттары мен ай мүйіздері елестеп өтті. Берел қорғаны түбінде тұрғанымызда. Мінекиіңіз, “Тоң басқан обалар кереметінің” орындары осында.
“Анау ағараң қағып, ақжонданып мұнартқан Шындығатай. Бергі баурайында Аршаты ауылы бар”, – деді Әлібек Қаңтарбайұлы күрсініп. Сол жақты сағынып тұрған секілді. Шындығатай жайында шабыттана жазатын Асқаров Әлібегіңіздің бір дүниесіндегі: “Кең-байтақ қазақ жеріне, қазақтың тәуелсіз еліне күн алдымен осы Шындығатай жақтан шығады”, – деген сөздері келді құлағымызға.
Берел қорғанынан сәл беріректе, Бұланты бұлағының бойына таман қорық-мұражай негізі қалана бастапты. Ағаштан сәндеп салынған үш үй бітіп қапты. “Берел мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы” деп аталар, ашық аспан астындағы ғажайыпқа айналар бұл кереметке Ерен Жұмағұловтайын ереніңіз жетекшілік етіп жүріпті. Ерен десе Ерен. Ұлттық паркті басқарған. Талай-талай туристерді Мұзтау жаққа бастап барған. Небір-небір ақиық ақын-жазушыларға жолбасшылық жасап, Алтайыңызды армансыз аралатқан. Қай қаламгерді атасаңыз-дағы, рахаттана күледі: “Ой, ол менің досым ғой”, – деп мақтанып қояды.
Бұланты бұлқан-талқан. Жағасына жақындауға жасқанасыз. “Бұлақ аталғанмен, қиқарлығы қиын, – дейді жергілікті Жамбыл мектебінің директоры Әлібек Аманов. Бұның бойында он көпір бар еді, төртеуін тасқын әкетті. Кемпіртауды кемерлейтін жол жабық. Шұбарағаш ауылына атпен ғана қатынаймыз”.
Кешке қарай Ерен Жұмағұловтың жұмысшыларымен қоштасып, жолға шыққанбыз. Бұқтырманың екпіні күшейе түскен. Аспалы ағаш көпірмен абайлап өтіп бара жатқанымызда, жағадағы ауылдың тоғай жағын су басқанын байқадық. Жігіттер жөңкіле ағып келген ағаштарды жағаға шығарып, көпірдің аузында кезекшілікті қырағы атқарып жүр.
Түн ортасына таянғанда Топқайыңға тиіп тұрған “Екі дос” демалыс орнына жеткенбіз. Әлі толық бітпеген бір үйінің тақта төсектеріне құлай-құлай кетістік. Ерте оянсақ, айнала-төңіректе тірлік қызып жөнелген. Бас-көз боп жүрген Күлшария Абдулова мен Бейсен Жолдин: “Маусымның ортасы ауа пайдалануға береміз, марал мүйізінің моншасы мен сорпасына түсуге келіңіздер”, – деп қояды. Қызықтырып. “Он бес күн ертерек шығыпсыз іссапарға. Марал мүйізінің қалай кесілетінін көрер едіңіз”, – дейді Қайырхан мырза.
Үлкеннарында қарбалас. Берел қорғанына байланысты үлкен жиын өтпекші. Бір аптадан кейін. Таяу күндері Астанадан он шақты адам жетпекші. Әрине, жай қыдырып келмес. Іргелі істерге іздер ашар, мәністі мәселелер шешер. Аудан әкімі күректей қолын ықыласпен ұсынып: “Тәңірсу жақты бір барлап, пысықтауға бара жатырмын. Аршатты айналып қайтармын. Бұқтырманың бас жағын барлап. Келіп тұрғайсыздар”, – деді. Әлібек Асқаровтың “Алтай. Алтын бесік, ата жұрт” атты керемет кітап-альбомын тарту етті. Таба алмай жүрген тәбәрік тектес туынды-тұғын. Қатты қуандық.
Бұқтырма теңізінен бері өтіп келеміз. Паром жиегінде төрт-бес нәуірзек торғай отыр. Көңілді. “Сүт-сүйт, сүт-сүйт, сүт-сүйт” деген нәзікеш үн-әуендері естіледі. Төбемізден топ-топ қарлығаштар ұшады. “Нәуірзек пен қарлығаш баршылық екен-ау, биыл Оңтүстікте онша көрінбеп еді”, деп ойладық.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев уәдесінде тұрды. Бесінші күні, қайтар сәтімізде асықпай қабылдады. Бекең сонда бүй деді: “Тасқынға тосқынды айтасыз ба? Ол – Елбасымыздың, елдігіміздің, бірлігіміздің нәтижесі. Он тоғызыншы наурыз күні шұғыл түрде қаржы бөлінді. Ақша бөлу машақаты белгілі ғой. Үкімет мүшелері, министрлер келді. Төтенше жағдай министрлігінің мың жарым маманы күні-түні тыным таппады. Қаншама қыруар техника жұмылдырылды. Бүкіл ел көмектесті. Тілек қосты. Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, тағы басқа да облыстар. Астана, Алматы қалалары. Бәрі-бәрі. Әскерилердің жәрдемі, тікұшақтар... Тарбағатай тауының ішінде алты жүзге жуық қыстау бар. Екі ай бойы қар құрсауында қалды. Босанатын әйелдерді тікұшақтар тасыды. Үржарда да, Күршімде де, Зайсанда да. Ең қиыны – жолдардың жабылып қалуы. Алпыс жеті күн бойы боран соғып тұрды. Облыс аумағында 11,5 мың шақырым жол бар. Төрт ай бойы температура қырық градустан төмен түспеді. Қардың қалыңдығы 5-7 есе артық болды. Апта сайын бүкіл облысты тікұшақпен түгел барлап шығатынбыз. Шығыс Қазақстан бойынша 143 гидротехникалық құрылыс салынған. Тоғандар, тоспалар, бөгеттер, бөгендер, тағысын-тағылар. Мал шығыны Абай, Абыралы, Тарбағатай, Зайсанда көбірек болды. Бес жылға жеңілдікпен несие беріліп жатыр. Екі пайызын алушы өтейді. Бес пайызын әкімдік төлейді. Несиені ақшамен емес, малмен береміз. Ақшалай алған қазақ дүрілдете той жасап жіберіп, малсыз қалуы мүмкін. “Парыз” қорын құрдық. Төрт жүз миллион теңгедей қаржы түсті. Түркістанда да сөйтіп ек қой, есіңізде ме? Оңтүстіктегідей “Туған жерге тағзым” акциясын жалғастырдық. Елді көркейтуге септеседі. Ал “Туған жер – алтын бесігім” акциясы бойынша жүйелі түрде ақын-жазушыларды, өзге де өнер қайраткерлерін, дарынды жастарды шақырып тұрамыз. Халықтың мәдени-рухани деңгейін биіктетуге, ұлттық рухты оятуға өзгеше әсер етеді...”
Облыс басшысы ойланып қалды. Әкімдік ғимаратының алдындағы Абайдың алып тұлғасына көз тастады. Сонсоң Шығыс өңірінің келешегі жайында әсерлене әңгімеледі.
“...Мен Сапарбаев туралы жақсы әңгіме естимін. Облыс басшылығы елдің жағдайын жақсы түсініп отыр, қолға алынған шаруалар жалғасын табады деп сеніммен айта аламын”, – деген еді Президентіміз осы өңірді аралағанда.
Қай ауданға, қандай ауылға барсаңыз-дағы, кіммен сөйлессеңіз-дағы, облыс әкімі хақында тек жақсы әңгіме естисіз. Алаш ардақтылары айтқандай ғой. Қазақ үшін ұлтқа жаны ашитын қайраткерлер керек. Қашанда да. Қай кезде де. Қай өңірде де. Облыстық “Дидар” газеті жазғандай, “Авгийдің атқорасын” тазалау Бекеңнің маңдайына жазылыпты. Шығысқа жаңа леп әкелу үшін он есе артық жұмыс істеу керек болды.
Сапарбаев ел сенімінің, Елбасы сенімінің үдесінен шығып жүр.
* * *
Ұшақтан талай-талай таулар көрінеді. Деп-демде ақ бұлттардың арғы жағында қалған Алтай жақты аңсап, сағынып үлгергендейміз.
Қазығұрттан қарадым. Алтайымнан айналдым. Дедік.
Мархабат БАЙҒҰТ, Суреттерді түсірген Оңдасын Елубай.