Өңір диқандары 6 млн тоннадан аса астық жинады. Тәуелсіздік жылдары мұндай мол астық тек 2011 жылы ғана шыққан еді.
Жаз жауынды болды. Мол ылғал, жоғары агротехникалық шаралар алқаптардағы ақық дәннің бітік шығуына әсерін тигізді. Уақытпен санаспай қажырлы еңбек еткен диқандар көктен иіп, жерден берген игіліктің бір дәнін шашау шығармай, құт қамбасына құйып алып жатыр. 4,5 млн гектар дәнді және бұршақ дақылдары жиналды. Гектар берекесі орташа есеппен 14 центнерден айналды. Кейбір озат шаруашылықтар бар жұмысын оңтайлы атқарып, егістік мәдениетін жетілдірудің нәтижесінде 60 гектардан өнім жинап жатыр.
Өңірдегі көшбасшылар қатарынан Сандықтау ауданындағы «Максимовское», Зеренді ауданындағы «Диқан плюс», Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» серіктестіктері жетіп отыр. Тағы бір айта кетерлігі, өңірдегі бірқатар ірі ауыл шаруашылығы құрылымы егін жинау науқанын толық аяқтады.
Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжановтың айтуына қарағанда, жоғары нәтижеге ауыл шаруашылығы құрылымдарының, майталман механизаторлардың, алдынан жұмыс үркіп отыратын озат комбайнерлердің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған еңселі еңбектері арқылы қол жеткізіліп отыр. Бұл арада диқандарды қолдаған мемлекеттік көмектің мол болғанын және ол дер кезінде көрсетілгенін айта кету – парыз.
– Ақмолалық диқандар толымды табысқа қол жеткізе отырып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, заманауи агротехнологиялардың мейлінше тиімді екенін көрсете білді. Облыс еліміздің экономикасы мен ауыл шаруашылығы саласында маңызды рөл атқара отырып, ақық дән аялаған, берекенің бастауында тұрған негізгі өңірдің сапынан табыла береді, – дейді басқарма басшысы.
Сөз соңында күзгі дала жұмыстарына 8,9 мың астық жинау техникасы қатысқанын айта кетейік. Бір жақсысы, оның 4,8 мыңы – өнімді жұмыс істейтін заманауи комбайндар.
Күн оң қабақ танытса, енді бірер тәулікте берекелі алқаптардағы жауапты науқан біржола аяқталмақ.
Ақмола облысы