Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері VII халықаралық «Каспий ойындары» универсиадасында командалық есепте бірінші орын алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ресей Федерациясының Астрахан облысында командалар – жеңіл атлетика, фиджитал-футбол, самбо, жүзу, волейбол, футбол, шахмат, дойбы сынды спорт түрлерінен сайысты. Биылғы универсиадаға Каспий маңы мемлекеттерінің 14 жоғары оқу орындарынан 700-ден астам студент қатысты. Жарыс 5 күнге созылды.
Атырау университетінің 1 курс студенті Гүлхан Шыңғысхан жеңіл атлетикадан 1500 бен 3000 метрге жүгіруден күміс, 800 метрге жүгіруден алтын медаль иеленді. Ал 3 курс студенті Әлфия Мұхиденова 3 мың метрге жүгіруден қола медаль иеленді.
Тартысты додада аталған университеттің намысын қорғаған 5 балуан жеңімпаз атанды. Самбошылар Нариман Мұхан (58 кг), Қазбек Аңсаған (64 кг) Бекбол Мұқашев (88 кг) 1 орын иеленіп, алтын медаль алса, Дінмұхаммед Қилымов (71 кг) күміс, Дінмұханбет Шаменов (71 кг) қола медаль алды.
Университет студенттері командалық есепте шахмат және дойбы ойындарында да үздік нәтижеге қол жеткізді. Көптілді білім беру факультетінің 1 курс студенті Жанель Әдиет пен иновациялық білім беру факульетінің 1 курс студенті Бекарыс Жұмалиев дойбыдан 1-орын иеленсе, аударма ісі мамандығының 1 курс студенті Нұрбек Хайрошев шахматтан чемпион атанды.
Каспий ойындарында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің командасы ерлер арасындағы баскетболдан 1-орын, фиджитал баскетболдан 1-орын, футбол 8х8 ойынынан 1-орын алды. Сайысқа қатысқан университеттер арасында атыраулық студенттер самбо, шахмат, дойбыдан командық есепте де бірінші орын, ал фиджитал-футбол мен волейболдан ерлер командасы екінші орынды еншіледі.
VII халықаралық «Каспий ойындары» универсиадасының қорытындысы бойынша Х.Досмұхамедов университеті жалпы командалық есепте бірінші орыннан көрінді.