• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қазан, 2024

Қызылжардың ажары

115 рет
көрсетілді

«Ауылдың көркі азаматынан» дейтін сөздің жаттанды болса да жаны бар. Қызылжар ауылының дамуына 2,6 млрд теңге қаражат бағытталып, көп-көрім көркейіп қалды.

Қарқынды дамып, көркі келісе бастаған ауылдың салтанатты реңі көз қызықтырарлық. Мол қаражаттың есебінен ме­дициналық орталық, тігін цехы, көпбейінді кешен салынып, ауыл тұрғындарына қалт­қысыз қызмет етіп тұр. Басы ауырып, балтыры сыз­да­ған­дарға қызмет ететін заманауи медициналық орталықта қажетті құрал-жабдықтармен қам­тамасыз етілген емдеу, рентген каби­неттері және күндізгі стационар бар. Адамдар енді сабылып алысқа бармай-ақ, осы жердің өзінде сапалы ем қабылдай алады.

Ал медициналық киім тігетін цехтың ашылуы ондаған жұмыс орнын құрып, адамдардың тұрақты жұмыспен қамтылуына тәп-тәуір септігін тигізіп отыр. Бір ауысымда 500 киімге дейін тіге алады.

Туған ауылының түтінін түзу ұшыруға бел буа кірісіп, бір­талай іргелі іс атқарып тас­таған кәсіпкер заманауи супер­маркет, білім және шығармашылық орталық орналасқан кешен салды. Қа­зір орталыққа 200-ге жуық бала барады. Ел ертеңі сана­тын­дағы жасөспірімдер рухани қазынаның орталығына айналған кешендегі би, спорт, көркемөнерпаздар үйірмелеріне қатысып, шахмат, дойбы ойнайды. Осы арада дәл осындай қамқорлық бар жердегі ауыл балаларының қала бала­ларынан сынық сүйем кем қал­май, дамып, жан-жақты өсуіне мол мүмкіндік туындап отырғандығын екпін түсіріп айта кетсек, артық болмас. Осын­дай жағдайға жету кәсіпкер қам­қорлығының ар­қасында мүмкін болып отыр.

Алдағы уақытта да көркі келіскен Қызылжар ауылы жан-жақты дамып, кемелдене түс­пек. Елді мекенде фитнес орталығы, монша, сауықтыру кешені, дәмхана, наубайхана, медицина қызметкерлеріне арналған көппәтерлі тұрғын үй кешені салынып жатыр. Осының барлығы толық жүзеге асқан кезде ауыл жер бетіндегі жұмақ іспетті ыстық ұяға айналмақ. Бұл істің тәрбиелік те мәні бар. Ауылға жаны ашитын азаматтың қаншалықты еңбегін сіңіріп жатқанын көзімен көрген жас толқын да ертең алдыңғы буын ағалардың ізімен жүріп, дарқан дала төсінде өздерінің өнегелі ізін салары сөзсіз.

«Мельс» серіктестігінің бас директоры Ерлан Сүлей­менов алдағы уақытта кәсіби тех­ни­калық колледж, 150 орын­дық балабақша, жұмыс­шыларға арналған жатақхана, кинотеатры бар мәдениет үйі, ұлттық на­қыштағы қонақүй кешенін сал­мақ. Осындай сәулетті ғи­ма­раттар архитектуралық үй­­лесіммен бой көтерген кезде Қызылжар аспанындағы жұлдыздар да ынтымағы жарас­қан іргелі елдің үстіне сүйіс­пеншілік сәулесін құйып тұрары даусыз.

Кәсіпкер дәрілік препараттарды қайта өңдейтін фабрика құрылысын бастауды да жоспарлап қойған. Ойға алған шаруасы оңынан оңғарылса, ауылда қаншама жұмыс орны ашылып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай оңала түспек. Ауыл инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында бес сатылы тазартумен кәріз-тазарту құрылыстары да қолға алынбақ. Осылайша, тірек ауылдардың біріне ай­налған Қызылжар болашақ кеңіс­тігіне еркін енетін еңселі елдің қатарына кіреді. Осының барлығы ел игілігіне айналып жатқан инвестицияның сыбағасы.

 

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы