• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 14 Қазан, 2024

Орал тұрғыны анасы көз жұмған ауруханадан 2 млн теңге өндіріп алған

226 рет
көрсетілді

2019 жылы жедел жәрдем бригадасы дене қызуы көтеріліп, өзін жайсыз сезінген 76 жастағы зейнеткерді Орал қалалық ауруханасына жеткізген, деп хабарлайды Egemen.kz Жоғарғы Соттың мәліметіне сілтеме жасап.

Дәрігерлер науқасқа «созылмалы бронхит пен пневмония» диагнозын қойып, терапия бөліміне жатқызған. Ем нәтиже бермей, науқастың жағдайы нашарлаған. Компьютерлік томография зейнеткерде «плеврит» болуы мүмкін екенін көрсеткен. 4 аптадан кейін науқастың жағдайы одан сайын нашарлап, облыстық ауруханаға жеткізілген. 76 жастағы әйел адам сол жерде жан тапсырған.           

Қайтыс болған әйелдің ұлы Денсаулық сақтау басқармасына шағымданып, дәрігерлер салғырттық танытып, тиісті емдеу шараларын жүргізбегенін жеткізген. Тексеру барысында аурухана тарапынан заң бұзушылықтар анықталған.                        

Тексеру материалдары Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментіне жолданып, қылмыстық іс қозғалды, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс бірнеше рет тоқтатылып, прокуратура күшін жойған.   

Денсаулық сақтау басқармасы қалалық аурухананың қарсылығын қабылдамағандықтан, марқұмның ұлы ауруханадан моральдық шығынды өтеу туралы Орал қаласының №2 сотына шағым түсірген.        

Ол анасының өліміне сапасыз медициналық көмек пен қалалық аурухана дәрігерлерінің әрекетсіздігі себеп болғанын атап өткен. Сондай-ақ талап қоюшының анасы емделіп жатқан аурухананың терапия бөлімінде жалпы практикалық дәрігердің куәлігі бар маман жұмыс істегені, оған құқығы жоқ екені анықталды.        

Сарапшы науқасқа оның жасы мен онда бар созылмалы аурулары, соның ішінде, бүйректің жедел зақымдануын тудырған антибиотиктер ескерілмей, дәрі-дәрмек тағайындалғанын анықтады. Тиісті бактерияға қарсы препараттар мен гемодиализді енгізу науқастың өмірін ұзартуы мүмкін еді.      

Сот медициналық құжаттарды, сарапшылық қорытындыларды және тексеру актісін ескере отырып, дер кезінде қайталама сынақтар өткізбеу, науқастың жағдайын дұрыс бағаламау, емдеуді кеш түзету, нефролог кеңесінің уақытында болмауы мен консилиумның кеш жүргізілуі аурудың нәтижесіне әсер еткенін және өлімге әкеліп соққанын анықтады.                                                                                 

Жоғарыда айтылғандардың негізінде талап қою ішінара қанағаттандырылды, талап қоюшының пайдасына ауруханадан 2 млн теңге моральдық шығын өндірілді.                                                      

Шешім заңды күшіне енген жоқ.